Асхат Тарғынов: "Чип-чип-чип шоу-бизнеске болмаса да, той бизнеске керек..."
Қазіргі уақытта қазақтың тойы хит әнсіз өтпейтін болды. Соның бірі – «Мария Магдалена» әні. Қазір тойдың «чип-чипсіз» сәні жоқ. Бір ғана әнімен көпшілікке танылған Асхат Тарғынов өмірде қандай жан? Оның өмірлік ұстанымы қандай? Қазақ эстрадасының өлшемі «чип-чип» бола ала ма? Асхат Тарғыновпен әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.
– «Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң» демекші, туған жердің суы да, ауасы да ыстық. Сіз қай өңірдің тумасысыз?
– Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Есет батыр ауылында 1981 жылы дүниеге келдім. Есет батырдың ауылы шағын ғана болатын. Ауылда бар-жоғы 50 шақты үй ғана бар. Сол ауылдың құмында ойнап-өскен баламын.Ақтөбе педагогикалық институтында музыкалық білім алдым.Анам – тігінші. Әкем өмірінің ширек ғасырын совхозда істеген. Қазіргі уақытта екеуі де зейнетте.
– Өнердегі алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
– 5 жасымнан ауыл сахнасында ән сала бастадым. Негізі, біздің отбасымыз өнерге жақын.Отбасында үш ұлмыз. Нұрбол, Нұрдәулет және мен. Үлкен ағам да ән айтады. Бірақ қазір өзінің мамандығы бойынша, суретші болып жұмыс істейді. Өзінің суретшілікке қабілеті де, Құдай берген таланты да бар. Ал екінші ағам Нұрдәулет те кезінде ән салған. Қазіргі уақытта Ақтөбеде асаба болып қызмет істеуде. Ал мен мектеп қабырғасында жүріп домбырамен ән сала бастадым. Сөйтіп, аудандық концерттерге, байқауларға, «Әнші балапан», «Жас дәурен» және басқа да көптеген аудан, облыс көлеміндегі байқауларда бақ сынадым. Шалқар ауданында ән айтып жүріп, кейін мәдениет бөлімінде жұмыс істедім. 2005 жылға дейін Шалқар ауданында тұрдым. 2005 жылдан бастап үлкен сахнаға шықтым. Жеке шығармашылығыммен соңғы жылдары ғана айналыса бастадым. Оған дейін тиіп-қашып жүрген едім. Жасыратыны жоқ, тойларға шақыртулар келеді. Тойларға шығатын себебім, осыдан басқа табысым да, кәсібім де жоқ. Бірақ ата-анам да өмірден құралақан емес. Сондықтан ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бұл өнер бәрімізге дарыды десем де болады. Продюсерім жоқ, бірақ Ринат есімді пиар менеджерім бар.
– Репертуарыңызда 30-ға жуық әндер бар екен. Алайда бір ғана «чип-чип» сізді танымал етті. Одан өзге әндеріңіздің «бағы» жанбауының себебі неде?
– Шыны керек, басқа әндерім арқылы таныла алмадым. Бұл әнді мен «хит қылдым» деп те айта алмаймын. Тек қана орындаушымын. Халықтың таңдауымен хит болған ән. «Мария Магдалена» әнінің ерекшелігі – халықтың көбісі бұл әнді жақсы білмейді. Әнді Шалқар ауданындағы Хайдар, Сайлаубек деген ағаларымыз 1980 – 1985 жылдары орындаған және сол Шалқар ауданы ғана білген. Ескі әндердің бірі. Ол кездері ағаларымыз ансамбль құрып, жанды дауыспен итальян түріндегі нұсқасын орындаған екен. Кейін ешкім айтпаған соң, ұмыт болып қалған. Кейін оны Шалқар ауданына келіп, ағалардан үйренген едім. Алғашқы кездері итальян нұсқасында айтып жүрдім. Одан соң бір-екі жыл айтылды да, ұмыт қалды. Қазір көбісі қырғыздың, өзбектің, шетелдің әндерін айтуды сәнге айналдырып алды. Көбі қазақшаға аударып орындап жүр. Оны плагиат деп те атаймыз. Бір күні ескі ән дәптерімді ақтарып отырсам, итальян тіліндегі «Мария Магдалена» әні көзіме шалынды. Осы әнге қазақша сөз жазып неге айтып көрмеске деп ойладым. Той жанрында жаздырғаным рас. Сонымен, ойлана келе Сайлаубек Елмановқа хабарласып, сөзін жаздырдым. Осылайша, ән хит болды. Бүкіл Қазақстан, Ресей, Америка, т.б. елдерге таныла бастадым. Көпшіліктің арасында хит бола бастаған кезде, қысылатынмын. Әсіресе, «чип-чип» деген жерін айтқанда, жұрт қалай қабылдар екен деп алаңдадым. Алғаш орындалғаннан-ақ көпшілік бұл әнді жақсы қабылдады. Тіпті бір кеште бірнеше рет тапсырыс берген сәттері де болды. Әнім хитке айналғанмен, орындаушысы кім екенін білген жоқ. Сол үшін бейнебаян түсіруге тура келді. Ән көңілді болған соң, комедиялық жанрда түсірдік. Бірақ бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ұнатпағандар да бар.
– Бүгінде көпшіліктің таңдауы той әндеріне түсіп тұр ма? «Қызыл өрік» және «чип-чип» әндерінің хитке айналуының себебі осында ма?
– Сөзі жеңіл той әндерімен ғана шектеліп қалмауымыз қажет. Алайда «Мария Магдалена» менің шығармашылығыма жол ашты. Бұған дейін де ауыз толтырып айтарлық әндерім жетерлік. Өкінішке қарай, олардың барлығы хит емес. Мұндай әндердің хитке айналып бара жатқанына не себеп дейсіз. Мүмкін, заман талабы солай шығар. Мүмкін, тойшылдығымыздан шығар. Қазір тойды бір-бірімен жарысып, бірінен-бірі асырып өткізу сәнге айналды. Сол тойларға көбісі көңіл күйлерін көтеру үшін барады. Осы уақытқа дейін шетелдің, орыстың әндеріне билейтін еді. Ал қазір Құдайға шүкір, қазақтың да көңілді әндері көбеюде. Мысалы, «Аспанға қараймын», «Қызыл өрік», т.б. секілді билеуге ыңғайлы, әуені ырғақты әндер баршылық. Сол себепті де хит болып тұр. Егер бұл әндер болмаған жағдайда шетелдің әндеріне билейтін едік. Шоу бизнеске болмаса да, той бизнеске мұндай әндер қажет-ақ. Алдағы уақытта тек той қуып кетпей, сөзіне, мән-мағынасына қарап, ән жаздырсам деймін.
– Репертуарыңызда патриоттық әндеріңіз бар ма?
– Шығармашылығымда «Отан» туралы әндер жоқ. Қазір іздестіру үстіндемін. «Асыл азамат» деген әнімді Нұртылла Жүсіпов жазды. Сөзін Рақымжан Өтемісов деген ақтөбелік ақын-композитор жазған. Жалпы, еліміздегі абыройлы азаматтарға арналған. «Ауылым», «Ана тілі», т.б. туралы әндерім де бар. Патриоттық ән болған соң, көп ізденіп, халыққа мағыналы, мәнді дүние жеткізу қажет.
– Африкалық әнші Рич Димен бірге дуэт орындайды екенсіздер. Сол рас па?
– Рич Димен дуэт болып орындағанымыз рас. Негізінде, африкалық азамат Рич Ди өзі хабарласып, осы әнді дуэт болып айтуға ұсыныс білдірді. Ол жігіт африкалық болғанымен, Алматыда тұрып жатқанына 10 жыл. Осында оқуға келіп, арман қала Алматыда тұрақтап қалған. Өзі қазақ тілінде сөйлейді әрі қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде ән айтады. Шығармашылығында Шәмшінің әндері де бар. Көбіне тойларға шығып, Шәмшінің әндерін орындайды екен. Өзі өнерлі жігіт. Ұсыныс тастаған соң, бірге дуэт болып айтуға келістім. Бірақ әлі күнге дейін фонограммасын жария етпедік. Себебі, клиппен бірге жариялауды жөн көріп отырған жайымыз бар.
– Өзге эстрада жұлдыздарымен дуэт құру ойыңызда бар ма?
– Дуэтке ұсыныстар бар. Оған дұрыс ән таңдау қажет. Қазір қарбалас үстіндемін, уақыт тапшылығы болып тұр. Алдағы уақытта жақсы ән таңдап, Қазақстанның белгілі жұлдыздарымен бірге ән айту жоспарымда бар.
– Шығармашылығыңызда не жаңалық? Тыңдармандарыңызды немен қуанта аласыз?
–Біз халықты әнімізбен ғана қуантамыз. Жақында «Биле, жеңге» атты ән жаздырдым. Бұның авторы Әбдеш деген кісі. Қызылорда облысы Арал өңірінің тумасы. Қазір халыққа тарап, тойлардағы көңілді әндердің біріне айналуда. Бұл әнге жақында бейнебаян түсірілді. Қазір бейнебаянды монтаждау үстіндеміз. Бұйыртса, қалың көрерменге қыркүйек айында жол тартады. Оның бағасын көпшілік өзі берер.
– Бұл ән «Мария Магдалена» сияқты хит бола ма?
–«Биле, жеңге» әні «Мария Магдалена» секілді хит бола алмайды. Себебі, «Мария Магдалена» әні клип түсірмей-ақ, өз алдына хит болған ән еді. Сондай-ақ интернет арқылы халыққа өзі тараған болатын.Сол кездері интернеттен тоқтату да мүмкін болмай қалған еді. Ал «Биле, жеңге» әні көпшілікке енді таралу үстінде.
– Алматыда жеке шығармашылық кешін өткізу жоспарыңызда бар ма?
– Жеке шығармашылық кешін өткізу ойымда бар. Себебі, Алматы қаласына келгеніме қыркүйек айында 1 жыл толады. Бірақ маған әлі ерте секілді. Себебі, репертуарыма жаңадан өзгерістер енгізуім керек. Республика сарайына кеш өткізу үшін қомақты қаражат та қажет. Концерт беру оңай шаруа емес. Сосын тағы да бір жылдай дайындық қажет шығар деймін. Алла бұйыртса, алдағы уақытта көре жатармыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