Семей қалалық кәсіподақтар үйіндегі Оралмандарды бейімдеу орталығында алдағы уақытта жарыққа шығатын «Арнадым саған, атажұрт» атты энциклопедиялық үлгідегі кітаптың жобасы таныстырылды. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы мақсатты істің санатынан табылатын бұл жобаның авторы – Әскерхан Ақтай.
Жоба таныстырылмас бұрын Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Айдын Рысбекұлы шара барысын қысқаша баяндаған соң, белгілі этнограф тарихшы Мұхаметқазы Мұхамадиұлы сөз алып, осыдан 50 жыл бұрын кеңестік кезеңдегі шекара ашылған шақта туған жеріне оралған қандастарымыздың өмірінен сыр шертті. Белгілі ақын Құсмілия Нұрқасым оралман ағайынға қатысты түйген ойларымен бөлісе келіп, қазақтың көрнекті ақыны К.Мырзабековтің «Көрінген көз ұшында Тарбағатай» деген әйгілі өлеңінің тарихы, басқа да жайлар туралы мол мағлұмат берді.
Бұдан кейін оралмандар үшін ғана емес, барша қазақтың игілігіне айналатын «Арнадым саған, атажұрт» жобасы туралы идея авторы Әскерхан Ақтай арнайы слайд арқылы болашақ кітап тарауларымен таныстырды. Жинаққа Шығыс өңірдің қалалары мен аудандарында табысының тасы өрге домалаған, айналасының үлгі тұтар азаматына айналған жандар еніп, олардың өмір жолы, жетістіктері, иелігіндегі нысандары суретімен берілген.
Алла сәтін салса, жоспарланып отырған кітаптың тұсаукесерін фестиваль деңгейінде өткізу көзделіп отыр. Ә.Ақтайдың айтуынша, маусым айында Өскемен қаласында өтетін тұсаукесер кезінде 1000 адамның қатысуымен еліміздің Әнұраны шырқалып, «Қаражорға» биі орындалатын болады. Сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен жәрмеңке өткізілмек. Фестиваль соңында «Үздік дәрігер», «Үздік шаруа қожалығының иесі», «Үздік кәсіпкер», «Үздік қолөнер шебері» секілді бірнеше номинация негізінде облысымыздың аудан, қалаларының ұсыныстарымен бірқатар азаматтар марапатталмақ.
«Арнадым саған, атажұрт» кітабы жарық көрмек
Последние статьи автора