«Аққу, шортан һәм шаян» атты Ахаңның мысалын оқымаған қазақ жоқ шығар. Бірі – көкке, бірі – суға, бірі құрғаққа тартқан осы үшеуі секілді алауыздықты дәл бүгін біздің қоғамда авторларымыз бастан кешіріп отыр. Дәлірек айтсақ, ондай туталақайды авторларға таласқан ұйымдар тудырып отыр. Бертінге дейін бізде шығармашылық иелерінің құқықтарына жауап беріп, ақысын уақытында төлеп келген жалғыз қоғам жұмыс істеді, ол – Қазақстан авторлар қоғамы. Бар кілтипан онымен бәсекелес қоғамдардың құрылған сәтінен басталды. Басында онша мән берілмеген бірді-екілі оқиға, жинала келе, аталмыш ұйымдардың арасына сызат түсіргені былай тұрсын, соңғы кездері олар бір-бірімен соттасудан көз аша алмай қалған. Әділет іздеп әбден басы қатқан Қазақстан авторлар қоғамы жуырда баспасөз өкілдерін жинап, ашық мәлімдеме жасады.
Нақты дерек бойынша, бүгін елімізде Қазақстан авторлар қоғамынан бөлек, «Абырой» және САП (Шымкент) секілді тағы екі ұйым жұмыс істейді. Әу бастан уығын қадап, шаңырағын көтеріп алған ҚазАҚ-тың құрамында 1700-дей мүшесі бар, сонымен қатар ол екі жақты келісім бойынша 2,5 миллиондай авторы бар әлемнің 124 елінің Қазақстан аумағындағы мүддесін қоса бақылайды. Олардың туындылары бүкіл телерадио, кабельдік арна, кафе, мейрамханаларда, концертте пайдаланылады. Олардан түсетін қаржы тым мол: жүздеген миллионды құрайтынға ұқсайды. Кикілжің, дау-дамай, мінекей, осы қаржының төңірегінде, соны дұрыс әрі әділ бөлмеуден туындап отыр. Журналистерді шақырып, басқосуды ұйымдастырған ҚазАҚ төрағасы Марал Ысқақбай мырза жиынды осы жайттарды алға тартып, жағдайды түсіндіруден бастады.
Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы:
– Біз авторлар құқығын қорғау жолында қаншама жылдан бері қал-қадіріміз жеткенше қызмет істеп келеміз, осы аралықта ешқандай түсінбестік туған емес. Себебі біз тұтынушылардан түскен қандай қаржы болсын, әр авторға тиесілі мөлшерде – ай сайын, шетел авторларына жылына бір рет беріп тұрдық. Заңға енгізілген соңғы өзгеріс бойынша, автор сыйақысы кемінде үш ай сайын төленіп отыруы тиіс. Біз бұл талапты орындап келеміз, алайда біздің бәсекелестеріміз бір жылдан астам уақыт бойы өз авторларына ешбір ақы төлемей келеді. Бүгінгі жиын мақсаты – осы. Егер бұған дейін еліміздің түрлі құзырлы органдарына жазған хаттарымызға тиесілі жауап пен нәтиже ала алсақ, біз бүгін ақпарат құралдарының басын құрап, мәлімдеме жасамас едік. Өкінішке орай, олай болмай тұр. Қазір біздің көп уақытымыз осы саладағы заңсыздықтармен күресуге, соған жол берген ұйымдармен соттасуға кетіп жатыр.
Темірлан ТӨЛЕГЕНОВ, заңгер, «Абырой» АҚ авторлар кеңесінің жетекшісі:
– Авторлық – жеке құқық. Демек, автордың өзі ол құқығын қалай қолданса да, өзі біледі. Дәл қазіргі біздің текетіресімізді мен аға буын мен кейінгі толқынның арасындағы әр заманда болып тұратын қалыпты құбылыс деп білемін. Иә, бәріміз осы қарашаңырақ – Қазақстан авторлар қоғамынан түлеп ұштық. Осыдан үш жылдай бұрын әлгі қоғамға балама ретінде авторлық құқықпен айналысатын қоғам құрып, оны тіркеуге жол беретін заң қабылданды. Бәсекелестік, тартыс деген осы мәселеден шығып отыр. Заңсыздықтың бір көрінісі деп мен мейрамхана, кафелерге барып, «жігіттер, біз сіздерге қалаған сомаға келісуге бармыз, тек «Абыроймен» келісімшарт жасамасаңыздар, болды» деген де фактіні айтар едім. Алайда біз құрылғалы бері атымызға сай абыроймен қызмет істеп келеміз, соның дәлелі деп мен көптеген телерадио компаниясының бізбен әріптестікке келісуін айтар едім. Әу баста біз Қазақстан авторлар қоғамымен ауызбірлікте жұмыс істеуді ұсынғанбыз. Бірақ бұл қоғам мәмілеге келуден бас тартып, көптеген өкілетті орынға бізге қарсы хаттар жолдаған. Бұл жерде бір нәрсені ашып айтуымыз керек, Қазақстан авторлар қоғамы әу бастан монополистік қызметіне үйреніп қалған, содан бас тарту оңай болмай тұр, барлық мәселе, айналып келгенде, осыдан шығып тұр.
Баспасөз өкілдерін, сондай-ақ авторларды да шақырған аталмыш жиында «Абырой» мен ҚазАҚ арасындағы қайшылық сыры айқындала түсті. Екі жақтың өз принциптері бар, алайда Марал Ысқақбай мырза осы тұста өздерінің бәсекелес ұйымдармен келісімге келе алмауының мынадай нақты себептерін жайып салды:
1. Шетел қоғамдарымен жасалған келісімшарт бойынша, аталған ұйымның өздеріне сеніп тапсырылған құқықты үшінші жаққа беруге қақысы жоқ.
2. Авторлардың құқығына өкілдік жасатса, онда шетел авторларының мүліктік құқығы қамтылмаған соң, ондай шалажансар келісімнің заңды күші бәрібір болмайды.
3. «Абырой» мен САП авторлық сыйақы мөлшерін Үкімет анықтаған ең төменгі мөлшерден де төмен қоя отырып, заңға қайшы әрекеттерге барған. Әрине, олардың өз авторларының атына жұмыс істеп, төмендетуіне болар ма еді, бірақ олар бар-жоғы 150-200 автордың атынан өкілдік жасап, сыйақыны 2,5 млн автор үшін жинаса, әділеттілікке жатпасы анық.
Айта кету керек, авторлар қауымының кафе, мейрамханалар үшін белгілеген ең төменгі сыйақы мөлшері ең төменгі жалақы мөлшеріндей, яғни – 17 мың теңге. Ал осы ретте САП небәрі бір, екі, үш, бес мың теңге мөлшеріндегі сомаға ғана келісімшарт жасаған. Мұны дәлелдейтін құжаттарды осы жиында Марал мырза отырғандардың баршасына таратып берді. Аталған қауымның қаншалықты заңсыздыққа бой алдырғанын жұрт өз көзімен көрді.
Жиынға елімізге белгілі ақын Исраил Сапарбай, сондай-ақ Әбдірахман Асылбек сынды азаматтар мен сазгер Нұрлан Байгөзовтер келіп, қатысты. Нұрлан Байгөзов әу баста, Қазақстан авторлар қоғамы құрылмай тұрғаннан Марал Ысқақбайдың жанынан табылып, осы ұйымды құруға атсалысқан жан ретінде өз пікірін, төрелігін ортаға салды. Ал енді сонау Мәскеуден келіп, ондағы жағдай мен Қазақстандағы жағдайды саралап, сөз алған Тұрсынай Оразбаеваның пікірі басқосудың қорытынды нүктесін қойғандай болды.
