Бүгін, 4 қараша күні елордамыз Астана қаласында «Шабыт» XVII халықаралық өнерлі жастардың фестивалі басталды. Талантты, шығармашыл жастардың басын қосқан байқау шымылдығы Бейбітшілік және Келісім сарайында ашылды. Өнерпаздар додасы қарашаның сегізіне дейін жалғасады.
Биылғы «Шабыт» бұрынғыдан өзгерек. Себебі, фестиваль бағдарламасына жаңадан «Ұлттық музыка» және «Камералық хор» номинациялары қосылған. Енді жан-жақтан жиналған жастар халық алдына шығып, өнері арқылы шын талантқа тұсау жоқ екенін дәлелдей алады.
Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлттық музыка» номинациясы бойынша өнер көрсететіндер көп. Әсіресе, олардың арасында Қытай Халық Республикасынан келгендер саны басым. Қытайдан арнайы келген қандастарымыз осы халықаралық байқау аясында үрмелі (сазсырнай, сыбызғы, най) және шертпелі (жетіген, шатхан) аспаптарда ойнап, халықты таңғалдырмақ ниетте.
«Шабытта» бағы мен бабын сынап көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жастар жиналды. Қатысушылар саны бойынша Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы алда тұр. Жалпы «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас сыйлық – ҚР Президентінің кубогы, гран-при және 1,2,3 орын Лауреаты құрмет дипломы, сондай-ақ, «Шабыт» медалі берілетін болады. Бұл фестивальдің дипломанты атану арқылы талай дарын үлкен өнерге жолдама алады.
Байқау көрсетілімдерінен бөлек, қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазылар алқасы мүшелерінің концерті, музыкалық-көңіл көтеру шоуы, арт-клуб – танысу кеші, фестиваль лауреаттарына арналған қала әкімдігінің балы өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ұйымдастырушы комитет штабында мәдени проблемалар мен өзге де өзекті тақырыптарда дөңгелек үстел өткізілмек және халықаралық деңгейдегі өнер жұлдыздарының шеберлік сағаттары жастар үшін аса маңызды оқиға болмақ. Ал байқау жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау Гала-концертпен аяқталады. Халықаралық өнер додасын өткізуге Астана қаласы әкімдігі мен Астана қаласы Мәдениет басқармасы және Қазақ Ұлттық өнер университеті қолдау көрсетті.
Астанада "Шабыт" фестивалі басталды
Последние статьи автора