XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ оқығандары қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа алфавит қабылдауды не қолданылып жүрген араб графикасын біраз жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Сол тұстағы мерзімді баспасөз беттерінен қазақтың орысша оқығандарының арасында араб жазуының кемшін тұстарын сынай отырып, қазақ жазуына орыс графикасын енгізу жайында мақала жазушыларды да кездестіреміз. Міне, осы пікір ағымын өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланып қалғысы келген орыс миссионерлері араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін дәл бере алмайтындығын айтып, оның орнына орыс графикасын уағыздай бастады.
Олар араб жазуын тастап, орыс жазуына көшуді насихаттауды орысша оқыған қазақ жастары арқылы жүргізуді көздеді. Бұл жайында кезінде Н.И.Ильминский былай деп жазды: «Орыс мектептерінде тәрбие алған қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавитін қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қырғыз тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді».
Жазудың қай түріне жүгінеміз?
«Дала уәлаяты» газетінің 1896 жылғы 31, 32-сандарында жарық көрген «Қазақ тілінше жазу турадан» деп аталатын Д.Сұлтанғазин мақаласында былай делінеді: «Қазақтар көп заманнан бері араб әріптерімен жазады, алай болса да, қазақ сөздерінде әртүрлі жұмсақ әуездер көп болған себебінен араб әріптері жазуға анық толымды болмайды. Сол себептен бағзы бір білімді адамдар, мәселен, Григорьев, Ильминский дегендер қазақ сөздерін араб әріптерімен жазғаннан гөрі орыс әріптерімен келісімді болар еді деп жаһат қылғандар еді». Қаламгер жарияланымда түркі жұртының ғұламаларын да осы мәселе толғандырғанын, олардың бірқатары «араб әліпбиін тастап, жаңадан әліпби шығарайық» дегенді қолдаса, ендігі бір тобы «араб таңбаларын қазақ тіліне икемдейік» деген көзқараста екенін айтады.
Сол тұстағы араб таңбаларының қазақ тілін бейнелеудегі олқылықтары жөнінде жарық көрген келесі жарияланым авторы – Рақымжан Дүйсенбаев. Ол «Дала уәлаяты» газетінің 1897 жылғы 10-санында «Харіп турасының сөзі» деген мақаласында: «Көп-ақ білетін шығар, біздің қазақ халқының өз тіліне шығарған харпі жоқ болып, араб жұртының харпін ешбір қазақшаға түзетпей, сол жұртта қалай жазылса, сол бойымен алған еді. Және бұл араб әліпбиінің қазақ сөздерін жазуға толық емес көп кемдігі бар, һәм қайсыбір харіптердің керексіз артық екені де оқу білетіндерге белгілі», – дейді. Автор араб әліппесінің кемшілігі ретінде ондағы дауысты дыбыстарды таңбалайтын әріптердің жеткіліксіздігін және олардың дәстүр бойынша үнемі жазыла бермейтіндігін, мұның өзі бір-біріне ұқсас сөздерді дұрыс оқуға қиындық келтіретіндігін көрсете келіп, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алатын алфавит жасау мәселесін ұсынады. Қаламгер: «Әліпби шықпай тұрып, ғылым, білім жоқ.
Онсыз бола алмаған. Әліпби шыққаннан кейін ғылым, білім де шықты. Әліпби бар болғанымен, қиын шатағы көп болса, ғылым, білімге де көп бөгет қылады» деп тұжырымдайды.
