«Арман-ай» деп айтатын арманым көп
Жанна ОРЫНБАСАРОВА, әнші:
– Жанна, жуырда «Арман-ай» деп аталатын жаңа альбомның тұсаукесерін өткіздіңіз. Күйтабақтың бірінші альбомыңыздан қандай ерекшеліктері бар?
– «Арман-ай» деп аталатын альбомымның ішіне 12 ән кірді. Ол әндердің барлығы лирикалық әндер санатына кіретін, қазақстандық композиторлардың жазған әндері. Әндерді өте мұқият және талғампаздықпен таңдадым. Қазақстандық композиторлар, әншілердің бұл альбомды жаратуымда еңбегі орасан зор. Өйткені олар да жан-тәнімен кіріскен болатын.
– Қазіргі әншілер әмбебап болып кетті. Ән айтумен қатар билеуді де жақсы меңгеріп жатыр. Келешекте қай қазақстандық әншімен ән айтуды жоспарлап отырсыз?
– Жалпы, қазақстандық әншілердің бір-біріне көзқарасы оң. Барлығы бір-бірімен достасады, араласады. Мен талантты, өнерлі, биік шыңдарды өз еңбегімен бағындырып жүрген адамдарды құрметтеймін. Басқа әншілермен ән айту мәселесіне тоқталатын болсақ, Жұбаныш Жексенұлымен бірге айтқан әніміз бар. Менің бірінші альбомым қазақша-орысша әндермен араласқан болса, бүгінгі екінші альбомым тек қана қазақ тілінде шырқалады. Бұл альбомға көп күш, ерекше сезім бердім.
– Күйтабақ неге «Арман-ай» деп аталды?
– Жеңіс Сейдолла ағамыз осы әнді маған көрсеткенде қатты ұнады. Бұл әнді маған бересіз деп тұрып алғанымда, маған сыйға тартты. «Арман-ай» аталғаны себебі адамдар мақсат-мұратсыз өмір сүре алмайды. Мақсатқа жеткен соң, қайтадан алдына мақсат қойып, армандай бастайды. Менде, әсіресе, «Арман-ай» деп айтатын арманым көп.