22 қарашадан бастап «Ел арнада» «Әзіл кеш» бағдарламасы жаңа маусымын бастайды. Бұрын танымал сықақшы Уәлибек Әбдірайымов тізгінін ұстаған бұл бағдарлама жаңа форматта, жаңа жүргізушілерімен эфирге шықпақ. Бұдан былай кешіңізді әзілмен әрлейтіндер – сатирик Бейбіт Сарыбай мен актер Нұрбол Айтуов.
Қожанасырдан қалған қалжың мен Алдардан қалған әзілді ұсынатын бағдарламада «Тамаша», «Шаншар», «Алдараспан», «Күлкі керуені», «Бауыржан шоу» сияқты әзіл-сықақ театрларының қойылымдары және авторлары мен орындаушыларының өмірі жайлы әсерлі әңгіме ұсынылады. Өткен күннің әзілі мен бүгінгі күннің әзілінің арасындағы «бойы жетсе де, ойы жетпейтін» тұстары талқыға түседі.
Бұл жобаның жаңалығы – әзіл-сықақ театрлары әзірлеп әкелген қойылымдар «Әзіл кештің» студиясында орындалады. «Әзіл кеш» көрерменге күлкі сыйлайтын бағдарлама ғана емес, мұнда сатира сайыпқырандарының салиқалы әңгімесі де болады. Келесі бір бөлімде жүргізуші студия қонағының өзімен ғана емес, оны қалың көпшілікке танытқан кейіпкерімен де сұхбат құрады. Сондай-ақ шебер әзілдей білетін әртістер студияның талаптарын орындайды: мысалы, танымал актерлердің мәтінді жылдам оқу жүйріктігі тексерілуі мүмкін. Қысқасы, әзіл-сықақ театрларының актерлері «қара терге» түседі. Ол аз десеңіз, мұнда белгілі әншілерді басқа қырынан көріп, танымал әндерге пародия ұсынылады.
«Жалпы, жүзден аса каналды көріп отырған бүгінгі көрерменді күлдіру оңай емес. Қазір талғам өзгерді, талап басқа. Сонымен бірге ресейлік, шетелдік емес, қазақы әзілге шөлдеп отырғанымыз рас. Осы тұрғыдан алғанда, біз бәрімізге таныс, аса бір өтімді болған ескі әзілдер мен сиясы кеппеген жаңа қойылымдардың арасындағы тепе-теңдікті ұстағымыз келеді. Ал шақырылған қонағымыздың импровизациялық қасиеті мен ой-қиялының жүйріктігін сынау үшін кейіпкер бейнесінде сұхбат беруін тағы да басқа қызықты тапсырмалар орындауын талап етеміз. Бағдарлама авторлары көрерменнің көңілінен шығудан үмітті», – дейді «Ел арна» телеарнасының бас редакторы Әсия Бағдәулетқызы.
«Әзіл кеш» жаңа форматта жарыққа шықпақ
Последние статьи автора