«Дала уәлаяты» газетін шығарушылардың бірі Д.Сұлтанғазин аталған басылымның 1899 жылғы 22, 23-сандарында басылған екінші мақаласында қазақ тіліне орыс әрпін пайдалану керек пе, әлде араб жазуын жетілдіріп қолдана беру қажет пе деген мәселені талқылайды. Автор қазақ халқы басқа түркі халықтары сияқты араб таңбаларын пайдаланып келгенін, оны тастап, басқа әліпбиді аламыз дейтіндерге қосылмайтынын айта келіп: «Себебі қазақ білмейтін бір бөтен әліпби шығарғанша, бұрынғысын түзеткені жақсы», – дейді. Қазақ жазуына орыс әріптерін енгізуді ұсынатын миссионер ғалым Н.Ильминскийге қатысты көзқарасын былай аңғартады: «… бір білімді адам Ильминский деген қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазса керек, орыс әріптеріне бір-ақ өзгертсе керек дейді. Бұл кісінің сөзі де онша келісімді емес. Себебі бұл Ильминский орыс әліпбиіне көп латын әріптерін қосады және орыстың өз әріптерін бір түрлі қылып өзгертіп, орыс әліпбиін тым қиын қылып жібереді». Д.Сұлтанғазин қазақ сөзін жазуға өзгеріссіз алса, орыс, латын таңбаларының да сәйкес келе бермейтінін, жаңа алфавит қабылдағаннан гөрі «қазақтардың не заманнан бері ғадет алып үйренген» араб әліппесін қазақ тіліне лайықтап бір-ақ өзгерту туралы ұсынысын білдірді.
Латыншылдардың ұстанымы
Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы «Қазақ» газетіндегі «Бастауыш мектеп» деген мақаласында: «... қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы қазаққа тұтынып отырған араб қарпін тастатып, орыс қарпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да, орыс қарпімен оқысын дейді. Өкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы», – деп жазды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де әліпби мәселесі күн тәртібінен түспегенін сол тұстағы баспасөз материалдарынан көруге болады. КСРО құрамындағы түркі халықтарын араб таңбаларынан латынға көшіру мәселесі көтерілген тұста қазақ зиялылары «арабшылдар» мен «латыншылдар» болып жеті-сегіз жылға жуық қызу айтысты. «Еңбекші қазақ», «Ақ жол»», «Сарыарқа», «Жаңа мектеп», «Жаршы» сынды басылымдарда Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Елдес Омарұлы, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Әбдірахман Байділдаұлы сынды арыстарымыздың аталған мәселеге қатысты жарияланымдары жарық көрді. Белгілі қоғам қайраткері, журналист Әбдірахман Байділдин «Біздің жобамыз» атты мақаласында Мәскеуде қызметте және оқуда жүрген қазақ жастарының латыншылдар ұйымын ашқанын айтады. Күн тәртібінде бұл мәселенің неге қатты қойылып отырғанын айта келіп: «Елді сауаттандыру керек. Бұл игі істі тездетуге араб әрпі жарамсыз, тез хат танытып, тез жаздыруға қолайсыз. Оның баспа ісіне де кедергілері көп. Саны – 24-28, ал басуға, жазуға келгенде 100-ден асады. Шым-шытырық нүктелер көп, жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай оқылады, пән белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ» деген уәж айтады. Ә.Байділдин осы ескі әріптерді жамап-жасқап кәдеге асырайық дегендер – алға қарай дамуда жауыр ат пен шиқылдаған сынық арбаны тастағысы келмегендер, арабшылдар – «ескішілдер», ал латын әрпін өзі жүйрік, өзі берік отарбаға теңеп, мұны жақтаушылар «жаңашылдар» деп баға береді.
Мәскеуде, Ташкентте латыншылдар ұйымдары құрылды. 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздар съезінде әліпби мәселесі кеңінен талқыланды. Аталған жиында баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Түрік жұртының 90 пайызы араб таңбаларын пайдаланып келеді, әрқайсысының хат мәдениеті бар, бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес, мұндай қаржы мен қайрат қазақ түгіл, түріктің қай жұртында болса да жоқ», – деп, сол тұстағы қазаққа латын әліпбиіне көшуден гөрі қазақ тіліне ыңғайланып түзетілген төте жазудың тиімді екенін ғылыми негізде дәлелдеуге тырысты. Латын әліпбиін жақтап сөйлеген сөзінде Н.Төреқұлұлы мәдениеттің жаңалығы халықтың пікіріне қарап ілгері кетпей тұра алмайтынын, латын әрпін аламын, үйренемін деушілердің ұсыныстары қолдау табу қажеттігін айтты. Мектептегі балаларды таныстыру үшін осы бастан қазақша әліппенің соңынан тіркеп, бір-екі әңгімені латын әрпімен жазып, оқушылардың көздерін үйрете беру керек деген ұсынысын білдірді. Жиын барысында арабшылдардың да, латыншылдардың да дәлелдері тым толық емес болғандықтан, Қарақалпақ және Астрахань қазақтарын қосып, толық съезд шақыру мүмкіндігі бар еді. Соны еске алып, әзірге әдебиет және баспасөз бетінде еркін талқыға салып, көбінің пікірін білу қажет деп табылып, бұл мәселенің барысын қадағалау Қазақстан Халық ағарту комиссариатына тапсырылды. Съезд соңына қарай А.Байтұрсынұлы мен Н.Төреқұлұлының жобалары дауысқа түсіп, Нәзір Төреқұловқа – тоғыз дауыс, Ахмет Байтұрсынұлына сегіз дауыс берілген.
