Ауыл толы жиендер... немесе қыз – қалада, баласы – далада

Ауыл толы жиендер... немесе қыз – қалада, баласы – далада

Қырында киік жайлаған даланың дархан төсінде бұрын төрт түлік малы, ал қозы-лағымен бірге бір топ бала асыр салып ойнаушы еді... Қазір де, бәлкім, бұрынғыдай болмаса да, кей-кейде балалар ойнайтын шығар, бірақ қандай бала? Қазақтың жазылмаған заңы бойынша бұрын  жас жұбайлар тұңғышын өзімдікі деп иемдену былай тұрсын, тіпті емеурін де танытуды өздеріне айып санайтын. Өйткені тұңғыш немере – ата-әжесінің баласы. Ал қазір кішкентай құлыншағын ерткен ата-әжені көресің, бірақ ол немере ме?.. Болмаса қандай немере? Қазір сол «бірақты» тарқатсақ...
Гүлмира Абдуллаева, бастауыш сынып мұғалімі:
– Ауыл жиенге толған заман болды ғой бұл... Сыныбымда 20 бала оқыса, со­ның тең жартысы қыздың баласы, яғни жиен­дер. Бір мектепте қанша сы­нып бар, бір ауыл­да қанша мектеп бар, оларда қанша жиендер жүргенін өзіңіз ой­лай беріңіз. Кәдімгі ұлдан туған, сол ша­ңырақтың жалғасы дерлік немере аз. Мен мұны «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалға салып, бөлу ние­тінде айтып тұрғаным жоқ. Мәселе сол жиендердің неге нағашы ауылда жүр­ген себептерінде жатыр ғой.

Расында, бұл тағы кішкентай ғана се­беп­­тер емес, тарқатар болсақ, қазақтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайынан бас­тап, рухани жағдайы, бітім-болмысына де­йін тереңге кететін астарлы ақиқаттардың ашылуы ғажап емес.
Әлқисса, жиенді қандай тағдыр айдап келді?
1. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шо­қыттырмай өсірген қызын қияға қон­дыр­дым ба дегенде, жыл өтпей ұзатылған қыз қолындағы, тіпті құрсағындағы сә­биі­мен әке үйінің есігін қайта қағуға мәжбүр. Іші­не сыйған сәбиін қай ана сыртқа тепсін, қай әке маңдайдан қақсын, ел-жұрт жел­дей гулесе де, өсек өрттей қауласа да, пер­зент­тен туған перзенттің де кіндігін тап сол жерде кеседі, сосын сәл ес жиған соң қыз екі қолға бір жұмыс әрі жаңа мүмкіндік із­деп қалаға кетеді, ал бала нағашы жұртта қа­ла береді.
2. Жасыратыны жоқ, жаһандану жал­пы­мыздың құндылыққа деген көзқа­ра­сы­мыз­ды түбегейлі дерлік өзгертті. Бұрын мек­тепті, ары кеткенде жоғары оқу орнын бі­тірісімен тұрмыс құрып, балалы болуды, бір үйдің келіні болуды мақсат тұтатын қыз ба­ланың қазір 100-ден 70-80-і қала кө­ріп, қымбат көлік мініп, жақсы қызмет іс­теп, жақсы пәтерде тұрғысы келеді. Әуелі со­­ны қамдап барып, сосын тұрмысқа шы­ғу­ды ойлайды. Содан жүріп қалады да, уа­қыты өткен соң жалғыз қалмау үшін жандалбасалап бір сәби туып алады. Ал қиындығы сонан соң басталады: жары жоқ, жұмысы тоқтаған, жөргекпұл екеуді асы­рауға жетпейді, сосын жаңа туған ба­ла­сын ары кеткенде жасынан асырып, омы­раудан шығарады да, ата-анасына  апа­рып тастайды. Бұрынғыдай «мынау қай­дан шыққан бала?» деп өре түрегелетін олар да жоқ, сол дұрыс шығар деп, үнсіз не­мерені алып қалуға мәжбүр. Себебі – ал­майын десе, ол ертеңгі күні қаңғып қай­да бармақ? Жетім балалар үйіне ме? Әкесі бол­маса да, оның анасы, нағашы жұрты оты­рып, жиенін жетімсірету тіпті масқара, Ал­ла алдында да айып емес пе?
3. Қыз оқу да оқиды, жұмыс та істейді, тұр­мысқа шығып та үлгереді. Күйеуімен де араздығы жоқ. Бірақ жас отбасының әлеу­меттік жағдайы әлсіз, баспана жоқ, пә­тер жалдап тұрады, не ипотекаға алса, оның ақысын ай сайын төлеп тұруға тиіс. Сол үшін тіпті жас босанған ананың үйде бала күтімімен ұзақ отыруға да жағдайы кел­мейді. Осы  ретте тағы да көбіне-көп кө­мек­ке қыз­дың жұрты келеді екен, «жұ­мыс­қа шыға бер, баланы біз бағып бе­реміз» деп. Бәлкім, содан шығар, қазақтың жі­гіттің үш жұрты жайлы айтқанда, «нағыз жұр­ты» деп нағашы жұртын айтатыны.
Совет-Хан Ғаббасов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Тек отбасы ғана емес, жалпы, тір­ші­ліктің тірегі – әйел қауымы. Әйел қа­уымы бұзылған халық – бақытсыз әрі ер­теңі бұлыңғыр халық. Міне, қазіргі біз­дің тілге тиек етіп отырған мәселеміз, яғ­ни ауылдың жиенге толып кеткендігі – со­ның бір дәлелі. Ата мен әже қалай жие­нін бақпайды, егер отбасын құрған жас­тардың 70-80 пайызы бір жыл тол­май ажырасып жатса... Ажырасқанда ба­ла, әрине, анамен кетеді, оны жас әрі жал­ғызбасты ана асырап, бағуға қау­қарсыз болатыны түсінікті. Одан бөлек, қа­зір қай ғимараттың қасына барсаңыз да, мектеп, жоғары оқу орны бар ма, ке­ң­селер бола ма, топталып алып те­мекі шегіп тұрған жігіттерден гөрі қыз­дар­ды көреміз. Кейінгі кезде етіміз өліп кеткен бе, соған тіпті «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмайтын болған. Кө­ше бойы орысша сөйлесетін тағы да қа­зақтың қыздары. Міне, соның сал­дары – қыздардың оң жақта отырып ба­­ла табуы немесе отбасын құрмай жа­­тып, алғашқы қиындықтарға шы­да­май ажырасуы... Зардап шегетін бала, ұр­пақ... Бұл – түптеп келгенде, өз салт-дәс­­­түр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғысын жо­­ғалтып, «қызға қырық үйден тыю» де­­генді ұмытқан, мойынсұнбайтын, есі ке­­те еліктеу мен сан-саққа сансырап отыр­­ғанымыздың нәтижесі. 

