Әрбір өнер терең ойдан тұрады...

Әрбір өнер терең ойдан тұрады...

 

– Нұржамал апай, сіздің сахнада жүргеніңізге, міне, 25 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында сахна сізді қаншалықты өсірді немесе сахнада жүріп жоғалтқан дүниелеріңіз болды ма?

– Мен өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Өйткені 25 жылдан бері өзімнің сүйікті ісіммен айналысып келемін. Маған журналистер: «Сіз қалайша жас көрінесіз?» деген сұрақты жиі қояды. Мен: «Адам өзінің сүйікті ісімен айналысып, үнемі қуаныш үстінде жүрсе, онда, әрине, адам жас көрінеді. Әрі ол адам өзінің бойындағы өмірге, өнерге, сұлулыққа деген махаббатын жоғалтпайды» деп жауап беремін. Баяғыда әкем: «Еш уақытта жұмыс барысында ешкімге өкпелеме, мейлі кішкентай, мейлі үлкен болсын, сол сүйікті ісіңнен алған атағыңды, беделіңді құрметте. Денсаулығыңды күт», – деп отыратын. Мен үнемі осы қағиданы ұстанумен келе жатырмын. «Травиата», «Риголетто», «Севильский цирюльник», «Қыз Жібек», «Біржан – Сара» сияқты көптеген операларда басты кейіпкерлерді сомдаймын. Шетелдерге де көп шығып жүрмін. Мәскеудің Үлкен театрында, Париждің Cortot залында, Нью-Йорктің «Карнеги Холл» деген атақты сахнасында, тағы басқа да шетелдің ірі-ірі сахналарында өнер көрсетіп жүрмін. Үлкен сахналарға шығу – кез келген әртістің арманы. Сахнада жүргеніме 25 жыл толуына орай, былтыр Қазақстанның бүкіл аймақтарын аралап, концерттер бердім. Өйткені аймақтардағы ағайындардың операны, балетті көруге, естуге көп мүмкіндіктері болмайды. Сондықтан мен сол халықтың әртісі ретінде олардың алдына барып, есеп беруді өзімнің міндетім, парызым деп есептеймін. Және сол міндетті шаруамды үлкен қуанышпен атқарып жүрмін.

– Сіз үшін «Қыз Жібек» операсының орны ерекше деп естідік ...

– Бұл опера мен үшін өте қымбат. Өнер жолымды осы опера арқылы бастағанмын. Сондықтан да ЮНЕСКО шеңберінде осы операны Парижге алып бардық. Парижде «Қыз Жібекті» мен орындадым. Мен үшін бұл – үлкен құрмет, абырой, мәртебе. Бұл – үлкен еңбек. Оған тек даусыңды ғана күту емес, сонымен бірге ішкі жан дүниеңді, сыртқы келбетіңді күту міндеті де жатады. Өйткені Қыз Жібек мәңгі жас болуы керек. Сондықтан сен де соған лайық болуға тиіссің. Жалпы, операдағы өзіме қоятын талап – орындайтын образдарыма мен сәйкес болуым керек. Опера – аса қиын жанр. Бұл – драма мен музыканың синтезі. Тыңдаушы одан ләззат алуы қажет. Бұрынғы кездерде опера тарихында даусың жақсы болса болды, шығарманы орындай беретінсің. Қазіргі опера талғамы олай емес, қазір әншіде әртіске тән ойын болуға тиіс. Менің принципім бойынша, сен өзіңнің шығармашылық ойларыңды көрерменге жеткізуге тиіссің. Өйткені әрбір өнер терең ойдан тұрады. Көпшілік «театрда жақсы жарық, жарқыл-жұрқыл, әдемі костюмдер болса болды» деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Театрға интеллектуалы жоғары адамдар қажет.

– Сіз шетел сахналарында көп жүресіз. Біздің сахналардан олардың айырмашылығы қандай?