Латын әрпін алу мәселесі талас туғызғандықтан, қазақ-қырғыз білімпаздар тобының съезі бұл мәселені әлі де баспасөз бетінде талқылауды ұсынды.
Арабшылдармен айтыс
«Еңбекші қазақ» газетінің редакциясына «Күмәндіміз» деген шағын әрі сауалды мақала Үмбетұлы Мәжиттен келеді. Редакция алдымен Мәжиттің сауалын ұсынып, оған Телжан Шонанұлы жауап береді. Үмбетұлы Мәжит былай деп жазыпты: «Латын қарпі, араб қарпі деген әңгіме басталып жүр. Араб қарпінен неге қаштық? Орыстың миссионерлері Елменский шығарған қаріптен Ахмет Байтұрсынұлы шығарған арап қарпі еліне аса қолайлы тиген жоқ па? Баяғыдан бері қазақ сауатсыз болып келгенде, араб қарпі ұстап келді ме?»
Иә, Үмбетұлы Мәжиттің осы пікірінде ащы да болса сол кездің шындығы жатқан сияқты. Қазақ зиялыларының көпшілігі латын таңбаларының тиімсіздігін жан-жақты дәлелдеумен жанталасқандағы түпкі ойлары да осыған келіп тірелетін секілді. Әрине, сол тұстағы қазаққа Ахмет Байтұрсынұлы түзген төте жазу өте қолайлы болғанын, осы төте жазумен баспа ісінің өркендегенін жоққа шығара алмаймыз. Хат жолдаушы Үмбетұлы Мәжит өз тұсындағы көп қазақтың көкейіндегі сауалды қойған.
Редакция тарапынан жауап жазған Телжан Шонанұлы: «Үмбетұлы Мәжит жолдас «латын әрпін алудағы мақсат не, көретін пайда қайсы, анығын білетін азаматтар газет бетінде суреттеп, күмәнімізді ашса екен» деп сұрайды. Бұл сұрауды орынды тауып, басқарма өтініші бойынша қысқаша жауап бермекпіз», – дей келіп, әліппе мәселесі үлкен мәселе екенін, оны толық ашу үшін мақала емес, кітап жазу керектігін айтады. Арабқа қарсылардың басты дәлелдері: араб әліппесінің техника жағынан кемшілігі зор, құюы қымбат, теруге қиын, латыннан жеті есе қымбатқа түседі деген көзқараста екенін баяндай келіп, « … араб әліппесі ғылым кітаптарын, белгілерін, формулаларын жазуға келмейді, педагогикалық ешбір заңға үйлеспейді, осы кемшіліктері жойылмайды, оны тарих көрсетіп отыр, сондықтан латын әліппесін алалық деушілер – бір ағым» деп түсіндіреді. Қаламгер Телжан Шонанұлы арабшылдар ұстанымы жайлы: «Арабты жақтаушылар да араб әліппесінің жоғарғы кемшіліктері бар екенін мойындайды. Бірақ соның бәрі – араб әріптерінің жеке жазылмағандығынан. Жекеленсе, ол кемшіліктер жойылады деседі. Басқа әліппе алғанша, арабтікін жекелейік, кемшілігін оңдайық. Оңдауға келеді, келтіреміз деседі. Бұл – екінші ағым. Осы екі ағым тартысуда», – деген мағлұмат береді.
