«5:32» сериалының сценариін жазу барысында авторлық құқықтық бұзылуына қатысты іс бойынша сот шешімі шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы, журналист Асқар Жалдинов пен «5:32» сериалын түсірушілер арасында іске нүкте қойылды.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкер белгілі веб-сериалға сценарий жазу кезінде оның кітабын пайдалану фактісін негізге ала отырып, көпшілік алдында тануға мәжбүрлеу және 15 000 АЕК мөлшерінде авторлық құқықты бұзғаны үшін өтемақы және 3 млн теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Сот жауапкерлердің веб-сериал сценарийі талап қоюшының кітабында көрсетілген оқиғаларға сүйеніп жазылғанын анықтады. Жауапкерлер бұл фактіні жоққа шығармай, талапкердің кітабы елімізде әртүрлі уақыт аралығында болған нақты қылмыстарға негізделгенін алға тартып, ҚР ҚК 974-бабының талаптарына сәйкес авторлық құқықтың бұзылуын мойындамады. ҚР Азаматтық кодексі бойынша ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер авторлық құқық объектісі болып саналмайтынын және талапкер оларды монополиялай алмайтынын уәж етті. Осыған байланысты олар соттан талап арызды толығымен қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Сот тараптардың барлық уәждерін мұқият талдап, куәларды тыңдады. Нәтижесінде сараптамалық қорытындыларды зерделеп, шешімге келді.
Талапкер бұл кітапты жазу кезінде ІІМ мен республика соттарының мұрағаттарын, қылмыстық істер материалдарын зерделеу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген. Сондай-ақ, қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолдана отырып пайдаланған. Аталған әрекеттерді ескере отырып, сот кітап – шығармашылық жұмыстың нәтижесі деген қорытындыға келді.
ҚР Азаматтық процестік кодексі 972-бабының 3-тармағына сәйкес авторлық құқық объектiлерiне:
1) туынды шығармалар (аудармалар, өңдеулер, аннотациялар, рефераттар, түйiндеулер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық аранжировкалар және ғылым, әдебиет пен өнер туындыларының басқа да қайта өңделiмдерi);
2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және басқа да iрiктелу және (немесе) материалдардың орналасуы бойынша шығармашылық еңбек нәтижесі болып саналатын құрастырылған туындылар жатады.
Туынды және құрастырылған шығармалар оларға негiз болған немесе олар қамтыған шығармалардың авторлық құқық объектiлерi болу-болмауына қарамастан авторлық құқықпен қорғалады.
Сот отырысында талапкер ҚР АПК 72-бабына сәйкес жауапкерлердің өзіне тиесілі құқықтарды заңсыз пайдалану фактісін жеткілікті дәрежеде дәлелдеді. Ал, жауапкерлер авторлық құқық объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің заң талаптарына сәйкес келетіндігін және автордың құқығын бұзбағандығын дәлелдей алмады.
Авторлық құқық объектісі болып саналатын талапкердің кітабын жауапкерлер жазбаша сценарий түрінде автордың келісімінсіз пайдаланғандықтан, сәйкесінше талапкердің жауапкерлерге авторлық құқықтың бұзылғаны үшін өтемақы өндіру туралы талаптарын сот негізді деп санап, қанағаттандыруға жатады деп таныды.
“Сот барлық мән-жайларды ескере келе, парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып, талапты ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ, жауапкерлерге кітапты пайдалану фактісін аталған сериалдың кредиттерінде қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді. Жауапкерлерден талапкер пайдасына 1 000 АЕК көлемінде өтемақы және 1 млн теңге моральдық залал, сонымен қатар сот шығындары өндірілді. Ал, талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды”, – делінген хабарламада.