Азамат Сатыбалды, актер: Таңырқаған сайын Абай таныла түседі

Азамат Сатыбалды, актер: Таңырқаған сайын Абай таныла түседі

 
ТАҢЫРҚАҒАН САЙЫН АБАЙ ТАНЫЛА ТҮСЕДІ
– Азамат, биылғы тамызда Абайдың 170 жылдық мерейтойын тойладық. Бұл сұхбатта сізбен тек Абай туралы ғана әң­гімелеспек ойым бар. Өйткені, сіз Абайдың рөлін бар болғаны 30 жасыңызда ойнаған екенсіз. Бірақ, «хакімнің кемеңгер­лігін халыққа жеткізе алмадым» деп қамығыпсыз бір сұхбатыңызда. Жас болып бойлай алмадыңыз ба, әлдеқандай себебі болды ма?
– Иә, Абайдың 170 жылдық мерейтойы халықтық мереке болып, республикалық ауқымда аталып өтті. Енді бес жылдан соң келетін 180 жылдығына бұдан да үлкен дайындықпен кірісіп, ұлы ойшылдың мәртебесін биіктете түсу халықтық парызымыз болып қала беруі керек. Ал, рөлге келсек… Бұл орайда «Жаратылыс шексіз, жаратылған шектеулі. Шектеулімен шексізді қалай тануға болады?» дейтін Абайдың өз сөзімен ғана ақтала аламын. Хакімнің философиясын халыққа жеткізу қиынның-қиыны және ол бір адамның ғана қолынан келмейді. Бірақ, рөл берілгеннен кейін «болмасаң да ұқсап бақтың» керімен ұлы ақын поэзиясының мөлдір бұлағынан қанып ішіп, сайраған бұлбұлының үнін есту үшін ну орманның ішіне кіру керек болды. Өзімше зерттедім, түсінуге тырыстым, танығым келді. Бірақ, бәрібір тісім батпады. Неге? Біріншіден, уақыттың тапшылығы. Екіншіден, шынында да, жас болдым. Мұхтар Әуезовтің кереқарыс екі том эпопеясын екі сағатқа сыйдырып, күрделі драмалық ойды елге түсінікті етіп жеткізу қаншама шеберлікті қажет етеді? Сондықтан астарлап жеткізілетін ойға құрылған трагедияда ойнап шығу үшін актерге таланттан бөлек, орасан күш-қуат пен шыны керек, жас мөлшері және сол жасқа лайық дүниетаным да керек екен. Абайды ойнап шыққан соң бірінші актіден кейін қатты шаршап қаламын. Өте көп физикалық күш жұмсаймын. Гамлетті, Бейбарысты ойнағанда бұдан да көп физикалық күш жұмсаймын, бірақ, дәл Абай шаршатқандай, олар мені шаршат­қан емес. «Сен Абайды ойнап жатырсың» деген ойдың өзі адамның жігерін жаншып жібереді екен. Сахнаға шыққанда қорғансыз болып қаламын. Спектакльдің ортасында тақиямды тастап, екінші актіні ойнағым келмей, кетіп қалғым келген кездер де болды. Актерлік жолымда мұндай сезімді бірінші рет бастан кештім. Актердің барлық рөлі құйылып түсе бермейді, барлық рөлін бірдей мінсіз етіп шығара алмайды, бұл мүмкін де емес. Маған да ерік бермеген, атырылып, мініс бермеген рөлдердің бірі – осы Абай рөлі болды. Бұрын да ұлылығына бас ұрғызатын Абайдың аласармай, ғасырдан-ғасырға айбаттана түсетін сырын өзімше осылай ұқтым.
– Актер ретінде толысқан кезіңізде тағы да ұсынса, ойнар ма едіңіз?