Телжан Шонанұлы оқырманға алдағы жазда қазақ білімділерінің екінші съезі болатынын, осы күні Баку қаласында съезд өтіп жатқандығын айтады. «Бұл мәселеге зорлық, бұйрық жүрмейді, әркімнің ықтияры біледі», – дей келіп, латын әрпі жайлы мағлұмат аламын деушілерге Нәзір Төреқұловтың «Жаңа әліппе неге керек?» кітабын оқуға, «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттеріндегі пікірталас мақалаларға көңіл аударуға кеңес береді. Телжан Шонанұлы не арабты, не латынды жақтап, насихаттамай, уағыздамай, екі жақтың бағыт-бағдарымен таныстырып, таңдауды оқырманның өзіне қалдырып, қосымша әдебиеттер ұсынып, оқырман сауалына нақ жауап береді, дұрыс бағыт-бағдар көрсетеді.
«Еңбекші қазақта» Нәзір Төреқұлұлының «Тағы да жаңа әліпби туралы» тақырыпты мақаласы жарық көрді. Нәзір Төреқұлов: «Жаңа әріпке көшу мәселесі соңғы екі жылдың ішінде қызу көтерілуде. Қазаққа латын әліпбиі керек деген сөзді 1924 жылы Орынборда болған білімпаздар съезінде мен қозғап едім», – дейді. Қаламгер сол кезде-ақ мұғалімдер мен жастар арасынан қолдаушылар шыққанын, бұл күнде жұмыс едәуір алға қадам басқанын айтады. Қаріп мәселесі Кеңестер Одағындағы Күншығыс елдерінің бәрінде көтеріліп, башқұрт, қырғыз, өзбек, түрікпен, қарашай сияқты бірсыпыра елдер қабылдап отырғанынан хабардар етеді. «Ескішілдеріміз әлі баяғы бетінен қайтпаған көрінеді. Байтұрсынұлы Ахмет латын әрпін алуға құбыжықтан артық қарсы болды» деп ренжиді. «Арабшылдар өздеріне жайлы ін жасап алып, жасырынбақ ойнауға көшті, мәселенің пән, техника жағын тастай беріп, саяси жағына жармасты», – деп кейиді. Әрине, пән, техника жағын шет қалдыруға болмайтыны белгілі, алайда саяси жағын да естен шығармағандарына бола сөгу орынсыз. Ұлттың, мемлекеттің болашағы алаңдатқан соң, саяси астар іздемеуге де болмасы анық. 30-жылдарда репрессия құрбаны болған арыстарымыздың көбі отарлау саясатының, қитұрқы айла-тәсілдерінің мәнін дер кезінде ұққан, түсінген. Мемлекеттік маңызды мәселелер төңірегінде ұтқыр да сергек пікірлер айта білген.
Қошке Кемеңгеровтің «… мұндай өзгеріс жасауға қазақтың қалтасы тайыз, күші келмейді» деген пікірін, Елдес Омаровтың «… қазаққа жаңа әріптің керегі жоқ, біздің мандайымызға біткен ұлт әрпіміз бар, өгей әріп қазаққа жанаспайды» секілді көзқарастарын Н.Төреқұлұлы қатты сынайды.
Түрікшілдердің тізе қосуы
Түрікшілдердің құрылтайы Баку қаласында 1926 жылы ақпанның 26-сында басталып, наурыздың 6-сына дейін болды. Түркі нәсілді ұлттардың көбінің өкілдерімен қоса, Бартольд, Ольденбург, Крымский, неміс профессоры Менсель, түрік профессоры Көперлі-зада мен Құсайын-зада секілді атақты ғалымдар, зерттеушілер қатысты. Құрылтай түркі халқының тарихын тану, мәдениетін зерттеу, түркі тілдерінің өзара тұқымдастығы, емленің жалпы негізі және әліпби сыны мәселелерін қарастырды. Әліпби сыны мәселесі бойынша Яковлев пен Жирков деген орыс профессорлары, түрік әліпбилері туралы Мамет-зада, Әлімжан Шарапұлы, Алпарұлы, Төреқұлұлы, Бердіұлы, Омарұлы және Байтұрсынұлы баяндама жасады. Латын қарпін қолдаушы Яковлев: «… жақсы әліпби тіл дыбысына түгел жетуі керек, қаріп белгісі аз болуы керек. Бұл екі қасиет – латын таңбаларын алса, қазақ әліпбиінен табылатын қасиет. Латын қарпі – жайылып келе жатқан қаріп, араптікі – тоқтап қалған қаріп», – деді.
