Азғар МУСИНА: «БЕСЕУДIҢ ХАТЫ» бiздiң үйде жазылды

Газетiмiздiң 5 ақпан күнгi №7 санында «Бесеудiң хаты, кiм едi олардың аты» атты мақала жарияланғаны естерiңiзде болар.  «Бесеудiң хатының» авторлары жайлы ақпар беруiмiздiң басты мақсаты халықтың қолында аша тұяқ қалдырмай сыпырып алып, аштыққа ұшыратқан голощекиндiк зобалаң кезiндегi ерлiкке толы тарихи оқиғаны оқырман жадында қайта жаңғырту болатын. Саналары сергек, көкiрегi ояу оқырмандар мен зиялылар үн қатар деп те үмiттендiк. Редакциямызға бiрiншi хабарласқан «Алматы ақшамы» газетi саясат бөлiмiнiң редакторы, белгiлi журналист Ермек Жұмахметұлы болды. Ол кiсi өзiнiң жеке мұрағатында әлi күнге еш жерде жарияланбаған әйгiлi «бесеудiң» бiрi Мұташ Дәулетқалиевтың жары Азғар апаймен болған сұхбаттың жатқанын  айтты. Хаттың жазылу тарихын баяндай отырып, сол кезеңнiң суретiн көз алдыңызға келтiретiн сол сұхбатты бiз газет бетiне жариялауды жөн көрдiк. 

СУСЛОВПЕН БIРГЕ ОҚЫҒАН
– Азғар апай, алғашқы рет Сталинге хат жазу туралы идея кiмнен туындағанын бiлушi ме едiңiз? Ол кезде Мұташ аға нендей қызмет атқарушы едi?
– Ұзақ уақытқа дейiн «Бесеудiң хаты» аса құпия сақталып келдi. Ол туралы айту тұрмақ, еске алудың өзi үрей тудыратын.
1932 жылы 4 шiлдеде ВКП(б) Қазақ Өлкелiк комитетiне ауылшаруашылығын басқарудағы өрескел қателiктердi, қазақ ауылының социалистiк қайта құрудағы асыра сiлтеулердi сынаған бiр топ коммунистер – М.Дәулетқалиев, Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, Е.Алтынбеков және Қ.Қуанышов хат жазды. Ол кейiн «Бесеудiң хаты» деген тарихи атқа ие болды. Бұлардың iшiндегi ең жасы үлкенi Мұташ болатын. Саяси жағынан шыңдалған ол сол тұста Қазақ коммунистiк жоғары оқу орнында ректор болып қызмет iстейтiн. Бiз Ғабеңдермен бiр аулада көршi тұрдық. Олар жасырынып кездесiп жүрдi. Iңiр түсе бiздiң үйде бас қосатын. Iстерiне араластырмады. Көзiм жетпесе де, олардың бiр мазасыз жұмысты астыртын қолға алғандарын сезiп жүрдiм.
– Алғашында хатқа 12 адам қол қоюға бекiнген көрiнедi. Соңында олардың жетеуi бастапқы ойынан бас тартыпты. Ол туралы не бiлесiз?
– Шындық ендi ашылып жатыр. Әңгiме негiзiнде пiкiрталас күйiнде басталып, соңынан саяси реңк алған сияқты. Әлдекiмдер бұдан сезiктенiп, бойларын қорқыныш үрейi тұмшалап, қара бастарынан қорыққан көрiнедi. Мұташтың тiрi кезiнде бұл туралы сұрап-бiлуге дәтiм де, арым да бармады. Хатқа қол қойған бес қызметкердiң бесеуi де қатарлас жiгiттер. Бесеуi де бұрын рабфакта, 9 жылдық мектепте оқыған. Үшеуi Мәскеуде оқу бiтiрсе, екеуi өз елiмiзде орта дәрежелi бiлiм алған. Олардың әлеуметтiк жағынан шыққан тектерi де әртүрлi. Дәулетқалиев – Басқұншақ тұз өндiрiсiнiң қарапайым жұмысшысының баласы болса, Қуанышев – қарағандылық кеншiнiң баласы, ал Ғабең қара шаруаның, Ғатаулин оқытушының баласы. Әйтсе де Голощекин хат авторларын жауапқа тарту туралы мәселенi батыл қойды.
– Мұташ ағамыз кiмдермен ерекше қатынаста болды?
– Ол Орынбор рабфагiнде Ғабит Мүсiреповпен, Сәбит Мұқановпен, Бейiмбет Майлинмен бiрге оқыды. Кейiн оқуын Мәскеуде жалғастырып, Плеханов атындағы институтта Сусловпен бiрге оқыды. Әлгi СОКП Орталық комитетiнiң идеологиялық хатшысын айтамын.
КОМИТЕТТЕГIЛЕР ХАТТАН БАС ТАРТУҒА МӘЖБҮР ЕТТI
– Кейiн хат жазушыларды ВКП(б) Өлкелiк бақылау комиссиясына шақырып алып, жазғандарынан бас тартуды, оны қате әрi зиянды деп мойындауды талап етiптi ғой?..
Жалпы, Голощекин әрбiр айтылған сынды өз атына айтылған сын деп қабылдап, оны тұншықтырып отырды. Комитеттегiлер авторларды хаттан бас тартуға, «қателерiн» мойындауға мәжбүр еттi. Олар мұнымен де шектелмедi, ақыр соңында қуғынға ұшыратты.
Өлкелiк партия комитетi «Бесеудiң хатына» байланысты 1932 жылы 15 шiлдеде бюрода арнайы қаулы қабылдады.
– Мұташ ағай сол азапты жылдардан естелiк әңгiмелер айтушы ма едi?
– Таптық күрестiң өршiп тұрған кезеңiнiң бiрiнде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловпен кездесу өтiп, оны жақын маңнан көру бақытына ие болады. Ашаршылық жылдары туралы оның айтқан бiр әңгiмесi де есiмде қалыпты. Сол жылдары партия тапсырмасымен елдi көп аралайтын. Бiрде Қостанай облысын Бейiмбет Майлинмен бiрге аралап жүрiп, түнемелiкке бiр үйге түсiптi. Сөйтсе, әбден ашыққан үй иелерi бiрiн-бiрi жеп жатыр екен. Қорыққандарынан жолға алып шыққан азықтарын соларға берiп, өздерi түнделетiп жүрiп кетiптi.
– Әйгiлi хаттан кейiнгi Мұташ ағаның тағдыры қалай болды?
– Мұташ 1933 жылы Қазақстанның VIII партиялық конференциясында Қазақ өлкелiк комитетiнiң құрамына өтiп, бюро мүшесi болып сайланыпты. Үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi болып бекiтiлдi. 1934-1935 жылдары Алматы облыстық комитетiнiң бюро мүшесi, арасында Арал, Қордай аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып қызмет атқарды.
1938 жылы Мұташтың басына тағы да зобалаң туды. Ол сол кезде Алматы облыстық партия комитетiнiң үгiт және насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi едi. Не керек, 1938 жылы 30 маусымда Мұташ халық жауы ретiнде қамауға алынды. Ол кетiп бара жатып: «Аза, менiң иненiң жасуындай да кiнәм жоқ, мен – адалмын, көп кешiкпеспiн, бiрер күнде келiп қалармын, балаларды, өзiңдi күт» дедi. Мен жарым түнде кiшкентай екi сәбиiмдi құшақтаған күйi қала бердiм. Ол сол кеткеннен соң, алты жылдан кейiн бiр-ақ оралды.
ХАТТЫҢ НЕГIЗГI СҰЛБАСЫ БIЗДIҢ ҮЙДЕ ЖАЗЫЛДЫ
– Азапты жылдарын қайда өткiздi. Соңынан iздеп бардыңыз ба?
– Алғашқыда оны үш жылдай НКВД-ның iшкi түрмесiне отырғызды. Ол кезде мен Коммунистiк журналистика институтының I-курсын бiтiрiп, «Лениншiл жас» газетiнде өндiрiстiк тәжiрибеден өтiп жүргенмiн. Мұташты ұзақ тергедi. Ұзақ тергеуiне қарағанда, хаттан басқа да кiнәлар қойған сияқты. Бiрде Мұташқа тамақ апарып жүрiп, өзiм де сотталып кете жаздадым. Ол кезде жұмыстан кешiккендердi түрмеге жабатын тәртiп бар болатын. Түрмеге тамақты алфавит бойынша қабылдайтын едi. Фамилиясы «Д» әрпiнен басталатындарға кезек келгенде, тамағымды беремiн деп жүрiп, жұмысқа 15 минут кешiгiп қалыппын. Басшылар менiң екi баламның барын ескерiп және жұмысқа жауапкершiлiкпен қарайтынымды назарға алып, кешiрiм жасаған болды.
ТЕМЕКIНIҢ ҚАБЫҒЫНА ЖАЗЫЛҒАН ХАТ
– Мұташ ағайдың түрмедегi жағдайынан хабар берген кездерi болды ма?
– Мұташ түрмеде жалғызкiсiлiк камерада ұсталды. Бiрде тамақ құйып апарған ыдысымды қайтарып берiп тұрып: «Аза, ыдысты үйге апарған соң сындырарсың» деп ескерту жасады. Айтқанын екi етпедiм. Сынған ыдыстың түбiнен бетi қара нанмен ұқыпты желiмделген, үш бүктелген темекiнiң жұқа қағазы шықты. НКВД қызметкерлерiнiң түрмеде жатқандарға көрсеткен зорлық-зомбылығы, жазалау шараларының адам төзгiсiз жүргiзiлетiндiгi туралы Сталинге жазған хаты екен. Соңында «Аза, хатты машинкаға басып, пошта арқылы Мәскеуге, Сталинге сал, қолжазбаны өртеп жiбер» деп ескертiптi. Айтқанын орындадым, хатты Мәскеуге баратын адам арқылы сол жақтан поштаға салдырдым.
Көңiл ғой, хат иесiне тисе, азаптан босатып жiберер деген үмiтiмiз зор болды. Бiздiң хатымыз қайтадан жергiлiктi жерге тексерiлуге жiберiлсе керек. Мұташ екiншi рет жабық сотпен 15 жылға сотталып, Семейге жер аударылып кете барды.
– Соғыс кезiнде де қамауда отырды ғой. Түрмеден қай жылы босады?
– Мұташтан ұзақ уақыт хат-хабар болмай кеттi. Менi республика Комиссарлар кеңесiнiң жолдамасымен Талдықорған облыстық атқару комитетi кадрлар секторының меңгерушiсi етiп, қызметке жiбердi. Бiр күнi жұмыста отырсам, техникалық хатшы келiп: «Апа, сiздi сыртта бiр кiсi шақырып тұр» дедi. «Жетi түнде менi кiм iздеушi едi?» деп сыртқа шықсам, қараңғыда белгiсiз бiреудiң сұлбасы көрiндi. Үш ұйықтасам, түсiме кiрмес, өз-өзiме сенбей, тiлiм байланып қалды. Бақсам, Мұташ екен. Бостандыққа шығып, менi iздеп келген бетi көрiнедi. Iсiнiп, кеуiп кеткен. Адам баласы аштықтан да iсiнiп кетедi екен. Дәрiгерлердiң айтуы бойынша, тамақты аз-аздан берiп отырдым. Бұл 1944 жылдың 20 қыркүйегi едi.
– Содан бақытты өмiр басталды ғой?..
– Ерте қуаныппыз. Мұташқа жұмыс iздеп бармаған жерiмiз жоқ. Қайда барсақ та «халық жауы» деп үрпиiп қарайды. Мен де жұмыстан шеттетiлдiм. Содан «екi қолға бiр жұмыс табылар» деп Өзбекстанға көшiп тындық. Мұташ Өзбекстанда партия шақыруына үн қосып, түрлi қызметтерде басшылық жұмыс iстедi.
1955 жылы 10 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi Алқасында Мұташ Дәулетқалиевты айыптау жөнiндегi қылмыстық iс қаралып, 1941 жылдың 28 мамырындағы НКВД-ның ерекше мәжiлiсiнiң шешiмi күшiн жойды, қылмыс құрамының дәлелденбеуi себептi iс тоқтатылды.
Абзал азамат 70-жылдары дүниеден озды.

P.S.
Қазақ қыздарының арасында ең алғаш Коммунистiк журналистер институтын бiтiрген журналист «Лениншiл жас», «Казахстанская правда» газеттерiнде жұмыс iстеген қайраткер Азғар апай 96 жасында дүниеден өттi.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста