Желтоқсан айының соңғы аптасында Атырауда Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнатылды. Жел түстіктен тұрса, желтоқансаннан да жылылық сезінуге болады екен. Ақындық құбылысы құпияға толы еді, бүгінгі табиғат та тылсым тіл қатып тұрды. Қола мүсінді көмкерген ақ матаны жел көтеріп ашты. Табиғат адамның жоспарымен санасқан ба! Сценарий бойынша, ескерткішті адамдар ашу керек еді, Жаратқанның өзі ашқандай аңтарылдық та қалдық. Еңселі ескерткіш көкке қадала қарағанда бұлт арасынан күн сығалады. Облыс әкімі Б.С.Ізмұxамбетов және жұмекентанушы Қ.Жүсіп сөз сөйледі, жастар өлең оқыды, гимн әуеледі, алаңқай гүлге көмкерілді, адамдар тарқасты. Күн кірпігін дірілдетіп шымылдығын жапқаны сол-ақ екен, босаңсып тұрған бұлттар ағыл-тегіл нөсерлетті.
Табиғаттың үш бірдей кереметіне куә болған xалық маужыраған қалаға көлік терезесінен көз тастасқан.
P.S. Қоладан құйылған құдырет мүсін бір апта бұрын ашылуы тиіс болатын. Дәлдікпен кесіліп алынып келген граниттердің қиуы келмей, құрылысшыларды састырды. Ағамыздың өмірі де, өлеңі де күрделі болып еді, ескерткіші қалай оңай болсын дестік. Сәтін сәрсенбіге салған екен.
P.P.S. Атырау облысының әкімі Б.С.Ізмұxамбетовтің сөзі:
- Ардақты ағайын!
Бүгін атыраулықтар үшін ерекше күн, айрықша сәт!
Ғажайып ақын, мемлекеттік гимннің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішін ашқалы тұрмыз.
Поэзияға жаңаша келген, Тәуелсіздікті аңсап өткен азаттықтың ақыны еді. Ескерткіштің ашылуы Тәуелсіздік күні мен Жаңа жылдың ортасына түсіп отырғаны бекер емес.
Менің анам – Әсима апам Қошалақтың қоңыр баласын арқалап өсірген екен. «Тамыры тереңде, бұтақтары биікте» тұрған қарапайым қазақ ауылынан бойына күйдің қуаты, сөздің киесі дариды.
«Ақын өз ескерткішін өзі жасайды, халқы оны тек қана орнатады» деген сөз бар. Жұмекен ағамыз шығармашылығымен өз ескерткішін көзінің тірісінде-ақ жасап кеткен. Біз сол ескерткішті орнатып қана отырмыз.
Марқұм Әбіш ағам конкурсқа түскен ескерткіш нұсқаларын өзі таңдап еді. Нәсіп апай ескерткіштің мүсінделуіне қатысты. Денсаулығына байланысты келе алмай отыр.
Жұмекеннің атасы Нәжімеден ақсақал жалғыз ұлы Сабыр майданға аттанар сәтте Ашақтың сорына баласының табан ізін түсіріп алған екен. Жаңбыр-қардан қорғау үшін табан ізіне қара қазан төңкерген. Баласының майданнан қайтып келуін ырымдаған ақсақал ұлын сағынғанда сазға түскен ізге келіп мауқын басады екен.
Ал бүгін әсем Атыраудың кеудесіне бой көтерген мынау ескерткіш ақынын сағынған жұрттың жанын жылытса, рухын биіктетсе деген тілек бар бізде. Жұмекен Атыраудан адам болып кетіп, ескерткіш болып оралды.
Ақын рухы разы болсын! Жұмекен-жыр әр қазақтың жүрегінде жасасын!
Шыңғыс Мұқан
facebook.com парақшасынан алынды