– Жалпы, тыңдаушы барлық жерде бірдей. Егер өнерің ұнаса, онда сені барлық жерде жақсы қабылдайды. Қызық, мәселен, итальяндықтар – өте қызуқанды халық. Олар далада жүріп те, арияларды айтып жүре береді. Мен өзім мұндай жайларды көп көрдім. Біздің қазақ операсының да тарихы тереңде жатыр, болашағы да үлкен. Операны жақсы көретін адамдар да жетерлік. Операға зал толып отыру міндет емес. Залда біраз адам ғана отырып, бірақ операны жанымен беріле тыңдайтын, түсінетін болса, әртістерге сол да жетіп жатыр.

– Даусыңызды, келбетіңізді сақтауға арнайы күтім жасайсыз ба?

– Әрине, мысалы, бүгін мен бір сағат бассейнге жүзіп келдім. Фитнеспен айналысамын. Сахнада жүрген адам болғандықтан, өзімнің сыртқы және ішкі күтіміме қатты мән беремін. Мен әртіс қана емеспін, сонымен бірге әйелмін. Ал әйел әрдайым әдемі болуға тиіс.

– Жолдасыңыз Төлеген Мұхамеджанов – қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге өнер адамы да. Екі өнер адамының бір шаңырақ астында түсінісіп, тату-тәтті өмір кешуі қиын емес пе?

– Жоқ. Өнер адамы болғандықтан, жолдасым менің өнерімді жақсы түсінеді. Жағдай жасайды, қолдап, дем береді. Кейде мен «шаршадым, үйде отырамын» деймін. Сондай сәттерде ол кісі: «Жоқ, зейнеткерлік жасқа шыққанда ғана үйде отыратын боламыз, сол кезде ғана бірге қол ұстасып жүріп, демаламыз. Ал қазір жұмыс істеу керек», – дейді.

– Өзіңізге арнайы стилист, имиджмейкер ұстайсыз ба? Мұндай мәселелерде сізге кім көмектеседі?

– Мұндай мәселелерде маған Қарлығаш деген қызым көмектеседі. Оның талғамы өте жоғары. Стиль мәселесінде мен оған толықтай сенемін.

– Өнерден басқа да айналысатын істеріңіз бар ма?

– Менің ән айтудан басқа жақсы көріп айналысатын істерім – суға жүзу мен көлік жүргізу. Көлікті өзім жүргізгенді ұнатамын.

– Қандай маркалы автокөлікті ұнатасыз?

– Менің автокөліктердің ішінен жақсы көретін маркам – «Lexus».

– Бала тәрбиесінде қалайсыз? Өзіңізді «талапшыл, қатал анамын» деп есептейсіз бе?

– Мен еш уақытта балаға қатал тәрбие бере алмаймын. Өзімнің қызымды менің анам тәрбиелеген. Мен өзім сегіз ағайындымын. Анам бәрімізге жақсы, жұмсақ тәрбие берді. Ата-анам – өнерді, әдебиетті, поэзияны жақсы көрген кісілер. Әкемнің өзінің үш кітабы бар. Анамның даусы жақсы болған. Міне, үйдегі осындай түсіністікте өскеннен кейін біздің балалардың бәрі еркін, ерке өсті. Қазіргі күні осындай биікке жеткенім сол кісілердің еңбегінің арқасы деп білемін. Мен өзім жақсы болсам, дұрыс жүріп-тұрсам, ол да бір балаға деген тәрбиенің үлгісі деп есептеймін.

– Классикалық өнердегі қазіргі жастардың беталысына көңіліңіз тола ма?

– Қазір бұл өнерде талантты жастар жетерлік. Оларға өздерін көрсетудің мүмкіндіктері де барынша жасалған. Дауыстары керемет, талантты жастар көп. Олар – басқа заманның өкілдері. Демек, олардың ойлары да басқаша, өнердегі талғамдары да аса жоғары. Мен бұған қатты қуанамын. Кез келген жас заманына ілесе жүруге, көштен қалып қоймауға тиіс. Және, меніңше, қатарының алды болуға ұмтылуы керек.

–  Қоғамдағы қандай проблемаларға алаңдайсыз? Сізді халықтың басындағы қандай жағдайлар алаңдатады?

– Мен енді саясаткер емеспін. Бірақ халқымыздың деңгейінің барлық мәселеде жоғары болғанын қалаймын. Әлемдегі әл-ауқаты жоғары, білімді, сауатты мемлекеттер қатарына ілінуін армандаймын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста