Алматы жұртшылығы Гиннестің рекордтар кітабына енген ерекше тарихи тұлғаларды көріп, көзайым болды. Балауыздан жасалған мүсіндер мұражайы көрермен қауымды 52 экспонатпен қарсы алды. Оңтүстік астаналықтарды он күн бойы тәнті еткен мұражай енді Ақтөбеге жол тартпақ.
Балауыз – ерте заманнан-ақ ең қажетке жаратылған материал. Оны алғашқылардың бірі болып египеттіктер пайдаланған. Олар қарапайым балауыздан түрлі алқалар, сиқырлы пішіндер мен ойыншықтар жасаған. Содан бергі уақытта адамзат баласы балауыздан бұйым жасауды өнер деңгейіне көтерген.
Осыдан 30 жыл бұрын ашылған Санкт-Петербор мұражайында бүгінде оннан астам тақырыпты қамтитын ұзын-саны мың жарым балауыз мүсін бар. Бір туындының өзі 15 маманның күшімен бір жыл дайындалатын көрінеді. Қазақстанға әкелінген 52 балауыз мүсіннің әрқайсысы Гиннестің рекордтар кітабынан орын алған. Олардың бірі – Одессаның атышулы қылмыскері Виктор Аденауэр. 42 жасында бойы небары 56 см болған азамат ел арасында оқушы-Витька аталып кеткен. Актерлік шеберлігімен де танылған В.Аденауэр, кішкентай сәбидің кейпіне енгенде елдің таңданысында шек болмаған. Оның қылықтарын қызыға тамашалағаны соншалық, жұрт тіпті басқа қылмыскерлердің осы жағдайды пайдаланып, қалталарына қол салып, тонап кеткендерін байқамай да қалатын жағдайлар кездескен. Ал батумилік Дмитрий Кинкладзе – әлемдегі ең үлкен құлақтың иесі. Экскурсия жүргізуші Гүлжан Көшербаеваның айтуынша, Дмитрий құлағымен 48 келі салмақты көтере алатын болған. Сол құлағы 32 келіні ұстай алса, оң құлағы 16 келіні көтерген.
Гиннестің рекордтар кітабының алғашқы басылымы 1955 жылы жарық көрген. Жыл сайын оған енуге 40 мың үміткер өтініш береді. Бірақ оның бес мыңы қабылданып, жартысына жетер-жетпесі ғана жоғары көрсеткіштерге ие бола алады. Көрмеге қойылған экспонат образдарының біразы әлі де тірі. Ал көпшілігі – бақилық болғандар. Бірақ әрбір мүсіннің көшпелі мұражай көрермендері үшін мәңгі тірі іспетті болып көрінгені анық.