Армяндар қазақша ән салды
Керекудегі «Айреник» армян этномәдени бірлестігі «Жан гүлім» («Джан гулюм») ұлттық мерекесін атап өтті. «Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында өткен шара барысында жұртшылыққа армян ұлтының төл мәдениеті паш етілді. Сондай-ақ қазақша әндер шырқалды.
Бүгінгі таңда өңірімізде армян ұлтының 1000-нан астам өкілі өмір сүреді. Тағдырдың жазуымен Қазақ елінен пана тапқан олар еліміздің көркейіп, дамуына сүбелі үлес қосуда. Армяндар саяси 30-жылдары күштеп қоныстандырылған. Олардың елімізге жер аударылуының екінші кезеңі тың және тыңайған жерлерді игерумен жалғасын тапқан. Сөйтіп, армяндар үшін Қазақстан кіндік қаны тамған Отанына айналған. Этномәдени бірлестіктің «Айреник», яғни «Отан» деп аталуы да сондықтан. «Жан гүлім» – тамыры тереңде жатқан діни мерекелердің бірі. Маусым айында тойланатын мейрамда жұртшылық дала гүлдерін жинап, алқагүл (венок) өреді. Үйлерді аралап, ұлттық әндерін шырқайды. Қонақ күткен үй иелері алғыс ретінде қонақтарға тәтті тағамдарды сыйға тартады. Бұл әрекеттер арқылы адам мен табиғат, Жер-Ана арасындағы үйлесімнің мән-мағынасы паш етіледі. Мерекенің негізгі құндылығы да осында жатыр.
Эльмира ПЕТРОСЯН, «Айреник» этномәдени бірлестігінің төрайымы:
– «Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында өткен жылы «Өрік күні» атты ұлттық мейрамды тойладық. Өрік ағашынан армян ұлттық аспабы – дуду жасалынатындықтан, бұл өсімдіктің мән-маңызы ерекше. Ал бүгін «Жан гүлім» тойын атап өттік. Сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны Абай мен армян халқының ұлы ақыны Аванэс Туманянның шығармашылығы дәріптелді. Замандас болған қос алып жұртшылықты достық пен бауырмалдыққа шақырғаны баршаға мәлім. Біз, Абай мен Аванэс ұрпақтары, олардың мұрасын насихаттап, жастардың бойына сіңіруді парыз санаймыз.