Бейбіт күндегі «АЛЖИР»
Елбасының жарлығымен 1997 жылдан бері 31 мамыр– Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып келсе, биыл бірінші рет саяси қуғын-сүргін және ашаршылық күні болып аталып өтіледі.
2007 жылдың 31 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен Астана қаласының іргесіндегі Ақмола ауылынан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешені ашылды. Бұл жерден ашылу себебі, 1937 жылы НКВД-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері «АЛЖИР» аталып кеткен азап орталығы орналасқан еді. Мұражай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің 10 жылдығына, жаппай қуғын-сүргіннің 70 жыл толуына, «Алаш Орда» үкіметінің 90 жылдығына орай ашылды. Содан бері мұражай ауыр да азапты жылдар тарихын болашақ ұрпақ есінде қалдыру үшін нәтижелі істер атқарып келеді. «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің мақсаты мен міндеті –сталиндік қуғын-сүргін тарихының басты кезеңдерін көрсете отырып, өткен дәуір рухын жаңғырту арқылы сол тарих жайлы ақпаратты дамыту және қалың жұртшылыққа тарату болып табылады.
Дерек
Өткен жылдың есебі бойынша «АЛЖИР» мұражайының қоры қосымша 1520 жәдігермен толықты. Оның 95-і бюджет есебінен сатып алынды. Қазір мұражай қорында 9635 жәдігер сақталып отыр. Бұл сөз жоқ, мұражайдың ғылыми қызметіне оң ықпалын тигізеді. Өткен бес жылда мұражай жәдігерлерімен 80 мыңнан астам адам танысты. Олардың ішінде шетелдік азаматтар көптеп саналады.
Мұражай өзінің құрылғаннан бергі уақытта елімізге ғана емес, ТМД елдері мен шетелдерге де танылып үлгерді. Мұражай жұмысы Астана қаласы әкімдігінің үнемі назарында. Бес жыл ішінде негізгі және ғылыми қосымша қорлар толықты. Бес жылда мұражай үлкен асулардан, жемісті белестерден өтті. Ел танитын, жұртшылық қызыға келетін мәдени ордаға айналды. «АЛЖИР»-дің ғылыми-зерттеу жұмысы, қордың ғылыми негізделген және жоспарлы түрдегі жинақталуына, оған сипаттама жасауға негіз болатын жәдігерлер мен коллекцияларды зерттеуге, мәдени жұмыстар бойынша әдістемелік бағдарламалар жасауға, кітаптар сериясын шығаруға мұражай тақырыбындағы фильмдер жасауға бағытталған. Бұл мұражайдың үздіксіз дамуында маңызды рөл атқарады. Мұражай ұжымының жоспарлы жүргізіп келе жатқан ғылыми-зерттеу бағыттарының бірі – ғылыми іздестіру мен экспедициялық жұмыстар. Бес жыл ішінде мұражай қызметкерлері еліміздің көптеген қалаларында, бұрынғы Кеңестер Одағының елдерінде, Қытай Халық Республикасында экспедициялық сапарда болды. Соның нәтижесінде аса маңызды мыңдаған жәдігер жиналды.
Былтырғы жылы аталған мұражай басшылығының ұсынысы бойынша Қазақстан халықтарының жер аударылуы мен саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайларының қауымдастығы құрылып, жұмыс істей бастады. Саяси қуғын-сүргін тарихына байланысты және ол бойынша жұмыстарды насихаттау мақсатында тақырыптық және жеке көрмелер тұрақты өткізіліп келеді. Тек өткен жылы ғана осындай 36 көрме өткізілді. Мұражай директоры Болат Жүнісбековтің басшылығымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде екі томдық «АЛАШ-АЛЖИР» атты зерде кітабы шықты. Бұл кітап еліміздің 20 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Кітапта диктатура аяусыз жазалаған, атып, дарға асып, абақтыға жапқан Алаштың қайраткер азаматтарының құдай қосқан қосақтарының бастарынан кешкен аса ауыр жағдайлары айтылады.
Дерек
«АЛЖИР»-де 1938-53 жылдары 62 ұлт өкілдерінен тұратын белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің 20 мыңнан астам әйелдері, аналары, әпке-қарындастары қамақта ұсталып, 5-10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған.
Кейінгі кезде бізде өз ұлттарының және барлық тұтқындардың рухтарына арнап, шетел елшіліктері мұражай алдына ескерткіш белгі тастар қоюды дәстүрге айналдырды. Польша, Украина, Әзірбайжан, Грузия, Латвия елшіліктері қойған белгі тастардың ашылуы салтанатта жағдайда өтті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. «АЛЖИР» құрбандарына арнап, Астана және Алматы қалаларынан мемориалды тақталар орнату, мұражайдың іргесіндегі ескі алма бағының орнына «Алаш бағы» гүлзарын ашу жоспарда бар. Бұл үшін қала әкімдігі 2 гектар жер бөлді. Сондай-ақ қуғын-сүргін тақырыптарына арналған әуесқой түсірушілердің бейнематериалдарының республикалық байқауын ұйымдастырып, деректі фильм түсіру шарасын да белгілеп отырмыз.
Жалпы мұражайда сақталған жәдігерлердің барлығы да тарихтан сыр шертеді. Ал тарихтың келер ұрпақ үшін берер тағылымы мол болса, «АЛЖИР»-дің атқарып отырған маңызды шараларының барлығы соған негізделген.
Бейбітбек Әбдікәрімов, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінің ғылыми қызметкері