Арсыз қыздарға бейнебаян арнаған Серік Ибрагимов сынға қалды
Серік Ибрагимов "I by U" атты жаңа бейнебаянын жарыққа шығарды. Бұған дейін көңілді әрі отбасылық, романтикалық туындылар ұсынып келген Серік бұл жолы көпшілікті таңғалдырды. Ол жаңа әнін түнгі клубтан шықпайтын, бейәдеп қылықтарға әуес қыздарға арнаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әннің әуенін Еділ Ғаббас, сөзін Абай Әділханов жазған. Клипті бірнеше күнде 100 мыңдай адам көріп үлгерген.
Атап өтетін жайт, бейнебаянға Ибрагимовтің сахналық әріптесі Әбдіжаппар Әлқожа мен "5:32" веб-сериалының танымал актерлері Әбілмансұр Серіков пен Қобыланды Болат түскен. Көпшілік бейнебаянға "топ" актерлердің түскеніне қарамастан, сапасының сын көтермейтінін айтқан.
"Бәрінің әйел, бала-шағалары бар, мына клип тым ерсі екен. Отбасылы адам шетелге еліктеп хайп, тренд, атақ қуалап, ар-ұятымызды, бірінші үйде күтіп отырған отбасымызды ұмытпайық", "Тіпті мынадай актерлердің түскені құтқармады. Ән де, клип те нашар. Ұзақ күтіп едік", "Ренжімеңіз, бірақ ән де, клип те жиіркенішті. Бұзылған жастардың санын көбейту", – деп сынға алды тыңдармандар.