БАТА
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Анаға бата
Құтты болсын Анашым мерекеңіз,
Арта берсін бақ қонып берекеңіз.
Үмітінді ақтасын балаларың,
Шалқып тұрсын шырқатып салар әнің.
Шат күндерің ешқашан таусылмасын,
Сәбилерің еміреніп мауқын бассын.
Мейірімің аямас баласына,
Ұзақ ғұмыр бере гөр Анашыма!
Әумин.
***
Перзентке жұмсаған бұла күшін,
Ана – ырыс, бақ – дәулет, жұбанышың.
Көкбөрінің тегінен тарағандар,
Құтты болсын бүгінгі қуанышың!
Тал бесікке тірлікті ілмектеген,
Мадақтауға Ананы тіл жетпеген.
Алатаудың шыңына ту тігеді,
Анасына той жасап, құрметтеген.
Қыз балаға бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыл ой берсін,
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин.
***
Ерке қызым алтыным –
Көркі қазақ халқының!
Сен туғанда - қуанып,
Сен жүргенде балқыдым!
Білім болды қанатың,
Өсті ойың-санатың,
Құтты болсын жеңісің,
Жалындай бол жанатын.
Күн нұрындай жарық бол,
Бабалардай алып бол!
Ақ бұлақтай мөлдіре,
Жаңалыққа салып жол!
Әумин.
***
Күнім, гүлім, айымсың,
Көктемдегі қайыңсың.
Тәй-тәй басып үлгермей,
Папа деуге дайынсың.
Алтын қызым – батырым,
Биік болсын шатырың.
Асыл қызым – салмақтым,
Бақытты бол ардақтым!
Әумин.
Ұзатқан қызға бата
Балапаным, құлыным,
Барған жерің бағынды ашсын,
Көзі өтпесін жау мен қастың.
Шаңырағың биік болсын,
Бақыт құсы сүйіп қонсын!
Жарына сенімді бол,
Әрдайым көңілді бол.
Ата-анаңа мейірілі бол,
Ағайынға пейілді бол.
Алдыңан ай тусын.
Артыңнан күн тусын!
Үлкендердің алдынан
Кесе-көлденең өтпе.
Тамырынды тереңге тартып,
Бәйтеректей көкте.
Бақытты бол қалқам,
Арманына жетте!
Әумин.
***
Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол,
Таудай талаппен.
Бармақтай бақ берсін.
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынаға, қайыныңа қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.
Әумин.