Базарбаевтардың базарлығы жарады...
Бүгінгі сұры қашқан сұрқай тіршіліктен қажып шаршаған, онсыз да еңсені басып ертеңгі күні не істеймін деп басы қатқан жұрт бір сәт болса да серпілейін деп көк жәшікке үңілетіні бар. Өкінішке орай көбіне оның өнімі де көңілді қабаржытатыны рас. Жылаңқы әндер, шуға айналған шоу бағдарламалар, бітіп болмайтын алдауға, арбауға толы сабын сериалдар. Кешкісін бір сәт те болса көңіл көтерерлік күй іздейді көрермен. Бірақ оның орнын толтырарлық тұщымдысы жоқ. Рас, бізде комедиялық кинолардың асығы бүк түсіп жатқаны анық. Сол сеңнің тоңын жібітуге «31» арналықтар сәл де болса үлес қосып жатыр. Олай деуімізге себеп... Кешкісін жұрттың бәрі жұмыстан қайтып, арқа басты кеңге салып, үстел басына жиналып, тамақты енді ауызға ала бергенде «Базарбаевтар» басталады. Базарбаевтардың базарлығы туралы «Алаш айнасы» өз ойын ортаға салады.
Мұнда езуге күлкі үйірерлік астарлы әзілдері баршылық. Өмірдің өзі юмордан тұратынын дәлелдегендей. Бәрінен де ұнағаны қазақы табиғат бар мұнда. Кезінде «Ұят болмасындағы» Ақылбай ақсақалдың ақылды келінінен кейін қазақтың нағыз келінінің образы экраннан жоғалып кетіп еді. Соны енді тапқандай. Базарбаевтардың келіні нағыз супер-келін деуге тұрарлық. Басында орамалы, сәлемі салулы. «Паһ, шіркін...» деп тамсанасың. Ең бастысы қайнысының атын атамай «Ерке бала» деп еркелететінін айтсаңызшы. Салт-дәстүр тұнып тұр. Сонысымен тартады. Нағыз қазақ екендігіңді сезіндіреді. Қазақ киносының ең осал тұсы жасандылықтан ада. Актерлардың ойыны шынайы. Сенесің. Сендіреді. Кәсіби әртіс болмаса да үйдің еркесі кішкене баланың еркін ойнауы сүйсіндіреді. Киноның ең ұтқан жері ұтымды әзілі дер едік. Бүгінгі күнгі ең осал тұсымызды күлдіре отырып ойландырады. Ене мен келін, қайны мен жеңге арасындағы жарасымдылықты жарнамалаулары ұнайды бәрінен бұрын. Ауылдағы жұмыссыздық, баспана мәселесі, қазақ футболының бүгінгі жәйі, жастардың тым «агентшіл» екендігі бәрі-бәрі қамтылған. Соның бәрін орайын келтіріп қазақтың өз қотырын өзі де қаси алатынын қамшылай, шымшылай жеткізеді. Үйлерінің қазақы нақышта безендірілуі де көз сүйсінтеді. Үлкенді сыйлау, кішіге ізетпен қарау дегендей қасиеттерін шым-шымдап бойға сіңіруге үлес қосары анық.
Қазекемнің тым тойшыл, мақтампаз, ата-бабасының батыр болғанын айтып көпіру сияқты тым артық мінездерін де сипай қамшылап көрсетіп кетеді. Көруге тұрарлық-ақ. Комедиялық кино түсіруден алдына жан салмайтын өзекемдердің «Супер-келінін» көріп, шұбырған сілекейімізді жинай алмай жүргенімізде Базарбаевтардың мына базарлығы расында тамаша болды. Қазақ киносындағы бүкіл олқылықтың орнын толтырып, жыртығын жамап тастамас, дегенмен де тамшыдай болса да көш-керуеннің алға жылжығанына көрермен қуанулы. Ауылдағы аңқылдақ ағасы қаладан келген қарындасының маңынан үйіріліп шықпайтын жігіттерді атпен қуалап қуып жіберуі де қызық. «Неге қуасыз?» деген қарындасына «Оларды қуу менің міндетім» дейді үлкен іс бітіргендей. Қызды қырық үйден тиып ұстайтын ауыл қазағының шынайы мінезін осылай көрсетеді. Қаладағы қуықтай пәтерлерінен қонақ үзілмей жатса да қабақ шытпай шығарып салатын қонақжайлылықтары тағы бар. Ауладағы әрбір кіріп шыққан қонақты санап отыратын орыс апай да, әр әңгімені қалт жібермейтін дүкенші де сәтті табылған образдар. Көрерменді жарты сағат бойы теледидар алдында жіпсіз байлайтын «Базарбаевтар» сериалы бітпесе екен деп тілейтін болды жұрт. Бұл да болса қазақ комедиясының жаңа бір тынысы ашылып келе жатқанын байқатса керек. Алдағы уақытта көңіл көтерерліктей осындай киноларымыз көп болғай...