Авторлық құқықты қорғау жөнінде Берн конвенциясы алғаш 1886 жылы қабылданса, Женева конвенциясы 1952 жылдан бастап күшіне енді. Ал елімізде «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заң 1996 жылы қабылданған болатын. Бұл сала Қазақстанда кенжелеп дамып келеді. Халықтың авторлық құқық жөнінде ақпараттану аясы да кемшін деуге толық негіз бар. Мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында «Абырой» авторлық қоғамына бас сұққан едік.
«Абырой» авторлық қоғамының бас директоры Бауыржан Айдарбеков әңгімесін авторлар өз туындысын қажетті мекемеге тіркеп қоймағандықтан, келеңсіз жағдайда қалатындығынан бастады.
– Сіздің алдыңызда ғана кеңес сұрап бір ақын келіп кетті. Айтуынша, өлеңін бір әншілер тобына берген. Олар әннің қайырмасын қалдырып, қалған шумақтардың сөзін өзгерткен көрінеді. Сөйтіп, «әннің авторы – өзіміз» деп шешсе керек. Ыңғайсыз жағдайда қалған автор не істейтінін білмей дал, қолында шығарманың авторы өзі екендігін дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Сондықтан да сотқа шағымдана алмай отыр. Егер ол кісі топқа бермес бұрын өлеңін авторлық құқық қоғамдарының бірінің реестріне енгізіп қойса, біз авторлығын куәландыратын анықтама беретін едік. Әрине, егер шығармасын жария түрде пайдаланбайтын болса, біздің көмегімізге жүгінудің еш қажеттілігі жоқ. Ал болашағы бар деген туындыны тіркеп қою ешқашан артық етпейді, – дейді ол.
Алайда авторлық құқық қоғамдары шығармасын тіркеуге келген азаматтардың еңбегі нақ өзінікі немесе өзінікі емес екендігіне көз жеткізіп, тексеру жұмыстарын жүргізбейді. Бауыржан Тілеужанұлының айтуы бойынша, оны тексеру мүмкін емес. Оның себебін шығармалардың көптігімен түсіндіреді. Автордың адалдығына арқа сүйеп тіркейтін мемлекеттік мекемеде авторлық құқық жөніндегі куәлікті автордың жауапкершілігінің негізінде береді. Егер де ол адам плагиаттық жасаған болса, заңда көрсетілгендей жауапкершілікке тартылады. Осы тұста мына бір жайтты ескере кеткен жөн. Шығарманың авторы екендігін куәландыратын құжатты тек Әділет министрлігіне қарасты зияткерлік меншік жөніндегі комитет бере алады. Ал авторлық қоғамдардың барлығы қоғамдық бірлестіктердің қатарына кіреді. Олардың мемлекеттік тіркеумен айналысуға хақысы жоқ. Яғни автордың алдында екі таңдау бар. Бірі – еңбегін мемлекеттік органдарға тіркетіп қою немесе авторлық қоғамдардың реестріне енгізу.
Авторлық құқық қорғау саласы айрықша дамыған елдердің бірі – АҚШ. Бүгінгі таңда Америкада үш алпауыт, Аскап, Би-Эм-Ай, Сесак деген қоғамдар бар. Авторларды өзіне көбірек тарту үшін олардың қай-қайсысы да қызметті жоғары деңгейде көрсетіп, талмай еңбек етеді. Жоғары бәсекенің арқасында АҚШ-та аталмыш сала қарыштап дамыды. Америкалық өнер иелерінің байлыққа белшесінен батып отырғандығының себебі де – сол. Бұл ретте, Америкадағы жағдай мен еліміздегі хал-ахуал жер мен көктей. «Абырой» авторлар қоғамының бас директоры Бауыржан Айдарбеков мырзаның айтуынша, Қазақстанда авторлардың қаламақысын жинау жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған.
– Алматыда 1200-дей кафе, мейрамхана бар. Осылардың бәрін авторлық қоғамдармен келісімшартқа отырғызып, қаламақыны ай сайын жинап отырса, авторға да, қоғамдарға да кіріс кірер еді. Бірақ оған білек сыбана кірісіп жатқан ешкім жоқ. Ол үшін аймақтарды аралап, қаламақы төлемейтіндермен соттасу қажет. Оған ешкімнің де бас қатырғысы келмейді. Мысалы, кейбір кафе, мейрамханаларға: «Айына 1000 теңгеден беріп тұрсаңдар болды», – деп отыра береді. Осылайша, авторға тиесілі қаламақыны мөлшерінен екі-үш есе төмендетеді. Бұл – авторлардың мүддесіне қарсы жасалып жатқан іс. Мәселен, Қарағанды, Қостанай облыстарында қаламақы төлеуге міндетті мекемелердің тек 5 пайызы ғана борышын өтеп отыр. Шын мәнісінде, еліміздің өнері мен мәдениетін, рухани деңгейін өсірудің бір кепілі – авторлық қоғамдарды дамыту.
Алайда Бас прокуратураның зияткерлік меншік туралы заңнамалардың қолданылуына жүргізген тексеруі нәтижесінде, бірқатар авторлық қоғамдардың автордың емес, өз мүддесін ойлап, қомақты қаржыны қалтасына басқан жағдайлары да белгілі болды. «Мұндай жауапсыз қоғамдарға алданып қалмас үшін әр автордың заңгері болғаны жөн», – дейді Бауыржан Тілеужанұлы. Яғни «Автордың заңгер болуы міндетті емес. Тек белгілі бір қоғаммен немесе пайдаланушымен келісімшартқа отырмас бұрын заңгермен кеңесуі қажет».
Авторлық құқықтың қорғалуы төл мәдениетті өсіреді
Последние статьи автора