«Балқадиша» шалға емес, шалғайға «ұзатылды»
«Итальяндықтар «Балқадиша» әнін әлемдік хитке айналдырмақшы» деп хабарлады таяуда «ҚазАқпарат» агенттігі. Әнді сала білумен қатар, тамсана да білетін итальян жұрты тіпті Ақсан серінің әнін өз тілдеріне аударып, бейнеклип те түсіріп қойса керек. Бір қарасаң, жаңалық, әйтсе де ол қазақ әні үшін емес, себебі ол өз қадірін баяғыдан біледі. Алғаш 1925 жылы Әміре атамыз Парижді әуелеткен сәт француз жұртының «аһ...» деуге ғана шамалары келгені қазақ әнінің әлі күнге көз алдында... Сондағы әндердің арасында бәлкім осы «Балқадишаның» да болуы әбден мүмкін... Әйтеуір «Қазақтың 500 ән мен күйін» құрастырарда Александр Затаевич «Балқадишаны» Әміре Қашаубаевтан жазып алыпты.
Бір ғана «Балқадишаның» жыры емес,
Біздің айтпағымыз жалпы алғаш шетелдіктер қазақты тани бастағаннан бері күні бүгінге дейін оларды тамсандырып, таңдай қақтырған барша қазақ әндері жайлы. Бір деректерде сол 1925 жылы Әміре атамыз Парижде өткен Дүние жүзілік сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», т.б. әндерін орындаса керек. Өзінің алты қырдың астынан естілер үнімен микрофонсыз-ақ залдағы хрусталь шамдалға дейін зілзала келгендей сілкіндірген осы бір әнші жайлы француздың «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы тамсана жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, т. б. тарапынан жоғары баға алған. Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялады.
Осы деректен-ақ байқап үлгерген шығарсыздар, «Балқадишаның» әлемдік мойындауға ие болғаны бүгін емес, сондай-ақ ол жаһан жұртының құлағында қалған жалғыз ән емес екенін. «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша»... тіпті «Дударай», яғни, Мәриям Жагорқызының да әні және бар…
Біржан, Мәди, Мұхиттар мұхит аспаса деңіз әлі...
Ал жалпы, қазақ әні, қазақтың ұлттық музыкасынан әлемдік музыка энциклопедиясына ұлы Қорқыттың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның, Ықыластың, Сүгірдің ғажайып күйлерін толығынан кіргізуге болады. Ол ұланғайыр алыптарды әлем әлі күнге дейін білмейтін болса, оларды білдіре, таныта алмай жүрген кінә өзімізден. Егерде жоғарыда аталғандай «Балқадиша» іспетті Ақан серінің басқа да әндерін, сондай-ақ Біржан сал, Мәди Бәпиұлының, Сегіз серінің де әндерін шет тілдерге аударылған сөздерімен орындаса, қанша жұрт таңырқар еді. Бір ғана «Гауһартастың» өзі қандай ғажап ән?!. Қалғандарын осыған қарап-ақ бағамдай беріңіз. Музыканың бір жақсысы — оны аудармасыз қабылдайды. ХХ ғасырда әлемді аралаған Мұқан Төлебаевтың сан сырлы әуеңге толы — «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын атар едік. С. Мұхамеджанов пен Ш. Қалдаяқовтың тамаша туындылары, Е. Рахмадиев пен Ғ. Жұбанованың симфониялық шығармалары да осыған бұлтартпас дәлел. Әміре атамызды айттық. Одан да бөлек бұлбұл әнші Күләш Байсейітова, биіне тәнті болып, қызыққан Шараны кезінде көбі ести де,көре де алмады, ал егер көрсе бүкіл әлем бағалар еді-ау! Нағыз өнерді, өнерпазды шетелдіктер өздері іздейді, табады, шақырады. Олар — халықаралық деңгейде әрі ұлттық, әрі әлемге ортақ классикалық дүниелерді ғажайып орындай алатын Әлібек Дінішев пен Роза Рымбаева, Айман Мұсаходжаева мен Жәния Әубәкірова сияқтылар.
Қазақ әнін тіпті Доминго айтса да таң қалмаңыз...
Себебі жас та болса хас әнші ретінде өзін танытып үлгірген Ерлан Рысқалидың қайсыбір жылдары әлемге әйгілі тенор Пласидо Домингомен бетпе-бет ұшырасып, сөйлескені, әйгілі тенордың қазақ әншісіне де, әніне де тәнті болғанын білесіздер. Сол сәтті біз Ерлан Рысқалидың өз аузынан естісек:
– Өзі опера әншісі болса да, дәстүрлі әнді орындаушыны алдыртуды сұраған. Біздікілер кімді апарамыз деп ақылдасады да: содан не керек, «не де болса, бұл да жоғарғы тенор ғой» деген бе, әйтеуір мені әйгілі әншінің алдына кіргізді де жіберді. Арнайы ән айтуға дайындалып шықпаған соң, үстімде не қазақы киім, не домбырам да жоқ. Бірақ не де болса тәуекел деп, киіз үйге енген беттен қазақы әдеппен «Ассалаумағалейкүм!» дедім. Сонан соң мен төрде ілулі тұрған домбыраларды кезегімен алып, дауысы ұнайтын бірін таңдап жатыр ем, аудармашысы арқылы менің бұл әрекетімнің мәнісін сұратқызды. «Үнге қарай аспап таңдай ма?» дегенді маған таңғала қараған көзінен ұқтым. Бастап келген ұйымдастырушылар мені оған таныстырып болып, маған Доминго жайлы айта бастап еді, мен Пласидоның өзімен бірге Андреа Бачели, Хосэ Карэрас, Лучиано Павароттилердің атын тізбектеп беріп ем, ол одан сайын таңданды. Сосын халық әні «Сарыбидайды» салдым. Тағы сұрады. Содан әншінің сұрауы бойынша Шаманың әні «Шамадан» бастап, Абайдың «Көзімнің қарасын», Мәриям Жагорқызының «Дударайын», Ақан сері, Біржан салдың әндерін бірінен кейін бірін салдым. Әндерімді әбден тыңдап алған соң, қайта-қайта басын шайқап, тілі келгенше орысшалап: «Италияға келсеңші, сен дап-дайын опера әншісісің, тек итальян тілін ғана үйрену керек» деп сұраулы жүзбен қарады.
Бәлкім, Тони Тури сынды итальян әншісінің «Балқадишаны» өз тіліне, аударып орындауға аңсарының аууына осы Пласидоның да ықпалы болды ма екен... Байқадыңыз ба, Ерлан Рысқали да әйгілі тенор алдында «Балқадишаны» орындаған. Бәлкім, олай да емес шығар... Әйтсе де, қазақтың қайсы әні болсын әлі талай рет әлем жұртшылығы аузының суын ағызады. Мысалы, өткен жылдың соңғы жағында "Қытай дауысы" додасына Үрімжіден бақ сынауға келген 34 жастағы қазақ жігіті Тасқын "Дудар-ай"-дың сазды аспаптың сүйемелдеуінсіз-ақ шырқап, жұртшылықты таң қалдырғаны, әділ қазыда отырған қытай әншілерін жылатқаны секілді... О-о, ол сәтті ұмыту әсте мүмкін бе?..