Таныс та, бейтаныс есім. Шырын Мырзагелдіқызы Бұхарбаеваның есімі көпшілік қауымға мәлім де беймәлім... Бұлай дейтініміз – өз ортасында оны танымайтын, білмейтіндер кемде-кем. Ал қайсыбірімізге беймәлім есімнің өзіндік тақырыпқа арқау етер жүгі де бар. Еткен еңбегін, жеткен жетістігін жарнамалауды қажет етпейтін осы бір ұстаз шәкірттерін «барым да нарым»дейді. Әрбір шәкіртінің бойынан шынайылық іздейтін бұл жан қазірде жетістіктерге қол жеткізіп те үлгерді. Қазақтың 9-10 жастағы балаларына Еуропа елдерінің сахнасын көрсетіп, жатжұртта еліміздің мәртебесін өсіріп жүрген Шырын Бұхарбаевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Шырын Мырзагелдіқызы, естуімізше, таяуда VI Халықаралық «Ақ көгершін» байқауында шәкірттеріңіз бірінен-бірі үздік шығып, Прага қаласына жолдама алып келіпті. Сол жөнінде айта отырсаңыз.
– Аталмыш байқауға қатыспас бұрын біз арнайы байқаудың шарттарымен таныстық. Содан балалардың сахналық киімдерін даярлаудан бастап байқау қажеттілік ететін шарттардың барлығын ата-аналармен ақылдаса отырып, байқау додасына шәкірттерімді қосып көруді жөн көрдім. Шәкірттерім ұятқа қалдырмады. Бірінен-бірі жүйрік шығып, алдағы жазда тамыз айында Прага қаласына аттанбақпыз...
– Сіздің шәкірттеріңіз бұған дейін де шетелдік сахнаны бағындырып келіпті...
– Жалпы, «Ақ көгершін» байқауы талай шәкірттерімнің жолын ашып, өзіндік бет-бедерін қалыптастыруға мұрындық болды. Сондықтан да байқауды ұйымдастырушылар тарапына айтар алғысымыз шексіз. Өйткені кей кездері біз тәрізді көркемдік жетекшілердің еңбектері еленіп-ескерілмей қалатыны жасырын емес. Міне, «Ақ көгершін» байқауы арқылы біз сол еңбектің ескеріліп, маңдай тердің ақталатынын дәлелдеп отырмыз. Былтырғы жылы да байқауға шәкірттерімді даярладым. Онда Бауыржан Темірхан атты ұлым Германияға барып өнер көрсетуге жолдама алып, Германия елінің сахнасында қазақтың рухы биік өр халық екенін мойындатып қайттық. Ол сапарда Бауыржан екінші орынды қанжығасына байлап қайтқан еді. Ал биыл да өзіндік табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Биыл аталмыш байқауға шәкірттерім: Сайлаубаева Нұрай, Мырзалиев Ерасыл, Файзуллаева Гүлсім, Аманжолов Ғазиз қатысып, арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл балаларымның әрқайсысының өнерін даралап айтқым келеді. Мысалы, вокал жанры бойынша Нұрайдың өзіндік ерекшелігін байқаймын, егер тереңіне үңіліп осы саланы таңдап алса, бұл қызымнан бірдеңе шығары даусыз. Ерасыл мен Ғазиз да – әлсіз дарындар емес. Бұл екі ұлым да өзіндік марапатқа, қоштауға лайық. Ал Гүлсім – халық әндерін орындаудың шебері. Ендігі кезекте Прага қаласына даярлық тұр. Сондықтан осыған байланысты айтарым: баланың талантын танып, дұрыс бағыттап, ел, жер көрсетіп, ой-өрісін өсіру үшін мұндай байқаулар бізге ауадай қажет.
– Байқаймын, сіз шәкіртіңіздің әрқайсысын ұлым, қызым, балаларым деп атап отырсыз. Жалпы, өзіңіздің отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз.
– Менің барым да, нарым да – шәкірттерім. Осылар үшін өмір сүріп, осылардың әрбір жеңісіне қанаттанып тіршілік етіп келемін. Бұлар қуанса, мен қоса қуанамын, ал олар қамықса, қоса қамығамын. Ешқайсысын алалап, бөле-жарып қарау менде жоқ. Әрқайсысының үйіне дейін барып байқауға даярлап, арнайы сабақтар өткізіп жүріп, кештің қалай батқанын да білмеймін. Олармен жұмыс істегенде менде шаршау-шалдығу деген болмайды. Балаларым деп өзімсініп сөйлейтінім де содан. Біздің жүрген жеріміздің өзі – күнде жиын, үнемі бәсекесі қызған ортада жүргендіктен болар, әрбір баладан жаңашылдық іздеп, сахналық киіміне дейін айрықша мән беріп, ел алдына жарқыратып шығарғым келеді. Қазірде осындай мақсатта екі ұл, бір қыздан құрылған «Аян» тобына жетекшілік етемін. Сәтін салып бұл топтың балалары да биіктерден көріне бастады. Біраз жерде әндерін айтып, өзіндік талғамдарын ел танып та үлгерді. Таяуда ғана еліміздің белді тұлғасы Ескендір Хасанғалиевтың батасын алдық. Қажет кезде ақыл-кеңесін беріп отыратын әнші-композиторлар Дүйсенхан Сыздықовқа, вокал жанрын өте терең меңгерген Зәуре Бейімбетоваларға айтар алғысым мол. Жалпы, өз басым шәкірттерім жайында тек жақсы пікір, оңды ой ойлаймын. Олардың әрқайсысы – мен үшін бір төбе. Олардың жеңісінен мен қуат аламын.