Қазақ халқының тарихына қатысты тарихи деректердің кешенінде ауызша тарихтың алатын орны аса маңызды. Көшпелі өркениеттің негізгі тарихын аңыз-әпсаналар құрайтынын да жақсы білеміз. Бірақ соны мойындағысы келмейтіндер өте көп. Аңыздарға, ертегілерге, шежірелерге шалдардың шалдыр-шатпағы деп қарайтын қате түсінік күні бүгінге дейін жойылмағаны әмбеге аян. Тарихты қатып қалған санмен ғана бедерлейтін ғалымдардың да қарасы азаймай тұр. Осы қасаң қағидаға түрен салған қазақ кім десе, бәрі бірауыздан Ақселеу Сейдімбекті еске алады. Кеше Астанада «Ақселеу Сейдімбек: ғылыми мұрасы және Тәуелсіздік (ауызша тарих мәселелері)» тақырыбымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференция да соны айғақтай түсті.
Ахаңның «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегінде осы уақытқа дейінгі ел арасында атадан балаға айтылып келе жатқан қазақтың ру-тайпаларының құрылуына, ұйысуына, бірігуіне, қалыптасуына қатысты көптеген аңыздар мен шежірелер жинақталған. Қазақ тарихында бірінші рет ауызша жеткен ақпаратты дерек ретінде қабылдауға барлығын мәжбүр етті осы еңбегімен. Сонысымен тарихшы, деректанушы ғалымдардың санасына қазақ тарихын қайта жазу туралы ой салды.
Жазба әдебиетте ауызша деректен алғаш әдеби шығарма жасауды Мұхтар Омарханұлы Әуезов қолға алды. Абай бейнесін және сол қоғамдағы моральдық құндылықтар тізбегін ауыл арасындағы ақсақалдардың, замандастарының жадында қалған оқиғаларға сай қалыптастырған еді. Себебі дәл сол уақытта Абай заманындағы танымал тұлғалардың көбісіне қатысты мұрағат деректері жоққа тән болатын. Алайда Әуезовтен кейін аңызға әдебиет те, тарих та тек фольклорлық шығарма ретінде қарап келді. Ондағы айтылған ақпардың астарына үңілген адам болмады деуге толық негіз бар. Осылайша, біздің тарихи оқулықтарымыздың барлығы кеңес заманында қалыптасқан психологиямен жазылды. Ең әуелі КСРО-ның тапсырысымен «Қазақстан тарихы» болған еді. Тәуелсіздік алған соң да біздің тарихымыз қазақ тарихы бола алмады. Тұтас энциклопедиямызға дейін «Қазақстан тарихы» болып кетті. Олардың барлығында: «Қазақ туралы қытай не деді?», «Парсылар қандай ой айтты?», «Француздар қазақты қалай қабылдады?», ең әрісі, осындай мұрағат деректерін «орыс бізге қалай қорытып берді?» деген сауалдардың негізінде жазылған еді біздің «Қазақстан тарихы». Бірақ бұл тарих қазақтың данышпан датқалары, паң кейіп патшалары, тіпті дуалы ауыз ақсақалдары не айтты деген ұғымды ұмыт қалдырған оқулық еді. Осының барлығы Ахаңның өмірінің соңындағы өз қолымен бастырған соңғы кітапқа ауызша тарих деген атау беруге итермеледі. Содан кейін ғана сең болып семіп қалған миымызға қан жүгіре бастады.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы, этнограф:
– Осы уақытқа дейін тарихшылар шежірені тек бір әулетке қатысты тарихи сәттің бір бөлшегі ретінде қарастырып келген еді. Маркстік, лениндік көзқараспен жасақталған тарихи сана шежірені керітартпа кедергі санап, қазақ тарихынан аластатуды көздеді. Осы себепті қазақ шежіресі ғылыми тұжырымнан, ғылыми айналымнан шет қалып, жалпыға ортақ құндылық болудан қалған еді. Алайда біздің халықтың көрегендігі сонша, бүкіл тарихын ертегі мен жыр-дастанға сыйғызып, ешқашан материалдық апатқа ұшырамайтын материалға жазып кетті. Ол – абыз ақсақалдардың жады. Адамның миы дүниежүзіндегі ақпарат сыйымдылығы өте жоғары жад екенін аттың үстінде, атанның қомындағы қазақ сол заманда-ақ білген. Біздің бабаларымыздың тарихты жеткізу дәстүрі еуропалық жазу мәдениетінен үстем тұратыны сондықтан. Қағаз да, ағаш та әртүрлі табиғи апаттардың кесірінен бүлінуі мүмкін. Ал адамның миындағы ақпаратты ешкім ешқашан бүлдіре алмайды. Осыны Ақселеу ағамыз «Қазақтың ауызша тарихында» тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берді. Көзі тірісінде 2000-ға жуық шежірені жинап, соның ішінен ғылымға қажеттілерін ғылыми айналымға енгізгені үшін бар қазақ мақтан тұтуға лайық деп білемін.
Тарихшылардың алдында енді бір ғана мақсат болуы керек. Ол мақсат Ахаң өсиет еткен ауызша деректерді ғылыми айналымға енгізу қажет. Сол үшін ел ішіне кең көлемді тарихи-этнографиялық экспедиция жасақтасақ та артықтық етпейді. Экспедиция барысында осы уақытқа дейін жеткен барша аңыз-әңгіме, жыр-дастан, ертегі-әпсаналардың барлығы хатқа түсіп, дәйекті дүниелерді қайта сарапқа салу қажет. Бұл да Ахаңның артына қалдырған, біз орындауға тиісті өсиеттерінің бірі. Күні бүгінге дейін Радлов, Ильминский, Мелиоранский секілді миссионерлердің жинаған фольклорын қанағат тұтқанымыз жетеді. Енді барлығымызға қозғалу керек.
Ауызша тарих немесе Алаштың Ақселеуі
Последние статьи автора