«Балапан» 1-ге толды
Осыдан тура бір жыл бұрын қазақ телевизиясы тарихында тұңғыш рет бүлдіршіндерге арналған, таза мемлекеттік тілде хабар тарататын «Балапан» телеарнасы тұсауын кескен болатын. Осы уақытқа дейін отандық ақпарат кеңістігінде балаларға арналған жекелеген бағдарламалар әр тұстан эфирге шығып тұрғанымен, қазақ баласына көзайым болатындай жеке телеарна болған емес.
Алты Алашқа сауын айтылып, «Балапанның» тұсауы кесілгенде бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. Әйтсе де мұның бағыты қалай болар екен деп, жаңа жобаға күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ «Балапан» аяғын шалыс басқан жоқ. Біз бүгін жұмысына білікті мамандар тартылған, бағдарламалар сипаты жөнімен жолға қойылып келе жатқан арна ұжымының жемісті еңбегінің алғашқы нәтижелерін де көре бастадық.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Қазақстан» ұлттық арнасының негізінде ашылған бұл арна аз ғана уақыт ішінде миллиондаған аудиторияны өзіне тарта білді. Қазіргі уақытта «Балапан» ұсынған бағдарламаларды еліміздің барлық аймағында кабельдік желі арқылы көруге болады. Бұған қоса жаңа арнаны он-лайн режимінде интернеттен (balapan.kaztrk.kz) тікелей тамашалауға да мүмкіндік бар. Дегенмен жер серігімен байланыс орнатуға әрі интернетке қосылуға кез келгеннің жағдайы келе бермесі анық. Егер де «Балапан» арнасы «Қазақстан», «Хабар» сияқты қолжетімді желі арқылы тарайтын болса, еліміздің шалғай өңірлерінде тұратын бүлдіршіндер бұл игіліктен қалыс қалмас еді. Арна басшылығы бұл мәселелердің алдағы уақытта кезең-кезеңімен өз шешімін табатынын айтып отыр. Жуырда «Балапанды» қанатының астына алып отырған «Қазақстан» арнасы да толығымен мемлекеттік тілге көшті. Бұл – әрине, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан игі істердің бір парасы ғана.
«Бауырсақ» бағдарламасы
Аяғын енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан арна бір жылдың ішінде көрермен назарына өз тарапынан 12 бағдарлама, бір мультипликациялық сериал ұсына алды. Атап айтсақ, бүлдіршіндерді шынығуға шақырған «Алақай, балақай!», «Толағай», тәтті ұйқыға жетелеген «Айжұлдыз», білімнің есігін қақтырған «Әліппе», қиялға қанат бітірген «Шеберхана», танымды арттырған «Кел, ойнайық!», «Еркетай», көңіл пернелерін басқан «Ән салайық!», «Айгөлек» бағдарламалары мен ғаламның ғажайып сырларын ашқан, 200 сериялы «Ғажайыпстанға саяхат» мульттоптамасы – «Балапан» телеарнасының отандық ақпарат кеңістігіндегі өзіндік беталысын таныта алатын дүниелер. Арна жаңа маусымында талғамшыл жас көрерменнің тамырын дөп басқан хабарлар ұсынуымен ерекшеленді. Нарық заңдылықтарын саралаған «Санамақ», ойнай жүріп ойландырған «Жүзден жүйрік», тағамның пайдалысын дәріптеген «Бауырсақ» бағдарламалары бүгінгі қазақ баласын танымдық сипатта тәрбиелеуде үлкен рөл атқара бастады.
Қызықты әрі танымдық сипаты мол «Балапан» телеарнасының жетекшісі – белгілі журналист Жанар Шәмел. Жас та болса, үлкен істерге ұйытқы болып жүрген ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану және журналистика факультеттерінің түлегі. Исламабад қаласындағы Қазіргі тілдер ұлттық институтының урду тілі мен әдебиеті бөлімінде білім алып, арнайы оқу-тәжірибеден өткен. Қазақ, орыс, урду, хинди, ағылшын тілдерін меңгерген. Еңбек жолын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының таңғы бағдарламалар шығармашылық бірлестігінде редактор-жүргізуші болып бастап, продюсері қызметін атқарған. Көрерменге жақсы таныс «Еркетай» бағдарламасының және басқа да көптеген жобаның авторы.
Жанар Шәмел, «Балапан» телеарнасының жетекшісі:
– Біздің эфирге шыққанымызға бір жыл ғана уақыт болды. Не нәрсені болса да бастау қиын. Дегенмен мемлекет қолдау көрсетіп, шығармашылық ұжымымыздың ізденісінің арқасында біраз шаруаны еңсерген сияқтымыз. Әйтсе де алда атқарар істеріміз, жүзеге асыратын жоспарларымыз да баршылық. Қазір заман басқа, қоғам да өзгеше. Қалай болған күнде де біз уақыт ағымына ілесіп, көрерменге тың дүниелер ұсынуымыз қажет.
Айта кететін жайт, біздің бағдарламалардың басым бөлігін балалардың өздері жүргізеді. «Балапанның» жүргізушілік мектебінен өткен Жамбыл, Айбек, Әзиза, Аяжан, Азат, Ернар, Ақерке сынды өрендердің ертең эфир тізгінін ұстайтын білгір маман боларына күмән жоқ. «Балапан» телеарнасы көрерменін жуырда ойын-сауықтық «Құлыншақ», әзіл-сықақтық «Тентегім», оқу-танымдық «Хеллоу, Балапан!» бағдарламаларымен қуантпақ. Ал шытырман оқиғалы «Балдырған» мультсериалы отандық телевизиядағы соны жаңалық болмақ. Мультипликациялық сериал елордамыз Астананың мәртебесін көтеріп, ауылдың жағымды имиджін қалыптастыруға қызмет етпек. Балалар телеарнасы – озық отандық әрі әлемдік балалар киносы мен анимациялық шығармаларын сапалы түрде дубляждап, көрермен назарына қазақ тілінде ұсынатын бірден-бір арна. Мәселен, осы уақыт аралығында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген 32 мультфильм көрсетілді. «Балапан» арнасы ендігі ретте балалар киносы мен анимациялық фильмдерінің отандық қорын қалыптастыруға негіз болмақ.
Біз жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеріп, білімі мен білігі ұштасқан интеллектуалдық ұлт болуға бет бұрған мемлекетпіз. «Балапан» арнасының алға қойған мақсаты да – осы келешек ұрпағымыздың тамырына рухани нәр беріп, интеллект иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау және дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбексүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
«Санамақ» бағдарламасы
Қайырымдылық арнасы
«Балапан» телеарнасы өзінің бір жылдығында жеңіл-желпі ойын-сауықтан гөрі, ауқымды қайырымдылық шарасын өткізуді ұйғарыпты. «Балапан» телеарнасы – балалардың қамқоршысы, ата-аналардың серігі. Демек, балалар телеарнасының біржылдық межесін қайырымды іспен түйіндеуді мақсат етуі – заңдылық.
Осы орайда бүгін сағат 13.00-14.00 және 17.20-17.45 аралығында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде күрделі науқасқа шалдыққан Рамазан Есмағамбетов (аяқталмаған остеогенез), Диана Мақсат (церебральді сал ауруы), Гүлназ Омарбекова (микрокорнеа, петерс синдромы) есімді бүлдіршіндердің еміне қажетті қаражат жинау мақсатында қайырымдылық акциясын өткізу жоспарлануда. Мұндағы басты мақсат – еліміздегі әр баланың тағдырына бей-жай қарай алмайтынымызды көрсету.
Бала денсаулығының халық үшін, мемлекет үшін ең басты құндылық екенін дәріптеу. Көрерменді, халықты жанашырлыққа шақыру, қайырлы іске ел болып жұмылуға үндеу.
Қайырымдылық акциясына студенттерден бастап, зейнеткерлерге дейінгі аралықтағы азаматтар атсалыспақ. Тікелей эфир барысында студияға елге танымал тұлғалар шақырылмақ. Ал науқас балаларға қаржылай жәрдем бергісі келетін отандастарымыз үшін арнайы банк есепшоттары жұмыс істейді. Жанашыр азаматтардан қаражат қабылдап жатқан банкпен тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, жиналған қаржы туралы мәлімет беру көзделуде.
Алдағы уақытта арна жаңа жобалармен толыға түспек. Олармен біздің кішкентай көрермендеріміз өз кезегінде қауыша жатар. «Балапанның» шығармашылық ұжымы бір жылдың ішінде осыншама жетістікке жеттік деп тоқмейілсіп отырған жоқ. Қызықты эфир күнделікті тыңғылықты жұмыстың жемісі емес пе?! Алғашқы жыл көрермен аудиториясын барлап, мүмкіндіктерді байқап көру жылы болды. Сол себепті де жаңа арнадағы жұмыс қарқыны енді тіпті қыза түсетін сияқты. Бала деген – ең қатал сыншы, ең талғампаз көрермен. Оларды алдау мүмкін емес. Сондықтан да арна ұжымы бар күш-жігері мен тәжірибесін сол балалар үшін сарқа жұмсап, бәсекеге қабілетті арна жасау жолында аянып қалмауы тиіс.
Қазақ баласының санасына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіре отырып, білім мен тәрбие көзі болуды діттеген бірегей ақпарат құралына айналып келе жатқан арнаға артылар жүк жеңіл болмақ емес. Олай болса, бүгінде бір жасқа толған «Балапанға» қанатың қатайып, биік белестерді бағындыра бер демекпіз.
Стоп-кадр
«Балапан» телеарнасы өткен жылдың 27 қыркүйегінен бастап хабар тарата бастады.
Жаңа арна үш пен он жас аралығындағы балғындарға арнап танымдық, музыкалық, спорттық ойын-сауық бағдарламаларын ұсынып келеді.
Эфирлік уақыты: 12 сағат.
Биыл «Мәдениет» арнасы іске қосылды.
Келесі жылы «Білім» телеарнасын құру жоспарланып отыр.