Профессор Жирков араб қарпінің сұлу екенін, бірақ баспа істері жағынан қолайсыз, қазіргі жеңілдетуге жасап жатқан өзгертулер араб қарпінің сұлулығын бұзатындығын айтты.
Шарапұлы Әлімжан жасаған баяндамасында «… емле түзеу жүзінде түркі жұрттарының алдағысы – қазақ, латын қарпіне көшіп, көп қаражат, шығын шығарудың қажеті жоқ. Латын қарпінің қазіргі қарпімізден артықшылығы шамалы» деген пікірін жан-жақты дәлелдеді. Ахмет Байтұрсынұлы «қаріп мәселесіне мұқтаждық туып отырған жоқ. Азғантай күшімізді мектеп үйлерін салуға, оқушылар шығаруға жұмсауымыз керек» деп мәлімдеме жасады.
Аталмыш құрылтай жөнінде Нәзір Төреқұлұлы «26 жылдың мартында Бакуда болған түркі білімпаздарының съезінде латыншылдар 101 дауыс алып, жеңіп шығып, арабшылдар жеті дауыспен қалып отырған. Съездің бұлай қаулы шығаруы – латын мәселесінің толғағы жеткеніне толық дәлел», – деп жазады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы: « … соңғы баяндамалар талқыға түсіп сөз болмастан комиссияға жіберіле берді. Құрылтай дүкені жасаушылардың қолында болғандықтан, күні бұрын икемдеп қойғандықтан, қазанның құлағы қазаншының қалаған жерінен шықты», – деп ренжиді. Құрылтай съезд «… латын әліпбиінің артықтығына көз жетті, енді алу-алмау әр жұрттың, әр мемлекеттің ықтиярында» деген қарар шығарды.
Пікірталас тудырған латыншылдардың мақалаларында латын қарпін алу мәселесінен Әзірбайжан халқы алда тұр, «ілгері кетті» деп жазады. Әзірбайжан Орталық атқару комитетінің төрағасы Ағаманұлы Самат бұл іске тікелей араласып, жүзеге асуына күш жұмсады. А.Байтұрсынұлының «қазанның құлағы қазаншының қалаған жерінен шықты» деуі тегін емес. Бұдан съездің түркі халықтарының ғасырлар бойы қолданған араб таңбаларын тастатып, латынға көшіруді қөздегенін аңғарамыз. Съезд Әзірбайжан жерінде өтіп отыр. Әзірбайжан елі латын таңбаларына көшуді қолдаған бірден-бір ел болды.
«Түзетілген әріп»
1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында «Түзетілген әріп» атты Ахмет Байтұрсынұлының мақаласында араб әрпіне тағылатын міннің ең зоры оның төрт тұрпаттылығы болатын. Автор осы кемшілігінің жойылғанын қуана хабарлайды. 1927 жылы 20 қазандағы Татарстан білім ордасы әріп мәселесіне қатысты кеңес өткізгенін, кеңеске көптеген жоба түскенін, жобалар екі негізге бөлініп қаралғанын айта келіп, олардың әрқайсысының негізіне тоқталып, «біріншісі – араб әрпін европалау негізіндегі жобалар, екіншісі – араб әрпін өз негізінше түзеу жобалары» деп мәселенің мән-жайын тәптіштей түсіндіреді.
Ал енді Әбдірахман Байділдин зерттеп, топтастырып ұсынған, 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Жаңа әліппе туралы» деген сол тұстағы қазақ зиялыларының бірқатарының әліпбиді өзгертуге қатысты ұстанымдарын сараптайды. Мәселен, Смағұл Сәдуақасовты «....латын әрпін алудың саяси қорқынышы бар, молдалар қарсы болады. Араб таңбалары – ислам дінінің таянышы, әріптен қол үзсек, дінімізден де қол үземіз» деген пікірі үшін Әбдірахмен Байділдин мен Н.Төреқұлов «ескішіл», «діншіл» деп сынайды. Сондай-ақ Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Дулатовтардың «латын әрпін алсақ, халық жаппай сауатсыздыққа ұрынады» деген пікірлері де латыншылдар тарапынан қатты сынға ұшырады. Қошке Кемеңгеров пен Міржақып Дулатовтың «... латын әрпін алуға әлі ерте, алдымен одан басқа керектерімізді орындауымыз керек» деген сынды көзқарастарын Нәзір Төреқұлов: «Неге ерте, неге кеш емес? Бұларыңыз дұрыс десек, қалыңмал алу әдетін жою да ерте, қазақтың республика болуы да ерте, Мадияр мен Қошмамбеттің «лапылдап» қарсы шығулары да ерте...» – деп теріске шығарады.
Бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы, қаламгер-ғалым Телжан Шонанұлы әліпби мәселесі көтерілгелі бері, пікірталасушылардың емле мен әліпбиді шатастырғандарын айтады. Ол: «Емлеміз жақсы дегенге қосыламын. Бірақ таңбамыз, әліппеміз, арабымыз жақсы дегенге қосылғым келмейді. Орыс жолдастар қазақ латын әліппесін алса, қазақша тез үйренеміз дейтін көрінеді. Бұл тіл мен әліппені шатастыру болады. Бұл да дұрыс емес. Осындай шатастырулар арабшыл жолдастар арасынан көбірек табылады», – деп, әліпби өзгерсе, тіл өзгереді дегендердікі жөнсіз дейді.
1928-29 жылдары латын-қазақ әліпбиі авторларының бірі Халел Досмұхамедұлы қазақ халқы тұтынып отырған араб таңбаларын тастап, латын таңбаларын алуға қарсы болғандығын былай аңғартады: «... Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра, маған латын әріптерінің жобасын жазып беруге тапсырған соң, сол жобаны жасағаным да рас». Қайраткер-ғалым өз ойын: «Жазу мәселесі – өте зор мәселе. Оны жете тексеріп барып шешу керек», – деп қорытады.
Латын қарпіне көшуге байланысты пікірталас жеті-сегіз жылға созылды.
Қазақ зиялыларының өз пікірін, көзқарасын білдірмей қалғандары кемде-кем. Солардың бірі – қоғам қайраткері әрі қаламгер Ораз Жандосов «Еңбекші қара-шаруа әліпбиі» атты мақаласында: «Жаңа әліпби қозғалысының ұрысы әбден кеңейіп келді. Жаңа әліпби сөзден іске көшті. Оның бүкіл жержүзіндік тарихи маңызы барлығы да анықталды. Бұл еріккеннен істеліп отырған іс емес, тарихи жағдай соны керек қылып отыр», – деп түсіндіреді.
Халық комиссарлар кеңесінің 1927 жылдың 19 қарашадағы шешімімен Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті құрылды. Аталған шешім негізінде комитеттің төрағасы мен мүшелері тағайындалды. Төрағасы Нұрмақов Нығмет болса, мүшелікке Тоқтабаев Кәрім, Жандосов Ораз, Байділдин Әбдірахман, Ермеков Әлімхан, Тоғжанов Ғаббас, Шонанов Телжан сынды қайраткерлер кірді.
1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық кеңес комитеті ІV cессиясында «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі Қазақстанда мемлекет әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылдады. Осы қаулыдан кейін 1931 жылдың 1 қазанынан әрі қарай барлық мекеме, кооперативтер, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдар істерін жаңа әліпбиге көшіруге тиіс деп табылды. Жаңа әліпбиге көшуге әзірлік жүргізілді. 1930 жылдың қаңтарынан бастап газет, журнал, кітаптар тек жаңа әліпбимен басылуы тиіс болды. Қазақстан оқу комиссариатына 1931-32 жылғы оқу жылдары барлық мектеп тек жаңа әліпбимен оқытылатын болсын деп нұсқау берді. Сессия Халық комиссарлар кеңесіне, оқу комиссариатына, орталық шаруашылық кеңесіне, баспа орындарына тапсырма берді.
Мәрия Майлықұтова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспа ісі және дизайн кафедрасының аға оқытушысы