Арқа төсінде ел Тәуелсіздігін жырлаған айтыс өтті
Біраз уақытқа тұсалып қалған қазақтың төл өнері – айтыс қайта жанданды. Мәдениет министрлігінің ресми қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 19 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты үш күнге созылған республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Аманжол Әлтаев, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Шырынбек Қойлыбаев, Жандарбек Бұлғақов, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Сара Тоқтамысова, Бекарыс Шойбеков, Мұқтар Ниязов сынды еліміздің түкпір-түкпірінен келген 26 сөз мергені қатысқан үш күндік қызыл тіл бәсекесінде қазақтың қасиетті өнері жаңаша реңкке ие болғандай болды. Басында екі күнге жоспарланған дүбірлі дода кейін үш күнге ұзартылғаны белгілі. «Бұның себебі – айтысқа шығып, халық сөзін сөйлеймін деген дуалы ауыз ақын-айтыскерлердің көбеюі мен халықтың айтысқа деген ыстық ықыласы ескерілді», – дейді айтысты ұйымдастырушылар.
«Мінекей, қазақтың ең қасиетті өнері Елорданың төріне шығып отыр. Бүгінгі айтыстың жөні бөлек. Ерекше. Ақындар жетістік атаулыны кемелінен асыра жырлады. Бұлай ағынан ашыла да, ән-күйге шашыла да, төкпелетіп, төпелетіп өткізудің де бір себебі бар-ды. Айтыс – ендігіде мемлекеттің маңызды деп білер белбаласы. Бұл – аламан айтыс. Бұл – елдің елдігін жырлайтын, Тәуелсіздіктің тұғырын мықтайтын айтыс. Бірер жыл демін ішке тарта тұрған, тым-терең тыныста болған бұл қазақтың қасиеттісі бүгін қайта түлегендей күй кешті. Ақиық ақындарымыз арын да, барын да салды бұл додада. Қайсыбірі, күні бүгінге дейін қозғалмай келген тоңмойын тақырыптың шетін сөксе, енді бірі Тәуелсіздіктің таңын қайта атырғандай, жетістік атаулыны кемелінен асырғандай етіп жырлады», – деп атап өтті мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Ақындар екі күн бойы айтысып, 13-і күні өткен ақтық сынға Аманжол, Балғынбек, Бекарыс, Айнұр бастаған сегіз дүлдүл өтті. Қызықты да тартымды өткен айтыстың нәтижесі бойынша, бас жүлде және «Еліміздің бас ақыны» мәртебесіне белгілі ақын-айтыскер Аманжол Әлтаев ие болып, «Тойота Лэнд Крузер Прадо» автокөлігінің кілтін алды. Бірінші орынға астаналық ақын Айнұр Тұрсынбаева лайық болса, II-III орындарға Бекарыс Шойбеков және жас ақын Жандарбек Бұлғақов ие болды. Айтыстың бас демеушісі –«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының атынан барлық жеңімпаздарға су жаңа автокөліктер сыйға тартылды.
Сондай-ақ Әлібек Серғалиев, Сара Тоқтамысова, Еркебұлан Қайназаров және Сырымбек Сәрсембаев сынды от ауызды, орақ тілді ақындарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалды Балғынбек Имашев бастаған үш ақынға тағы үш көліктің кілтін табыс етті.