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Қызды қойып, қазақтың келін­шек­тері қазір көшеде жамбасын әзер жа­батын етек­пен бала жетектеп келе жа­тады. Заман дейік, қоғам, уақыт де­йік, бірақ мен дәл солай киінгенді Еу­ропа не шығыс елдерінің көшесінен көр­меймін. Аялдамада сүйіскенді мен Ита­лия мен Францияда көрмеймін. Жа­понияда болса да жоқ. Неге менің қа­зағымның қызы қазір соны істейді? Қа­лай ана болады ол ертең? Оған да, мүм­кін, тыйым салатын заң керек пе деп ой­лаймын кейде. Қазір Астанада кө­шеге қоқыс тастағандар айыппұл тө­лей­тін болды. Енді оған қоса, қарт адам­дар, аналар мен сәбилер жүретін көп­шілік орындарда қыздың жігітке өзі жа­бысып тұруына да тыйым салатын заң шығарып қоямыз-ау?!. Әйтпесе ың­ғайсыз жағдайдың үстінен түсеміз бе деп, гүлзарлар мен саябақтарда дема­лу­дан қалдық бүгінде. Сонда деймін, кө­шеде сүйісуден ұялмайтын қазақ қы­зына анасы «сен қазақ деген, жанынан арын жоғары қоятын ұлттың қызысың» демей ме? Менің соған таңым бар. Ал оң жақта отырып босанатын, некесіз ұрпақты дүниеге әкеліп, тек өзін ғана емес, ұлтын да тексіздікке ұрындырып жатқан қыздарға айтарым жоқ. Ал жас отбасылар жайлы сөз бөлек. Оларға мейлі ұл жақ, мейлі қыз жағы қарасса да, жарасады. Бірақ ел болып, жас отбасыларға баспана мен әлеу­меттік төлемдер жағынан нақты жәр­дем беретін бағдарлама жасаудың жө­ні бөлек.

