Аудармашы тәжірибесімен бөлісті
Белгілі ақын, аудармашы, философ, мәдениеттанушы Әуезхан Қодар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің аударма ісі бөлімінің студенттерімен кездесіп, тәржімалық тәжірибесін бөлісті.
Әуесқан Қодар – қазақ, орыс тілінде бірдей жазатын және екі тілден бірдей аударатын танымал талант. Орыс және қазақ тілдерінде жыр жинақтары шықты. Ақынның «Цветы руин» жинағы орыс тілінен ағылшын тіліне аударылған. Ағылшын тіліне И.Полуяхтов тәржімалады. Өткен жылы «Алтын ғасыр» баспасынан шыққан «Аспан астындағы кездесу» атты аудармалар жинағы – жас аудармашылар үшін шеберліктен тәлім алу мектебі. Онда аудармашының Махамбет пен М.Жұмабаевтан аударған өлеңдері мен дастандары енді. Ол XVII-XVIII ғасырдағы Асан қайғы, Бұқар т.б. жыраулардың мұраларын орысшалады. Абай поэзиясын тәржімалауымен де жақсы таныс. Кездесуде ақын өз өлеңдерін, аудармаларын оқыды. Болашақ аудармашылар ақынның шеберлік ізденісін саралап, аудармалары туралы лебіздерін білдірді. Қызықты кездесуді аударма ісі бөлімінің 3-курс студенттері Д.Емберген, Ә.Әбдімомынова жүргізді. Студенттер Ж.Нұралина, А.Амантай, Г.Иген Абай әндерін, халық әндерін қазақша, ағылшынша, қытайша орындады.
Н.Ақылтай мен Ж.Нұралина Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасынан» диалогтер орындады. Филология ғылымының докторы, профессор, аудармашы А.Жақсылықов Ә.Қодардың шығармашылығымен таныстырды. Кешті аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Әнуар Тарақ қорытындылады. Ақын-аудармашы, кездесуге қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Кездесуді филология ғылымының докторы, доцент Е.Адаева ұйымдастырды.
Қ. САНДЫБАЕВА