– Әрине, болашағым әлі алда. Абай қазір ұсынылса, басқаша ойнар ма едім деп ойлаймын. Бірақ, «Аузы күйген үрлеп ішеді» деп, әлі де қорқамын. Өткенде Абай рөлінің қазіргі орындаушысы Ерлан Біләлов Астанаға кететін болып, «сахнаға сен шығасың» дегенде, үш күн бойы аяқ-қолым дірілдеп, түні бойы кірпік ілмедім. Абайдан сонша неге қорқамын? Себебі, әр қазақтың өз Абайы бар. Менің Абайым бар және сол күнгі спектакльге келіп отырған 600 көрерменнің Абайы бар. Әрқайсысы өз Абайын көрем деп келеді. 601-сенің Абайың мен залда отырған көрерменнің Абайы сәйкес келе ме? Мәселе – осында.
– М.Әуезов театры театр болып құрылғалы Абайды төрт рет сахнаға шығарыпты. Сонау Қалибек Қуанышбаев пен Ыдырыс Ноғайбаевтан бастап, Болат Әбділмановпен жалғанып, Ерлан Біләлов пен Азамат Сатыбалдыға дейін сабақтасқан ұлы ойшылдың бейнесін осы актерлердің әрқайсысы өз қырынан танытуға ұмтылды. Сіз Абайды қай жағынан көрсетуге тырыстыңыз?
– Абай ХІХ ғасырда өмір сүріп, 1905 жылы, яғни, ХХ ғасырдың басында қайтыс болса да, маған ол ХХІ ғасырды толығымен көріп кеткен сияқты болып көрінеді. Заманынан озып туған адам деген осы болар. Қара сөздерін оқып отырып, қазақтың міні мен айыбын бетіне баса отырып, оны соншалық сүйгенін сезініп қана қоймайсыз, оның көрегендігіне еріксіз бас шайқайсың. Адам өз-өзін жамандай алмайды. Тәкаппарлығы сондай, жаман­дамақ түгілі, өзін жақсы көргізе түсудің түрлі амалын қарастырады емес пе? Жақсы көрінуге тырысамыз, жорта мақтанып сөйлейміз. Абайдың ұлылығы сонда, өзінің жамандығын айтып берген. Сыздаған жараның бетін тырнап ашып, ауыртып, одан ары қанды іріңін шығарып, жүрегіне жеткізіп, сезінсін, етек-жеңін жиып, ел қатарына қосылсын деген. Мен, ең алдымен, Абайдың осы күйзелісін, жан күйінішін, өзімен-өзі арпалысын жеткізгім келді. Болат Әбділманов ойнаған «Абайда» мен Айдарды ойнаған едім. Бұл – үшінші қойылым. Кейін Есмұхан Обаевтың ұсынысымен Айдардан Абайға бір-ақ секірдім. Бірақ, Болат ағаның да, Ерлан ағаның да ойыны менен әлдеқайда биік, ойлы. Өзіммен құрамдас-үзеңгілес болған Ерлан Біләлов Абайдың трагедиясын маған қарағанда тереңірек түсінген. Ерланның ойынын көрген кезде өзімнің әлсіз екенімді, жете алмай қалған тұстарымның бар екенін байқадым. Мұны мен мойындаймын. Ал, «Қорқытта» олай болған жоқ. Өзімнің үзеңгілесім Дулыға Ақмолдамен таласып жүріп дайындалдым. Табиғатым­нан күрескер адаммын, бір рет таланып қалған соң, екінші рет ондайға тірі тұрып жол бергім келмеді. Бүгін Дулыға ойнаса, ертеңінде мен шығып, үздіксіз дайын­дықтың нәтижесінде қазір мен Қорқытты қорықпай ойнай аламын.
