Батыр да анадан туады
Әлия–Мәншүк есімдерін қатар ұстап, ерлікті дәріптеумен келе жатқан ақтөбелік шырақшы Ғалымжан Байдербестің іздеу жұмыстарын жүргізіп, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың анасының жерленген жерін тапқаны жайлы бұдан бұрын да жазғанбыз. Көз көргендер мен батыр қыздың туыстарының айтуымен Маржанның жатқан жері Қобда өзені бойындағы Көкмешіт екені анықталып, балбал тастан белгі қойылды. Қарттар күніне орай Қобда өңірінде Әлия Молдағұлованың анасы Маржанның рухына үлкен ас берілді. Басы қарайтылып, ескерткіш тас орнатылды. 79 жылдан бері ескерусіз қалып келген батыр қыздың анасына осылай тағзым жасалды.
Киелі Қобда жерінде Абат-Байтақ, Қобыланды, Исатай, Әлия батырлармен қатар, Әлияның анасы Маржанға да балбал тастан белгі қойылды. Ерлікке тағзым етер тағы бір орын пайда болды деп қобдалықтар ақсарбас атады. Үлкен ас беріп, ананың рухына құран бағыштады. Маржанның сол бір ашаршылық жылдары балаларына тамақ тауып беремін деп, картоптың қалдығын теруге барып, қапияда бақша күзетшісінің оғына ұшқаны жайлы бұған дейін көп айтылмай келді. Жатқан жері де белгісіз болды. Әлия есімін ту қылып ұстап, үнемі жастарға насихаттаудан шаршамайтын «Әлия-Мәншүк» қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес өзі бас болып, Маржанның жерленген жерін анықтауды өткен жылы өзі қолға алған болатын. Іздестіру барысында оған Әлияның туысы Әбдіраман Рабаев өзіне о дүниелік болып кеткен ағасы Бақдәулеттің Көкмешіттегі бейіттің орнын көрсетіп кеткенін айтады. Мұны оның көптеген ауылдасы растайды. Сөйтіп, Әлияның туған жері Бұлақтан 4-5 шақырымдай, күнбатыс бетінде Көкмешіттегі бейіттің орнына Қобда ауданы әкімшілігі, Бұлақ селолық округі азаматтарының күшімен ескерткіш орнатылды. Салтанатты рәсімде сөз алған Әлияның ауылдастары, туыстары ризашылықтан көздеріне жас алып, алғысын жаудырып жатты. Әсіресе Әлияның сіңлісі Әліп Сарқұлова «апам тіріліп келгендей сезімде тұрмын» деді. Осы игі істің мұрындығы болған Ғалымжан Байдербеске шапан жауып, сый-құрметтерін көрсетті.
– Біздің мақтанышымыз Әлияны өмірге әкелген анасы Маржанды еске алып, ардақтау біздің адамгершілік міндетіміз болатын. Өз перзентінің қызығын көре алмай кеткен анаға ескерткіш қойып, ана рухы мен батыр қыздың рухы алдындағы осы үлкен міндеттен құтылғандай болдық. Ана алдындағы борышымызды өтедік деп сезініп тұрмыз. Бұл Қобда ауданындағы ерлікке тағзым ететін, Отан-ананы сүюге, азаматтыққа тәрбиелейтін тағы бір орын болады деп сенемін, – дейді Ғалымжан Байдербес.