Қазақстан мен Франция елінің арасындағы тарихи-мәдени байланыстың аясында екі елде көптеген игілікті істерге қол жетіп отыр. Жақында Францияның Шепп қаласында Аттила ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақстан атынан бір топ өкілдер барып қайтқаны белгілі. Біраз жылдан бері ғұндардың тарихымен айналысып жүрген тарихшылардың осы сапардан көкейге түйіп қайтқан көрікті ойлары бұрынғы баяу жүріске қамшы басқандай. Елге келісімен шұғыл дөңгелек үстел өткізіп, енді уақыт оздырмай, Алаш азаматтары Аттилаға қатысты өз елімізде жасалуы тиіс жұмыстарды жүйелеуге көшті.
Францияда тұратын Томский деген якут ғалымы сол елдің грантымен тек қана Аттила тарихымен айналысып келе жатқанына біраз жылдардың жүзі болған екен. Якут ғалымының жанкештілігі намысты нұқып өтетін іс қой әрине. Енді осы ғалымның да тұжырымдамаларын енгізе отырып, біздің елімізде де Аттила зерттеу институтын ашуды қолға алған Халықаралық адам капиталы институтының президенті Жанұзақ Әкім аталмыш шараның жұмыстарына кірісіп те кетті.
Көп ұзатпай Алматы мен Астанада Халықаралық ғылыми-тарихи конференция өткізілетін болды. Еуропада Аттила есімімен аталатын 40 елді мекен бар екен. «Бүгінде тарихтың тосқауылдар тасасында тұншығып қалмай, жастардың зейінін зерделеу үшін өз елімізде де ескерткіш орнатып, мұражай ашу, кітап шығару керек» деген пікірлер айтылуда. Алғашқы болып үн қосқан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астанадан көше атын беруді комиссия қарап жатқанын, келешекте ескерткіш орнату да қолға алынатынын мәлімдепті.
Бұрынғы батыс елдері Рим империясының бұғауында болды, Еуропаның дамуына тосқауыл болып, оларды тек құлдықта ұстады. Римнің қол астында бұрынғы Галлия, қазіргі Франция да бар еді. Римнің 120 мың әскеріне 100 мың әскермен қарсы шығып, ғұн патшасы Аттила Галлияға бостандық алып берген. Азаттық алып бергені үшін олар Аттила патшаны ұлы қолбасшы, әлем тарихының тұлғасы деп бағалайтыны сондықтан. «Осындай тұлға туралы неге көркем фильм түсірмеске» деген ой-талқыға біздің киногерлердің айтар уәжі дайын. 100 мың тұрмақ, 100 жылқыны табу, тапқан күнде де кино түсіріп біткенше ол аттарды жем-сумен қамтамасыз етіп, бағып-қағу оңай дүние емес екен. Десек те, режиссер Еркін Рақышевтың көп еңбектенуінің арқасында Аттила туралы деректі фильм түсіріліп жатыр.
Ғабиден ЖӘКЕЕВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Республикалық қоғамдық қорының төрағасы:
– Аттиланы галлиялықтар «Тәңірдің қамшысы» деп атаған екен. Оның себебі Аттила Тәңірге сенген. Ондық, жүздік, мыңдық деген жүйені енгізіп, темірдей тәртіп орнатқан. Шапқыншылық кезінде қай елге барса да мәдени мұраларына тиіспей, тек алтындарын ғана алып кете берген. Аттиланың шебер қолбасшы екендігіне тағзым етуші жергілікті тұрғындар оның әділеттілігін күні бүгінге дейін дәріптеп отыр. Ескерткіш орнату – соның бір көрінісі. Француздардан алатын, үйренетін игілікті істер көп. Біраз жоспарларымызды қолға алдық. Ал мұражай ашу, кітап шығару – алдағы күннің еншісінде.