Бабалар рухына тағзым
Жуырда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Үлкен Дихан ауылында «Бабалар рухына тағзым» деп аталатын рухани шара табысты өтті. Облыстық әкімшіліктің қолдауымен аудан басшылығы өткізген шараның басты мақсаты – кешегі өткен бабаларымыздың асқақ рухын дәріптей отырып, халықтың рухына серпіліс беріп, жас ұрпаққа ұлттық тұрғыда патриоттық тәлім-тәрбие беру.
«Өткенсіз болашақ жоқ» деген қарапайым ғана сөздің тереңінде салмақты мән-мағына жататынын жақсы түсінетін халқымыз қашаннан бабалар рухына тағзым етіп отыруды өзіне парыз-міндет санаған. Егемендік алып, еңсесін тіктей бастаған Қазақ елі бүгінде бабалар аманатына адалдық танытып, өшкенін қайта жаңғыртып, қатпарлы қалың тарихымызды жаңаша сипатта зерттеп-зерделеуге ден қоя бастады. Жыл өткен сайын республикамыздың әр өңірінде елге ерен еңбегі сіңген ерлеріміз бен ардақты аналарымызға арналған еңселі ескертікіштер бой көтеріп, солардың тұлғалық, қайраткерлік қасиеттерін кейінгіге үлгі етерліктей көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылуда. Үлкен Дихан ауылындағы өткен жиынды елімізде жүзеге асырылып жатқан осынау үлкен игі істердің бір парасы деуге болады.
Екі күнге жоспарланған осынау имани шараның негізгі ұйытқысы болып барлық істің басы-қасында жүрген ел ағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жақында ғана Елбасы Жарлығымен Сенат депутаттығына сайланған қайраткер Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин мырза екендігін айта кетуіміз керек.
Бүгінде есімі елге белгілі тұлға Нұрлан Мырқасымұлы – осынау сауапты іс-шара өткізілген Үлкен Дихан ауылының тумасы. Бейнелеп айтсақ, «Таудың қуысында, Құдайдың уысында» жатқан түп-тарихы тіпті әріден басталатын осы бір шағын ауылдан соғысқа аттанған бірнеше жүз азаматтың 150-ге жуығы майдан даласында шейіт болған. Мұның сыртында сол бір сұрапыл жылдары қаншама ауыл азаматтары мен ақжаулықты аналарымыз тылда тынбай еңбек етті?! Қасиетті Қара Дала атанып кеткен осы бір өңірдің бір пұшпағын жайлаған кішкентай ғана Үлкен Дихан ауылынан бүгінде есімдері Алты Алашқа жайылған көптеген танымал тұлға шыққан. Ұлтымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевпен қаламдас, сырлас дос болған, ұйғыр халқының көрнекті шайыры Ілия Бахтия да дәл осы ауылдың топырағында түлеген. Қазіргі уақытта бұл ауыл шалғай жерде орналасса да жаңаша тыныстай бастаған, қарапайым шаруасын дөңгелетіп отырған еңбекшілер ауылына айналған.
Ермек Келемсейіт, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы:
– Бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміз төл тарихынан ажырамай, өткенінен сабақ алу арқылы болашақ міндеттерін жүзеге асыру жолында біртұтас ел болып жұмылуда. Бұл ретте патриоттық тәрбие мен рухани құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қазіргі уақытта мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп отыр. Өйткені тарихын таныған, тамырын руханиятпен суарып, бабаларына тағзым етуді парыз санап дәстүрге айналдырған ұрпақтың адымы нық, алды жарық болатыны күмәнсіз. «Ел ерін көтерсе, ер елінің даңқын асырмақ». Бүгінгі өтіп отырған шара да, ел ішінде бой көтеріп отырған ескерткіш те – осы сөзімізге айғақ. Сондықтан да мұндай рухани бастамалар ел іргесінің сетінемей, берік болып тұруына кепіл бола алады. Қазақтың әр жерінде, әр ауылында осындай рухани жұмыстар игеріліп жатса, онда болашағымызға сеніммен қарауымызға болады.
Мәкен Тойшыбеков, ҚР ҰҒА академигі, профессор:
– Қазақтың қай жерінде болсын талайлы тағдырлар мен қилы заманалардың іздері сайрап жатыр. Тек соны танып-біліп, өткеннің сабағын бүгінгі ұрпаққа ұғындырып жеткізе білуіміз керек. Әдетте үлкен мәдени шаралар мен түрлі кездесулер ірі қалаларымызда, берісі аудан орталықтарында жиі ұйымдастырылады. Бұл ретте шалғайда жатқан шағын ауылдардың көптеген игі істерден де шалғай қалып жататыны бар. Міне, осы олқылықтың орнын толтырып, ел азаматтары бас қосып, туған ауылымызды түлетуге атсалысудамыз. «Бабалар рухына тағзым» деген игі шара, аты айтып тұрғандай, үлкен бір сауапты іс. Бұл ең алдымен біздің жастарымыз үшін, келешек ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге болары хақ.
Туған жерге тәу етіп, бабалар рухына тағзым ету шарасына Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан Нұрлан Оразалин бастаған еліміздің бірқатар зиялы тұлғалары – тағылымы мол ғалымдар, талантты ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, меценат-кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара барысында ел тұрғындары мен арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатысуымен салтанатты жиын өтіп, Ұлы Отан соғысына Үлкен Дихан ауылынан аттанып, қан майданда қаза болған азаматтардың есімдері қашалып жазылған мемориалдық тақта мен ескерткіштің ашылуы болды.
Келелі жиынды Ұйғыр ауданының әкімі Қоюмчан Омаров ашып, сенатор Нұрлан Мырқасымұлы, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келемсейіт сынды қайраткерлер мен ел ағалары, ардагер ақсақалдар сөз сөйлеп, ауылда жаңа тұрғызылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Бұдан кейін қонақтарға жергілікті көркемөнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылып, шара соңында арнайы тігілген киіз үйлерде аруақтарға арналған үлкен ас беріліп, құран-хатым түсірілді.