Жылына бір рет қана келіп, балаларды қуанышқа бөлейтін күн жақын. Үлкендер жағы бұл күні балаларын қалай қуантарын ойлап, бас қатыруда.
1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арнайы отандық «Сақ» киностудиясының жас, білікті мамандары жаңа туынды түсіріп, «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен кеше Алматыдағы «Искра» кинотеатрында тұсаукесер рәсімі өткізілді.
«Мұңлық-Зарлық» деп аталатын анимациялық фильмнің ұзақтығы – 20 минут. Халық ауыз әдебиетінің озық үлгісі, ғасырлар бойына атадан балаға ауызша беріліп келе жатқан осы бір аңызды хатқа түсіріп, балалардың көруіне лайықтап жазған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков. Ал мультфильмді әуенмен әрлеген сазгер Арман Дүйсенов болса, режиссері ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков.