Астанада наурыздың 5-інен 16-сына дейінгі аралықта өнер мәселесіне қатысты айтулы шара өтеді. Бас қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 15 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық өнер форумында әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары бас қосып, пікір алмаспақ. Кеше Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева баспасөз өкілдеріне мәдени бағдарламаның жай-жапсары туралы баяндаған болатын.
Қазақ даласында ғана емес, тұтастай еуразиялық білім кеңістігінде бірегейлігімен танылып отырған Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына дәл наурыз айында 15 жыл толады. Сонау жылдары, елорда алғаш қалыптаса бастаған тұста бас қаламен бірге іргетасы қаланып, кейіннен Астанамен бірге ажары асқан өнер ошағының бүгінгі бет-әлпеті, бейнесі ғана емес, стратегиясы да тұтастай өзгерген. Мұндай өзгерістердің барлығын Ұлттық университет ректоры Айман Мұсақожаева тікелей Елбасының қамқорлығының арқасында екендігін алға тартады. Президенттің қолдауымен «Шабыт» атты сәулеті жағынан ерекше жаңа оқу ғимаратының салынуы да соның айғағы іспеттес. Өнер ордасына келсек, бүгінгі күні университеттің алты факультетінде Қазақстанның бүкіл мәдени дүниелері тоғысады десек, артық айтқандық емес. Өйткені мұнда классикалық музыкамен қатар, халық шығармашылығы, режиссерлік өнер мен хореография, кино мен дизайн мамандықтары бойынша студенттер білім алып жатыр. Бұдан бөлек, университет оқытушылары бүгінгі таңда сұранысқа барынша ие болып отырған «арт-менеджер» мен «кино және телеарна операторы» секілді мамандықтарды қоса алғанда, шәкірттерді 20-дан астам бағытта біліммен сусындатады.
Осындай өнер ордасының шаңырақ көтергеніне 15 жыл толуына орай Астанада 5-16 наурыз аралығында Халықаралық өнер форумы ұйымдастырылмақ. «Форум бағдарламасына келсек, оның ең шарықтау тұсы біздің есеп беру концертімізбен айшықталады. Одан маңыздысы бұл шараның бас қонағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы болмақ. Бұл да кездейсоқтықтан туындаған дүние емес. Өйткені елордада бой көтерген бірегей сәулет нысандары секілді Қазақ ұлттық өнер университетін ашу идеясының авторы да Н. Назарбаев екенін барша жұрт біледі. Мерейтойлық концерт «Қазақстан» концерт залында 6 наурызда өтеді деп жоспарланған. Бұдан кейін ондағы бағдарлама Милан мен Туриннің, Вашингтон мен Париждің, Токио мен Лос-Анджелестің алдыңғы қатарлы концерт залдарына шығатын болады», – дейді Айман Мұсақожаева.
Оның айтуынша, Халықаралық өнер форумы аясындағы маңызды шаралардың қатарында Астанада бірқатар беделді өнер университеттерінің өкілдерінен тұратын Ректорлар кеңесінің отырысын айтуға болады. ТМД мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының ұйымдастыруымен өтетін шараға Қазақстанның, Ресейдің, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Армения, Беларусь, Франция, Италия, Қытай елдерінің жоғары музыка мектебінің ректорлары шақырылған.
Бұдан бөлек, форумның құрметті қонақтары арасында Монако ханшайымы Каролин Мюрат, Граф Питер Шереметев, Полад Бюлбюль оглы, Михаил Швыдкой, Анна Сафонова секілді танымал тұлғалар да шақырылған.
Астана төрінде өнер форумы өтеді
Последние статьи автора