Мысқалдай мысал
Он сегізге келер күнді әзер тосып жүрсе керек,  әлпештеп өсірген әке үйінен қыз бір-ақ түнде қашты да кетті. Ашуға мінген әкеге ат, шешеге қамқа тон, үй ішіне тегіс алтын тағып, жігіттің жұрты кешірім алып, дүркіретіп той жасады. Бірақ сол қуаныш көпке бармай, қыз үйіне ұлымен қайтып келді. Тоқсаныншы жылдар еді, тұрмыс қиын, бесігін ана ұзақ күзете алмай, жұмыс іздеп кетті де қалды. Сол кеткені мол кеткені екен, басында ай сайын, кейін екі-үш ай салып, кейін жылына бір-ақ рет келетін мамасының түрін баласы біртіндеп ұмыта да бастады. Нағашы жұрты жақсы қараушы еді басында, кейін өз немерелері туған соң, мұны «ей, жиен» деп, бөлектеу басталды. Бұрын өбектейтін ата-әжесі кейін тіпті жекіп тастап, «жетпегір» атандырып, немерелерден қалғанын беретін болды. Өгейлік күй кешкен ұлдың кейін келе өздігінен қыз атаулыға қырғидай тиіскісі кеп тұратын болды, бұзақылық жасағысы келіп тұратын болды. Себебі бала біткеннің бәрі бақытты, жалғыз бұл ғана бақытсыз, бейне мұның бақытын басқа балалар бөліп алған сияқты. Бір жағы бұл кезде ол бозбала жасқа жеткен еді. «Не әке, не шешеме керегім жоқ екен, онда дүниеге не үшін әкелді мені?» деген сұрақ күні-түні санасында сайраған ол өзінің қалай өмірге өшігіп алғанын сезбей де қалды.  Жаман ортаға араласты, темекі шегеді, ішеді, ал ондайда нағашы жұрт мұны қыстың қандай суығына қарамай, үйге кіргізбей қояды да, жиен таң атқанша гаражда қонуға мәжбүр.
Сөйтіп жүріп ақыры бір күні жиен балалар колониясына түсті. Сонда ғана қаншама жыл көрмеген анасын көрді. Қанша өкпелесе де, ішінен ақтап алушы еді, «қолы тимей жүрген шығар, ақшасы жоқ шығар» деп, ал бүгін қараса, сол анасының үстінде қымбат тон, көліктің кілтін ұстап алыпты, ең ауыр соққаны – қасына бір ер кісі ере келгені. Онысы мұның анасына «жүр, бол тез, кеттік» деп қожайынсып тұр. Арадағы сағынышқа толы жылдарда анасын тым болмаса бір сәтке көруді армандаушы еді ұл, ал енді... бетіне қарағысы да келмей, жек көріп тұр. Себебі бұл анасына өзінің қажет емес екенін сезді. Түсінді. «Кет!» – деді құшақтап тұрған анасына. «Не дейсің?» – деп қайталай сұраған оған  «Жоғал!» дей беріп еді, дәл жақтан шапалақ сарт ете түсті. «Көрсетем саған жетімді, түрмеде шіріп өл!» деді де, анасы бұрылып кетіп қалды. Темір тор тарс етті, баланың жүрегі қарс айырылды. Жа­ңа ғана сарт ете түскен ана алақанының орнын сипаған баланың көзінен бір там­шы жас үзіліп түскен.
Ертеңіне нағашы жұртына «жиендеріңіз қайтыс болды» деген жеделхат жеткен еді. Ол асылып өліпті...

Түйін
Қазақ осыдан қаншама ғасыр бұрын-ақ тал бесіктен жер бесікке дейін адам тәрбиесінің ретін тауып қойған болатын. Соның салдарынан жетім, жесір, қараусыз қарт, тіпті қаңғыған ит пен мысық деген де болған емес. Бүгінгідей өз әкесінің тіпті атын да білмейтін, өз жұртын танымайтын ұл нағашы ауылда өріп жүрмеген. Қайта жылына бір қыдырып келген жиенді нағашысы еркелетіп, оған бәсіре атайтын болған. Ал кейін ержеткен соң қанша келем десе-дағы, оны өзі біледі. Тек бір жағдайда ғана бала нағашы ауылда жүруі мүмкін: егер ол үйдің жалғыз қызынан басқа перзенті болмаса, онда құдалардың келісімімен жиенді біржола қолға алмаса да, немере іспетті өсіруге нағашы жақ та атсалысқан. Ал бүгінгідей бейсауат жүрген жиен, тіпті тегі де белгісіз бала деген бұрын әсте болмағаны хақ. Себебі тіпті күйеуі қайтыс болса да, ол келіншекті әмеңгерлік жолмен қайнысы, не қайнағасына қосатын болған, ондағы кемеңгерлік сол – ұрпақты далада қаңғытпау. Баланы өмірге әкелетін – ана, бірақ ол да біреудің баласы, сондықтан оның өзі дұрыс тәрбие алмаса, ертең сау, текті ұрпақты дүниеге әкелуі екіталай. Ал ауылды жиен жауып кетуі – тек қыздың ғана кінәсі емес, жігіттің де жауапсыздығы, өз ұрпағына немқұрайды қарағандығының салдары.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста