Әрі кеткен ән, өлексе өлең... шаршатты

Жаратушы Иеміз Аллаһ қана жалғыз.
Қарап тұрсаңыз, осынау жалған дүнияда одан басқа жалқы жаратылған не жанды не жансыз ешнәрсе жоқ. Бәрі қос-қостан, жұп-жұбымен. Әр жұп бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі әр беріп, сән беріп тұрады. Өйтпесе, қай-қайсысының да өмірінің сиқы кетіп, репеті бұзылады.
Мысалы ән мен мәтін де сол сияқты. Ұтыры келгенде айта кетейік, не алып бара жатқан терең мән-мағынасы жоқ, не көз тартар көркемдігі жоқ, тек «техникалық жағы» мен ұйқасынан мін табылмас небір өлеңдерге әп-әсем ән жазылып орындалғанда әлгі «байғұс өлеңіңіз» әжептәуір дүние боп шыға келетінін айтсаңшы. Мысалы:
Жайнайды гүлдер далада
Сүйгенім менің қалада
Сүйемін сәулем өзіңді
Басқаны қалама!
Қалада бір сүйгенім бар дей тұрып, сені сүйемін, басқаны қалама деп дені сау адамның айта қоюы екіталай өлеңнің әні қандай тамаша десеңізші?! Әрі ойнақы, әрі үздігіп тұр емес пе?
Иә, егер әннің мәтіні (сөзі) болмаса ол да бір, тіл-құлағы жоқ мылқау да бір. Әннің әрі де, сәні де –мағыналы, ой тастар қуаты, жан тербетер сиқыры бар сөз. Әсіресе, махаббат туралы әндердің сөзі жастардың жүрегіне от тастап, шоқтай қаритын, ал «басынан дәурені өткен» дегендей елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған жасамыстар мен қартамыстардың тіпті одан да өтіп кеткен қариялардың өткенін еске салып, сай-сүйегін сырқырата отырып, кешегі бір келмеске кеткен қайран күндерінің керуен тізбегін көз алдынан көлденең өткізетіндей, үрзада жүректі үзілдіре сыңсытатындай болуы-басты шарт. Ал сол әнге үні де, жүрек лүпілі де, жалған болса да жарық дүниеге деген разылығы мен наразылығы да үндес әнге жұп боларлықтай мәтін (сөз) керек. Сонда ол екеуі, яки ән мен мәтін жұбы жарасқан қос ғашықтай, мөп-мөлдір бір махаббаттың үлгісіндей бір пәкизат дүнияға айналады. Бұндай дүниялар тек өнер туындысы ғана емес, ол – ұлттың рухын көтеретін, өмірге деген сүйіспеншілікке бөлейтін керемет бір кие. Әттең, біз бүгінде сол киеміздің, сол қасиетіміздің қадірін білмей, білмегенімізбен тұрмай оның асыл ажарын, бет-пішімін адам танымас күйге түсіріп, көнекөздерше айтқанда шын-шайтанның ойранды ойынына айналдырдық десек бір мысқал да қателеспейміз.
Осы күні ұлан-асыр ұлы дүбірлі мерекелерде де, ауыл-үйдің айналасындағы той-томалақта да ұялмай-қызармай жұрт алдына шығып, теледидардың бетін бермей ән салып «жұлдыз» атанып жүргендердің не әнінде, не мәтінінде, не өзінің дауысында құртақандай да құн жоқ екені айтылып та, жазылып та келеді. Амал не, қазақтың білген сөзі үрген сөзбен бірдей күйге түскен мына заманда сондайлардың шынында да «жұлдызы жанып», тасы өрге домалап күннен-күнге өршіп барады. Мұндайлардың өнердегі бұл бассыздығына дем беріп, олардың желқайықтай желпілдеуіне жел беріп отырғандар– ең әуелі еліміздің телеарналары. Қазір телеарналарда қалың шегірткедей басып алған журналист емес журналистер, ойдан-қырдан келген жүргізушілер, тележурналистикадан да, баспасөзден де бейхабар, адамның жұлынын «арқадағы миы», башпайын-«аяқ саусақтары» деп сөйлейтіндер эфирлік уақытты толтыру үшін небір әнші еместерді әнші, «жұлдыз» қып, солардан неше әйелің бар, неше балаң бар, неше рет үйлендің, үйде тамақты кім пісіреді, қыздар хат жазбай ма деген сияқты малғұндық сұрақтар қойып, онысын «кездесу», «интервью», «сұхбат» деп ойына келгенін теле көрерменге ұсынады.Содан әлгі әнші емес ақшатапқыш жылпостар, әйгілі әнші, сазгер атанып шыға келеді. Бұл ұлттық өнерімізге, ұлттық рухымызға жасалып отырған қастандық деп бағаласақ та артық болмас еді. Телеарналардың бұл ісін өнерімізге, мәдениетімізге, жалпы руханиятымызға орасан зор кесапат әрі қылмыс ретінде қозғайтын да мезгіл жетті.
Иә, қазір бұл «жұлдыздар», «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» өнерге келген озбырлықтың бір түріне айналды. Қатты айттың дейтіндер дей берсін осылардың кесірінен қазір ұлттық музыкамыз өзінің ұлттық бояуынан айрылып, тыңдап отырған әнің қай елдікі екенін білмейтін күйге түстік. Ұлтымыздың өнерге, ән-күй өнеріне деген талап-таразысы, талғамы өзгеріп, құлдырауға айналды. Бұл – әсіресе, жас ұрпағымыздың өзінің ұлттық өнерінен бейхабар, дүбәраларға айналуының бірден-бір бастамасы. Теледидарда әлгіндей әнші емес әншілер не әуезінде, не сөзінде мән-мағына жоқ, әлде екі есті, әлде мас адам сөзін жазған ба дерлік бірнәрселерді қисалаңдап «Сен, сен, сен» деп немесе «құралай шаш» деп тұрғанда телестудиядағы немесе концерт өтіп жатқан алаңқайдағы жастар қосыла теңселіп, ара-тұра «ө-ө-өу» деп шуылдап жатқанын көргенде Аллаһ кешірсін «елімнің ертеңі еш нәрсенің байыбына бармай шуылдаған мыналар болса қазақ қандай ұлтқа айналар екен» деген де күнәһар ойға кетеді екенсің.
Иә, бұл мәселенің айтылғанына аз уақыт болған жоқ. Оны бұлбұл үнді Бибігүл Төлегеновадан, күні кеше бақиға аттанған әлемге аты әйгілі әнші Роза Бағлановадан, Ермек Серкебаевтан бастап, небір білікті музыка мамандары, өзге де өнер саласының саңлақтары айтудай-ақ айтып, баспасөзге де талай мәрте жазды. Әттең, білген сөз үрген сөзбен бірдей болған заманға, қоғамға не дерсің?!
Бір таңданарлығы сол – теледидардан түспейтін бұл «жұлдыздар» айтып жүрген әлдекеш-әндерде бар болса бір, екі нота ғана бар. Болмаса ол да жоқ. Бірақ солар өздері әлдеқандай қып, «оранжировка» деп атайтын даңғыр-дұңғырдың үні ғаламат! Олар ән деп салып тұрған ызы-шудан бірауық ойыңызды бөліп, енді солар айтып тұрған мәтінге құлақ түрсеңіз, оны поэзия немесе ән мәтіні дегеннен гөрі не есуастау, не мас адамның елірмесі екен деп қалу да әбден мүмкін. Сенбесеңіз қараңыз:
Біз екеуміз жолықтық тым кеш
Бір болуға қорықтық мүмкін емес
Арамызды бөліп тұр бір белес
Өткенді қайталау мүмкін емес
Жолыққан күнді қайтарсам деймін
Қасыңда қалып сені жылытсам деймін
Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым-ақ
Сеніміңнің биігіне барам құлап
Сезімім күйіп барам
Жүрегім күйіп барам
Жүрегім жылап жанар
Шыдайды жүрегім, кетпе сен
Сенсіз ол соқпай қалады
Сүйемін, сүйіп күйем
Сенікін, тіпті, үзіп келем
немесе
Сенсіз ол күйіп қалады
Жүрегім от боп жанар

Бұл ән-сымақты Әйгерім Қалаубаева деген қыз орындайды. Ал енді осыны мәтін, өлеңнің сөзі, оны дені сау, ақыл-есі дұрыс адам жазған дей аласыз ба? Оны өзіңіз біліңіз... Әлде өзі сөзді түсініксіз қып айтуды сән көре ме, әлде бары сол ма қайдам осы әнші қарындасымыз ән салып тұрғанда оның сөздерін түсінудің өзі бір қиямет.
Иә, елірме, лақпа, ақыл-есі аумалы-төкпелі біреу жазған сияқты осындай «өлеңдер» бұл әнге ғана емес жалпы бүгінгі қазақ әндеріне тән ауруға айналды. Оған қалың қазақтың еті өліп, құлағы да, көзі де үйреніп кетті. Үйреніп кеткені былай тұрсын осындай әлдекеш-әндер мен өлексе өлеңдер той-томалақта, теледидарда орындалып жатқанда залда, студияда отырған қыз-келіншектер, әп-әйдік апалар мен әжелер, әсіресе жалпы әйел қауымы қос алақанын бір-біріне соғып, теңселіп мәз боп отырады. Осының өзінен-ақ біз, яғни, бүгінгі қазақ ұлты өзінің ұлттық өнері мен мәдениетінен әбден алшақтап, ұлттық таным, ұлттық талғам-талап, қаттырақ айтсақ ұлттық бет-бейнесінен айрылып қалғанын айқын көруге болады. Ал ұлттық өнерінен, ұлттық ерекшелігінен айрылып, ол қасиеттерін сақтамаған адамда ұлттық намыс деген болмайды. Ұлттық намысы жоқ адам да жалпы адамгершілік, ар-ұят деген болуы мүмкін емес.

Енді өзін-өзі 200-ден астам әннің авторымын дейтін Нұрлан Еспанов деген жігіттің мына ән-сөзіне қараңыз:
Аялаған назым,
Құлпырған гүлім,
Саялаған бағым
Шуақты күнім
Алаулаған жалын
Жанымды кернеп,
Көңілім алып-ұшып,
Таппайды тыным
Көңілім толқиды
Сен-сен-сен
Құралай мүсін,
Сен-сен-сен
Сен мені түсін
Сен-сен-сен
Кінәлаймысың
Сүйгенім үшін
Асыл күмісім
Құралай мүсін.
Өнерден, жалпы мәдениет атаулыдан, азды-көпті ұят пен ар-намыстан хабары бар адам осындай не басы, не аяғы, не ортасы жоқ, сөздерді өлең деп жазады ма? Оны екінші біреуі ән қып айтады ма? Қазақта «құралай көз», «ақ күміс», «қақтаған ақ күмістей» деген қалыптасқан сөз тіркестері бар. Бірақ мемлекет құрғанына бүгінде алты ғасыр болып отырған қазақ сол алты ғасырда бір рет «құралай мүсін», «асыл күміс» дегенін естісек, құлағымызды не қылсаңыз да өз еркіңіз. Ал алдыңғы және осы екі елірмені өлең дегеннен гөрі қазақ поэзиясының маңдайына біткен кесапат деудің еш артықшылығы жоқ. Бүгінгі әннің өзінен де, сөзінен де мән-мағына қашып, репетінен адам қорқатындай болғаны былай тұрсын бүгінгі ақша тапқыш «жұлдызшалар» музыкалық талғамы мен сауатының төмендігі аз болғанымен тұрмай қазақтың қалыптасқан сөзтұлғаларын әлде әдейі, әлде надандықпен бұзып айтуды шығарды. Сондайлардың бірі «құралай шаш» дегенін естігенде естен тана жаздағанымыз бар.

Ал, Абай Бегей деген жігіт өзінің ғашықтық сезімін:
Әдемісің айдай сұлу елігім
Көрген сайын қардай (?) ерідім
Мен өмірлік болсам деймін серігім
Аңсағаным
Жүрегімді жылатпашы кел жаным
Жаныма кеп тұрақташы бұлбұлым, – деп ақтарады. Осыны ұялмай-қызармай өлең деп ар-намысыңыз болса айта аласыз ба? Елік қалай айдай сұлу болады? Еліктің сұлулығын есі дұрыс ғашық Айға теңей ме? Және елікті көріп қардай ерідім десеңіз қасыңызда тұрған адам «мынаның есі дұрыс па?» дегендей бетіңізге таңдана қарауы да мүмкін ғой. Тіпті, қанша ғашық болып қалса да біреуді бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонып жүрген бұлбұлға теңеуді, оған сен енді менің қасыма кеп тұрақташы деуді ол қыз қалай түсінеді, тыңдарман сіз қалай түсінесіз?
Әдетте ең ақылды адам – өзі білмейтін нәрсенің басын қозғамайтын адам. Өйтпесең, бет қарай алмайтындай ұятқа қаласың.

А.Тарғын деген жігіт:
Мариям арман едің
Жұлдыздай жанған едің
Ғашық боп қалған едім,– деп тұрғанда дәл осы қағида еске түседі. «Апыр-ау, қазақ әніне Мария Магдаленаның не қатысы бар? Бұл ән сонымен не айтқысы келеді» деген де ойға қаласыз.
Иә, бүгінгі қазақ музыкасы туралы сөз қозғай бастасаң-ақ біз бір-екі мысал келтірген соншалықты орайсыз, соншалықты қолайсыз осы бір кесірлі жағдаят ең алдымен еске түседі. Әннен-репет, сөзден—берекет қашты. Ал әні мен сөзінен мұндай қасиет қашқан ұлттың ертеңі не болмақ деп ойлайсыз? Дүнияда ең жаман нәрсе–өнерде, әдебиетте тыпырлаған тұғырдан-тұлпар, қарқылдаған қара қарғадан-сұңқар жасау. Бұл–ел болашағына, ұрпақ болашағына деген қастігерлік, қастандық. Ендеше, ұлттық өнерді өрге сүйреудің орнына, ілгері басқан аяғын кері кетіретін есерсоқ ән мен мағынасыз мәтінге шығарылған тумай туа шөккір «туындысымақтардың», олардың «жұлдыз авторларының» күндіз-түні телевизиядан дәріптеліп, жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл ұлттық сананы құлдыратудың бір жолы ғой, біле білген адамға! Қазір банкіден несие алып туған күн, жуған күн сияқты таусылмайтын той тойлап жүрген қазақ сол тойларына осындай не сәні, не нәрі жоқ жәркелеш, әлдекеш әндер орындаушыларды ат-түйедей қалап шақырып, оларға мың долларлап пұл төлеуінің, кемпір-сампыр, шал-шауқандарымызға шейін соларға қосылып тоңқалаңдап би билеуінің өзі-ақ біздің қазекеңнің мәдениеттегі, өнердегі ұлттық талап-талғамы құрдымға құлдырап бара жатқанының нышаны ма деп қорқатынымызды несіне жасырайық!
Әлгінде біз көбіне ән сөзіне тоқталыңқырадық. Ал енді жерге жата қалып, басымен тоңқалаң асып, қояншығы ұстаған адамдай селкілдеп тұрып ән салатындар туралы әңгіме мүлде өз алдына. Мен өз басым Әли Оқапов деген жігіт сахнада тұрғанда не ән салып тұрғанын, не секіріп әртүрлі гимнастика жасап тұрғанын түсінбей дал боламын десем кінәлі емес шығармын.
Әрине, біз бұл жерде қазір қазақтың ән өнері де, оның мәтіні де мүлде құрыды, бітті десек күнәһар боламыз. Оның бержағында әр заманның, әр қоғамның өзіне тән үні, өзіне тән сөз саптауы болатынын да білеміз. Біздің айтпағымыз, бүгін ән деп жүргендеріміздің айғай-шуға айналып, немесе бастан-аяқ бір нотамен ыңылдаған солғындығы және ән мәтініне мән беруге қабілетсіздік, кім көрінгеннің әнші, «жұлдыз», ақын атанып ақша табуды кәсіпке айналдырғаны, жалпы өнердегі сауатсыздығы хақында. Сөйте тұра, сазгер атанып немесе пәленбай әнім бар деп өзіне-өзі сазгер атағын беріп жүргендер қаншама дейсіз?!

Мамандығы сазгер болмаса да композитор, сазгер атанып жүрген Бейбіт Оралұлы деген жігіт өз білместігімен тұрмай сазгер деген сөзді келеке қылды. Ол «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында сазгер деген сөзді саз балшықпен шатыстырмақ болғанын оқығанда оның мына біліксіздігіне қатты қайран қалдық.
«О, Вольтер! Қайда Қапан Сатыбалды,
Сатыбалды баласы жатып алды,
Жатып алды аққудай ақын атын
Атып алды, тарихта аты қалды,– деп Қасым Аманжолов айтқандай адам жанын елжіретіп, көңіл мұзын ерітер алып бара жатқан әні болмаса да (бұл – өз ойым!) композитор атанып жүрген бұл жігіт жалпы түркі жұртында «саз» деген сөз әннің, әуеннің баламасы екенін, тіпті, бірсыпыра түркі халықтарында саз деген аспаптың да бар екенін білмейтін болғаны-ау, ә?!
Тағы да сөз ұтыры келіп тұр: Осы күні қазақтар ананы да, мынаны да «ойбай, бұл термин сөз! Оған тиісіп, қазақшалауға болмайды» деп қызылөңештеніп жататын болды. Бейбіт Оралұлы айтып отырған «композитор» деген сөз де оншалықты киелі сөз де емес, термин де емес. Ол бар болғаны «композиция», «құрастыру», «құрастырушы» деген ғана мағынаны береді.
Иә, нағыз ән өзіне жазылған мәтін сөзімен қабысып, үндескенде ғана өзі жанындай сүйген жан-жарын, өмірлік сыңарын тауып табысқан сұлу қыздай көріктене, көз тарта түседі. Оның үні бірде жаныңды тербеп, бірде сергітіп, құлақ құрышыңды қандырып, енді бірде қайдағы-жайдағы өткен-кеткен күндеріңді еске түсіріп, сай-сүйегіңді сырқыратады. Өксігі болса да тәтті бір мұңға бөлейді». Не шалқар-шаттыққа, қарһәлләзи қуанышқа қарық қылады, кенелтеді. Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ әні ондай қасиеттіліктен, ондай киеліліктен кенде де емес, Ол қасиет пен киені айтқанда бір ғана ақын Мұхтар Шахановтың сөздеріне жазылған әндерді әсіресе алдымен атар едік.

Иә, Мұхтар Шаханов Аллаһ-тағала жаратқан осынау он сегіз мың ғаламға, бүкіл тіршілік пен жанды, жансыз жаратылыс атаулыға түп-түгел ғашықтықпен, іңкәр сезіммен қарайтын, жан тазалығы мен ар тазалығын ардақтайтын, жаны нәзік те сұлу, сөйте тұра адуын, арқалы ақын. Оның әсіресе, әнге жазылған өлеңдері қазақтың бүгінгі ән өнерін өз сөздерімен ормандай ойлылыққа, терең тебіреніске толы мәнді де мағыналы ерекше бір әлемге айналдырды. Егер біз қазақ сазгерлігінің соңғы әулиесі Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқов десек, ән сөзінің, мәтінінің сәруар сүлейінің бірден-бірі осы Мұхтар Шаханов дер едік.
Оның бір ғана «Жас жұбайлар жырын» алып қараңызшы. Алып қараңыз да әлгі «құралай шаш», «күйіп барам», «жүрегім жанып барады», «сенікін, тіпті, үзіп келем», «сен, сен, сен» деген елірмелерді еске алып көріңізші. Қараңыз:
Сен бар жерде терезем тең сияқты
Тең сияқты керегем кең сияқты,–дей келіп,
Дәл сен құсап мені ешкім еркелетіп
Өкпелете алмаған сен сияқты.
Келешекке қатарласа аяқ басқан жас жұбайлар, қос манақ осылайша бір-біріне назы мен базынасын бірге айтып-айтып келіп «Енді сәулем бәрі де әділетсіз, бізді бақсыз, баянсыз дегендердің» деп енді алдағы әрі асуы мол, әрі таусылмайтын асқар армандарға қанат қармай ұша жөнелгені көз алдыңызда көлбең қағады. Қосылғаныңа қырық жылдан асқан, Құдай қосқан кәрі қосағыңды сен де дереу қолынан алып, бақытқа бет алған, қиял мен қияға қанат қаққан мына жас жұбайлармен қосыла қалықтай жөнелгің келеді. Әрі қарай, тағы да Шаханов сөзіне жазылған ән:
Сездіруге батпадым да-а-а
Бала махаббатымды,
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды
Артық айттың десеңіз дей беріңіз, бірақ аржағында қылаудай қиянатты ойы жоқ нағыз мөлдір махаббаттың шынайы шындығын, нағыз пәкизат, нағыз үрзада сезімін дәл осылай ақиқаттың ақ маржан сөздерімен тізілдіріп, ән тыңдаушының түйсігіне жеткізе жырлап беру осы күні мемсыйлық, «Алаш» сыйлығы дегендерді жылап-еңіреп жүріп ала-сала кеудесі көкті кернеп кердеңдей жөнелетіндердің қайсысының қолынан келіп еді. Ал «Ақ бантик» әнінің мәтіні ше? Осы әнді сонау бір жылдары жас та, жасамыс та қолтықтасып тұрып, қол ұстасып дөңгелене билеп жүріп, тербеле, тебірене шырқағанда бүкіл әлем өткен шақ туралы сағынышқа толып кеткендей болатын еді ғой. Әркім-ақ өзінің бүкіл ғұмырының мәні мен мағынасы, ең тәтті балмағыз шақтары сағымдай бұлдырап өте шыққан сонау бір келмес кезеңдерде қалғандай сезінетін еді-ау! Иә, «Ақ бантик» жастық шақтың шалқыма да шат-шадыман шаңырағының табалдырығынан енді ғана аттаған балауса қыздың да, оған іңкәр болған бозбаланың да ақтығы мен пәктігінің аппақ боп үлбіреген ақұлпа рәмізі еді. Немесе
Жалғыз аққу таудан асып, қайтып барады
Сағынышын әнге қосып айтып барады (М.Шаханов)
Осымен тоқтайық. Біз бұл жерде онсыз да аты алты алашқа жайылып кеткен Мұхтар Шахановты дәріптемекші де, насихаттамақшы да болған жоқпыз. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы қазақтың бүгінгі ән өнеріне қатысты талай жамағаттың жанын жеп, бүйте берсек ұлттық өнеріміз, әсіресе ән-өнеріміз нендей аянышты күйге түсер екен деген көңіліндегі қаяуын ортаға салу ғана болды. Қайталап айтар болсақ, егер біз ұлттық ән-өнерімізді дәл бүгінгідей әнші болмаса да әнші атанып ақша табудың көзіне айналдырған «жұлдыздардың» осылайша еркіне беріп қойсақ, бұның түбі орны толмас өкінішке айналары сөзсіз. Ән мен оның сөзіне мән бермей кім көрінгенді сахнаға шығарып, қыруар ақша төлеп тойымызға шақырып соларды байыту, ол аз болғандай оларды күн сайын теледидарға шығарып насихаттау ұлтымыздың рухани, құлдырауына әкеп соғады. Ал ұлттық өнері құлдыраған ұлттың бүкіл сана-сезімі құлдырайды. Ендеше, әніміз бен оның мәтінінің сөзіне де көбірек көңіл бөлетін кез келді, ағайын!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста