Батыс Еуропа көрмесінің есігі айқара ашық
Бүгінде Алматыда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласының әкімшілігі және Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ХІХ-ХХ ғасырлардағы Батыс Еуропаның атақты суретшілерінің көркемсурет көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрменің бұған дейін елімізде өтіп жатқан көрмелерден жөні бөлек. Себебі бұған дейін біздің елімізге француз бен бельгиялықтардың атақты картиналары әкелінген емес. Эксклюзивті көрмені ұйымдастыруға Еуропаның BOON Gаllery деп аталатын алдыңғы қатарлы өнер орталығы мен Қазақстанның KOVANUR арт-қоры мұрындық болған.
Еліміздегі Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында өткен көрменің салтанатты ашылуына BOON Gаllery өнер орталығының негізін қалаушы әрі президенті Кристофер Бун мырза келді. Ал бұл шараның тағы бір елді елең еткізген тұсы – оған басты қонақ ретінде Ресейді 300 жыл билеген әйгілі Романовтар тұқымынан тараған князь Ростислав Романовтың келуі. Князь мұнда патша тұқымының өкілі ретінде емес, бейнелеу өнерінің белді өкілі ретінде келіп отыр. Себебі оның өзі де қылқалам шебері.
Ростислав Романов, князь, әйгілі Романовтар әулетінің ұрпағы:
– Мен, жалпы, өз басым өнер тарихына, түрлі елдердің өнеріне қатты қызығатын жанмын. Сондай бір құштарлық бүгін, міне, Қазақстанға да алып келді. Қазақтардың өмір салты, арғы-бергі тарихын осы бейнелеу өнеріне қарап та білуге болады. Сондай-ақ біздің алып келген туындыларымыз да көрмені тамашалаушыларға ұнайды деген сенімдемін.
Кристофер Бун, BOON Gаllery өнер орталығының президенті:
– Бұл – біздің Қазақстанға тұңғыш келуіміз. Сондықтан бұл сапардың біз үшін маңызы өте зор. Жалпы, қазақ бейнелеу өнері мен Еуропа, оның ішінде Бельгия бейнелеу өнерінің айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен ол біздің бір-бірімізді танып-білуімізге еш кедергісін келтірмейтіні сөзсіз, қайта бір-бірімізден үйренеріміз, аларымыз мол болады деп ойлаймын. Осы сапарымның барысында мені ең бір қуантатыны – осындағы Өнер академиясының болашақ суретші болам деген студенттеріне, жалпы, бейнелеу өнеріне қызығушыларына арнап менің дәріс өткізуіме мүмкіндік беріліп отыр.
Атап өту керек, бізге сонау Бельгиядан жеткен туындылардың барлығы еш күмәнсіз, тұпнұсқа. Өнер мұражайындағы көрменің бір залын тұтас алған туындыларды көрген жұрт ХІХ ғасырға еніп кеткендей күй кешеді. Сол кездегі қарапайым Еуропа жұртының күнделікті өмірінің кейбір сәттерінен бастап, үйлену тойы, ақсүйектер отырысы сынды оқиғаларын суретші сол қалпында көшіріп ала қойғандай... Бейнелеу өнерінің құдіреті де сонда шығар. Көрмеге ХІХ-ХХ ғасырлардағы Бельгия картиналары қойылса, Кристофер Бун мырзаның айтуынша, бүгінгі, яғни заманауи Бельгия бейнелеу өнерінің арасында соншалық алшақтық жоққа ұқсайды. Демек, бұған қарап аталмыш ел өз қылқалам мектебін сақтап, осы күнге жеткізе білген деуге болады. Сөз арасында сондай-ақ Бельгияның көптеген картиналары Санкт-Петербургтегі Эрмитажда тұрғандығы айтылды.
Керек дерек
BOON галереясы Бельгия Корольдігіне қарасты өнер мен антиквар палатасының ежелгі мүшесі әрі француз ұлттық арт-дилерлер құрамының бір бөлігі болып табылады. Сондықтан да ол Батыс Еуропа өнерінің жетекші өнер орталығы ретінде халықаралық беделге ие. Осыған дейін галерея Амстердам, Брюссель, Лондон, Монако, Мәскеу және Парижде әр жылдарда өткен биік деңгейлі көрмелерге қатысқан.
Түйін
Жалпы, аталған көрмені өткізудегі мақсат Еуропа мен Азия арасындағы шығармашылық ресурстар арқылы біртұтас мәдени кеңістік орнатуға үлес қосу болып табылады. Сондай-ақ қалың бұқараның, әсіресе жас ұрпақтың классикалық бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Көрем деушілер болса, желтоқсанның 15-іне дейін Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына баруына болады. Сондай-ақ осы айдың 13-інен бастап сағат 15:00-де мұражайда Кристофер Бун мырзаның мастер-класына қатысу мүмкіндігі мол.