«Асау толқын» – жастар әлемі
Жуырда Көкшетаудағы «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы «Асау толқын» атты жаңа толықметражды көркем фильмді түсіріп бітті. Фильм сценарийінің авторы әрі қоюшы режиссері ақын, драматург, «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының көркемдік жетекшісі Баянғали Әлімжанов болса, продюсерлері – Марат Нәбиев және Арнұр Нұрқатов.
Картина қазіргі қоғам, бүгінгі жастар және қылмыс әлемі жайында. Басты рөлдердегі Баянғали Әлімжанов, Данияр Тұранов, Гүлнұр Қожанова, Данияр Құлмағанов, Жансая Сейітғалиевалар кейіпкерлерді нанымды бейнелей білген. Фильм Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде түсірілсе, әртістердің дені – Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенттері.
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, «Асау толқын» фильмі сценарийінің авторы әрі қоюшы режиссері:
– Жастар туралы тартысты, қызықты фильмде заманымыздың өзекті адамгершілік мәселелері қозғалады. Фильм жастарға тікелей тіл қатып, сауал қоя отырып жақсылық пен жамандық, таңдаған өмір жолының мағынасы туралы ойларын оятуға тырысады. Бұл үлкендердің жастарға: «Қайда барасыңдар? Кім болып бара жатырсыңдар?» деген жанайқайы сияқты. Негізгі әңгіме – қатыгездік, рэкетирлік жолға түскен колледж студенттері мен олардың зорлығына қарсы шыққан жас ғашықтар туралы. Әртүрлі өмір жолын таңдаған жастардың бітіспес қақтығысы ауыр жағдайларға әкеліп соғады. Әйтеуір, үзілмей қалған нәзік үміт қана көңілге медеу болады.