Тұрсынай ОРАЗБАЕВА, автор:
– Менің Мәскеудегі Қазақстан Жазушылар одағының әдеби өкілі болып жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жылдай болды. Айтайын дегенім, бұрынғы Кеңестер Одағындағы елдердің ешбірінде қазір Қазақстандағыдай Жазушылар одағы жоқ. Себебі быт-шыт болып, тарап кетті. Татулық пен ынтымақ жоқ жерде береке де болмайды, іс алға жүрмейді. Дәл сондай масқара жағдайды Қазақстан авторлары бастан кешпес үшін «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығаруы» керек, бірақ заңның аясында. Ресейде қазір халық саны 160 миллионды құрайды, яғни бізді он орап алады. Бірақ сөйте тұра, оларда жалғыз авторлар қоғамы бар. Ресейдің бар жағдайына болмаса да, осынысына дән ризамын. Неге? Себебі ол жерде қаржы бар, ал қаржының бір орталықтан басқарылып, тарағаны дұрыс. Әртүрлі қоғамға бөлініп алып, олардың әрқайсысының әртүрлі мөлшерлемемен жұмыс істеуі мүлдем дұрыс емес. Біз әу бастан өз авторлық құқығымызды сеніп тапсырған бір қоғам болса, ол – Қазақстан авторлар қоғамы. Одан жамандық көрген жоқпын, тұрақты түрде қаламақымды алып келемін. Енді келіп, оған балама қоғамдар құрып, авторларды ары-бері тартып, таласқаны авторларға түкке де қажет емес. Қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деген бар. Сондай-ақ қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлының «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Әлгінде Темірлан айтқандай, бұл жерде мәселе – жаста, буындар арасындағы қайшылықта емес, ортақ тәртіпке бас имей, заңды бұзушылықта.
Осыдан соң илігуге көшкендей, «Абырой» АҚ авторлар кеңесінің жетекшісі Темірлан ТӨЛЕГЕНОВ былай деді:
– Бізде авторлық құқық жөнінде бір емес, бірнеше қоғамның өмір сүруіне жол беретін заң қабылданғанда мен де сол жерде болдым. Сөйтіп, ол жерде өз пікірімді ортаға салған болатынмын. Әрине, егер қоғамда бірнеше ұйым болса, олардың әрқайсысы әр жаққа тартып, ит тартыс болатыны белгілі. Сондықтан осы тұста бес қадам алға шығу үшін АҚШ тәжірибесін ұсындым: қоғамда бір мақсатта жұмыс істейтін қанша ұйым болса да, олардың әрқайсысының жұмыс істеу салаларын анықтап беру керек, яғни бір компания – тек қана телерадиокомпаниялармен, енді бірі – тек мейрамхана, кафелермен, ал үшінші біреуі тағы сондай орындармен дегендей. Осылай еткенде ғана бес саусақтың жұмылып, бір жұдырыққа қызмет еткеніндей, біз де біртұтас салаға жұмыс істей аламыз.
Қалай болғанда да, бізге ит тартыс қажет емес және жалпақшешейлікке салынып, көзге көрініп тұрған кемшіліктер мен әділетсіздіктерді жылы жауып қоя салудың да қажеті жоқ. Іс жүзінде заңсыздықтар орын алса, олардың ақ-қарасын құзырлы органдар айырып, авторлардың дер кезінде өз сыйақысын алып отыруын реттейтін жағдай туғызу қажет. Ал енді тағы бір айтарлық жағдай: еліміздегі әрбір шығармашылықпен айналысушы тұлғаның өз авторлық құқықтарын толық білуі үшін заңнан, оған енген өзгерістерден хабардар болуы шарт. Көзіміз ашылмай, көрсоқыр бола беретініміз, солайша көрінгенге талана беретініміз хақ.
Авторға керегі – алауыздық емес, қамқорлық
Последние статьи автора