– Қара сөзді жақсы қозғадыңыз, Абай Қара сөздерінде бастан-аяқ қазақты сынайды. Абайға заман айтқызды, зәру­ліктен, амалсыздықтан айтты. Ендігілерге не жорық? Елдің ынтымағы мен бірлігі аса қажет болып отырғанда, жүзге, тілге, топқа бөлінгеніміз аздай, енді дінге бөлініп алып, қазақ қазақтың мінін теріп, айыбын бетіне басып, айтақшылардың айғайшысына айналды. Ең жаманы, осы оспадар­лығымыздың өзін Абайға апарып тіреп, ақталғымыз келеді…
– Иә, бұл дерт белең алып келеді. Мысалы, Ақтабан шұбырынды кезінде, 30-жылдардағы аштықта адамдар өз баласының етін өзі жеген деген деректерді оқимыз. Енді дәл осы заманда, «сол заманда сөйткен екен» деп, ешкім де өз баласын өзі бауыздап тастамайды ғой. Қазақты ояту үшін, қараңғылықты сейілтіп, рухын көтеру үшін айтқанын неге түсінбейміз? Біздің заман басқа, ендеше проблемаларымыз да басқаша болуы керек. Меніңше, Абай атап көрсеткен қателіктер мен кемшіліктерді аз да болса түзеген секілдіміз. Білім жағынан белгілі бір дең­гейді бағындырдық, ғылымға ден қойдық, патриоттық сезіміміз бар, көршілерімізбен бірлікте, бірігіп жұмыс істеуді үйрендік. Бірақ, Абай айтқан жаман мінез көп­шілігіміздің бойында сол бойы әлі сақталған.
– Әр қазақ айналып келіп, Абайға жүгінеді. Өзіңіз де ақынның нақылға айналып кеткен сөздерін оңды-солды қолданып отырсыз. Үстел кітабыңыз-ау, шамасы…
– «Үстел кітабыңыз» не, жастығымның жанында тұрады. Абай мен Мұқағалидың өлеңдер жинағы кітап сөресінде емес, төсегімнің басында жатады. Бұл басқа мықтыларды мойындамау деген сөз емес. «Базарда жүрген адам көп, бірақ, әркім өзінің сүйгеніне сәлем береді». Абай Қара сөздерінің басында қазақты қыжырт­қанымен, соңына қарай Алланы мойын­дап, хақ тағаланың кереметін айтып, Исламды дәріптейді. Жаспен бірге Абайдың өзі де рухани толысып, Жара­тушыға жақындай түскенін байқаймыз. Меніңше, Абай ғана емес, жасандылық пен жарқылдақтан жалыққан әр адамның уақыт өткен сайын Ақиқатқа жақындай түсетіні заңдылық. Мұндай сәттерде адамның Абай мен Мұқағалиға жиі-жиі қол артатыны да сол ішкі сұраныстан…
– «Абай» спектаклінің режиссері Есмұхан Обаев: «Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәндімін. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойынды тамашаласа, Абай әлемін танып шығады» деген еді. Шынында да, бүгінде кітап оқымайды деп жазғыратын ұрпақ ертең Абайдан алыстаса, жалпы Абайды жоғалтып алсақ, қазақтың тағдырында не өзгеріс болады деп ойлайсыз?
– Жоқ, мүмкін емес ол. Абайсыз қазақтың күні жоқ, Абайсыз қазақ – қазақ емес. Басқа құндылықтарымыз жоғалса да, Абайдың жоғалуы мүмкін емес. Президентіміз бір сөзінде: «Абай – біздің шамшырағымыз. Абайы бар халық адаспайды» деп еді. Кітаптың да, Абайдың да жоғалмайтынына сенемін. Ал жастар дүние жаралғалы бері үлкендер тарапынан жазғырылып келеді. Әкенің балаға, үлкеннің кішіге көңіл толмастығы деп қана қабылдауымыз керек мұны. Керісінше, заман күрделеніп бара жатқан соң ба, Абайға, әсіресе, жастар үйірсек сияқты. Өйткені, олар рухани аш, олардың ішінде сұрақ көп, ал жауаптың бәрі – Абайда. 24 сағат интернетті төңкерсе де, Абайдың беретін рахатын одан ала алмасын біледі. Тіпті, менің 10 жастағы ұлым Сұлтан да Абай атасының біршама өлеңдерін жатқа біледі.
– «Абай» эпопеясын өзіңіз алғаш неше жасыңызда оқыдыңыз?
– Абаймен алғаш, әрине, мектепте қауышамыз. Алғаш 9-сыныпты бітіріп, жазғы каникулға шыққан кезде бастап оқыдым да, бірнеше бетін оқыған соң шыдамым жетпей жаба салғам. Өнер академиясына түсе салып, 1-курста оқып жүргенде толықтай оқып шықтым. «Анық Абайды» да, «Жұмбақ жанды» да, «Хакім Абайды» да осы кезде оқыдым. Абай адамға несімен тартымды, неге қызық? Себебі, Абайды қай кезде оқысаң да актуальды. Ешқашан ескірмейді. Қай заманда, қай ғасырда қолыңа алып оқысаң да, сол ғасыр мен сол уақыттың сөзін сөйлеп, күйін шертеді. Сондықтан болар, Абайдың ұлылығын сипаттайтын теңеуді қазақ әлі тапқан жоқ. Таппайтын да шығар. Абайды түсіндіруге, талдауға болады, бірақ, Абайды сүйген әр қазақтың жүрегіндегі теңеу оның басқан табанының ізіне де тең келмес. Тамсанып, таңырқасақ қана Абай таныла түседі. Шешілмейтін Абайдың ұлы жұмбағының сыры осында жатыр ма деймін.
– Азамат, сіздің актер ретінде ғана емес, азамат ретінде де өскеніңізді, өз кемшілігіңізді аузыңызбен айтып, қателігіңізді мойындай алатыныңызға, әріптестеріңізді биік бағалай алатыныңызға қуанып отырмын. Улы нәпсіні жеңе білу де ұлылықпен пара-пар болды бүгінде, әркімнің қолынан келе бермес шаруа. Өзіңізбен-өзіңіз жұмыс істеп, өзіңізді жеңе білгеніңіз де Абайды танудың әсері болар?..
– Ұлы ақынды оқып, түсіну арқылы болмысымда өзгеріс болғанын өзім де сезіндім. Уақыт сынақтары да сабақ алғызады. Өмірдің кезекті «тәжірибесінен» кейін өз тұжырымыңды жасайсың. Адам үздіксіз жетілу керек. Әсіресе, актерге өсу керек. Өзінің кем-кетігін біліп, әлсіз жерін түсіну керек. Бірақ, барлық уақытта ашылып, ойымды бүкпесіз айта бермеймін. Қазіргі көңіл күйім өте жақсы. Шарықтап, аспанда қалықтап жүрген сияқтымын. Сергей Снежкиннің «Елбасы жолы» фильміне түсіп жатырмын. Қазір аздаған демалыс бұйырып, ұйқым қанып, тынығып қалдым. Былтыр тоқтаусыз сегіз ай киноға түсіппін, кино аяқтала салып, «Қорқытқа» кірістім. Биылғы жыл да түсіріліммен басталды, шығармашылығым қайнап жатыр.
– Абайдың қай өлеңі, қандай пайымы сенің өмірлік ұстанымыңды айқындаған болар еді?
Сенбе досқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап,
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап.
Менің өмірлік ұстанымым – осы. Мен ешкіммен таласқым келмейді, жаға жыртысып, көңіл қалдырар қатты сөзге барғым келмейді. Қазақта әдемі мәтел бар: «Аңшының жолы бір болғанымен, ризығы бөлек» деген. Еңбек етсең, оны ешкім елемейді, көрмей қалады, бағаланбай қалады деген өтірік. Түптің түбінде бағалайтын біреу қайтсе де табылады. Ал ақ теріңді ағызсаң, нәсіп сені өзі іздеп келеді.
Сұхбаттасқан – Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
“Алматы ақшамы”

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста