Екі күннен бері Армения астанасы Ереван қаласында әлемнің төрт бұрышынан келген ақындар мен әдебиеттанушылардың қатысуымен Халықаралық поэзия фестивалі өтуде. ЮНЕСКО шешімімен биыл «Ереван – кітаптың бүкіләлемдік астанасы» деп жарияланған болатын. Осы орайда жыл басынан бері қала көлемінде, жалпы, Арменияның әр өңірінде мәдени-танымдық, әдеби-шығармашылық сипаттағы ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Өлеңді төрге оздырып, ақындарды ұлықтаған шайырлар фестивалі де осы ауанда табысты басталды.
Қасиетті Арарат тауының етегінде орналасқан Еревандағы елеулі шарада Қазақстан, Ресей, АҚШ, Италия, Германия, Украина, Түрікменстан, Иран, Ливан, Иордания, Израиль, Сербия сынды 30 мемлекеттен арнайы шақырылған 50-ден астам ақындар бас қосуда. Фестиваль жұмысына шығармашылық тәжірибе алмасып, танысып, рухани байланыстар орнату мақсатында ұйымдастырушы жақ – Арменияның да әр аймағынан 50-ге жуық ақындар қатысуда. Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен бұл фестивальға біз де қатысқан едік.
Бес күнге жоспарланған фестиваль бағдарламасы өте ауқымды. Онда түрлі кездесулер өткізу, көрмелер мен мұражайларды, көне архитектуралық құрылыстарды аралау, концерттік бағдарламалар, кейбір қатысушылардың жаңа кітаптарының тұсаукесері, поэзия кештері сынды көптеген мазмұнды шаралар жоспарланған.
Ұйымдастырушылар фестивальға қатысушы ақындардың әрқайсысынан екі-үш өлеңнен ағылшын және армян тілдеріне аударып, 400 беттік қалың антологиялық жинақ шығарып үлгеріпті. Мұны армениялық ақын-аудармашылардың шеберлігінің бір көрінісі деп бағаладық
Армения Мәдениет министрлігінің қолдауымен бұл елде тұңғыш рет қолға алынған фестивальдің өз дәрежесінде өтуіне мұрындық болып, отырған Арменияның Жазушылар одағы аталған шараның ойдағыдай өтуіне жан-жақты дайындықтарының бар екеніндігін көрсетті. Шараның алғашқы күні, 15 сәуірде қонақтар Ереванмен еркін танысып, қаланың көрнекті жерлерін аралады. Ертесіне фестивальға қатысушылар Ереван маңындағы Эчмиадзин деп аталатын көне діни қалашықта бүкіл армяндардың католикосы Гарегин екіншімен арнайы кездесіп, руханият және дінаралық татулықты насихаттаудағы әдебиеттің ықпалы мен маңызды рөлі төңірегінде әсерлі әңгіме өрбітіп, көне жәдігерлер мұражайындағы құндылықтармен танысты. Имандылықты арқау еткен жылы жүздесуден кейін ақындар Звартноц ұлттық тарихи-мәдени кешенінде болып, ежелгі армяндық архитектура ғажайыптарын тамашалады.
Түстен кейін қонақтар алты құрлыққа аты әйгілі армян алфавитін жасаған М.Маштоц атындағы Матенадаран деп аталатын көне қолжазбалар мұражай-институтында болды. Ереванның «Бүкіләлемдік кітап астанасы» деп жариялануына байланысты жуырда ғана заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен осынау ерекше мұражай-институтта мыңжылдықтар қойнауынан аршылып алынып, осы күнге дейін сақталып қалған 18 мыңдай теңдессіз қолжазбалар мен осыдан 500 жыл бұрын басылған алғашқы кітап нұсқалары сақтаулы.
Адамның жан азығы саналатын кітап атаулыны ұлықтаған ақындар мерекесінің салтанатты ашылуы осы күні, 16 сәуірде қаланың қақ ортасындағы биік жотаны жағалай салынған ашық аспан астындағы Каскад рухани-мәдени кешенінде өтті. Шараның ашылуында осы елдің мәдениет министрінің орынбасары Артур Погосян Армения Президенті Серж Саргсянның фестивальға қатысушы қаламгерлерге жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Президент құттықтауында адамзат баласына білім мен ғылым, әдебиет пен өнер, күллі жақсылық атаулы кітап арқылы келетіні баса айтылған. Құттықтау хаттың соңы «Бүгінгі Армения өзін әлемдік өркениеттен, әдеби-мәдени кеңістіктен бөліп қарай алмайды. Осындай ірі халықаралық жобалар мемлекеттер арасындағы ықпалдастыққа тың серпін бере түседі» деп түйінделген. Бұдан соң Армения Жазушылар одағының төрағасы Левон Ананян сөз алып, қаламдас қонақтарға өз лебізін жолдады. Салтанатты шараның ресми бөлімінен кейін дүниенің әр құрлығынан жиналған ақындар кезегімен сахна төріне көтеріліп, Арарат аймағын өрелі жырлардың әуенімен тербеді. Арасында армян арулары мың бұрала би билеп, тау халқына тән өр мінезді армяндық талантты жігіттер ұлттық нақыштағы әндерін шырқады. Таза ауада, ашық аспан астындағы поэзия кеші күннің салқындығына қарамастан, қас қарайғанша жалғасып, бірнеше тілде оқылған өрнекті өлеңдер Каскад алаңына жиналған қауымды дүр сілкіндірді. Әсерлі кештен соң қонақтар Еревандағы Орыс өнері көрме-мұражайын аралап, фестивальдің ашылу құрметіне орай жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Фестивальдің үшінші күні, кеше, 17 сәуірде шараға қатысушылар қаладағы геноцид құрбандарының құрметіне тұрғызылған Цицернакаберд мемориалдық кешені мен геноцид мұражайына барып, армян тарихының ақтаңдақ беттеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік алды. Бұдан соң ақындар бірнеше топқа бөлініп, қаладағы кітапханаларда, жоғары оқу орындары мен мектептерде әдеби кездесулерге қатысты. Аталған жерлердегі кездесулерден кейінгі фестивальдағы маңызды оқиғалардың бірі – Ереван орталығынан орын тепкен «Ақындар аллеясының» салтанатты ашылуы. Онда тұңғыш поэзия фестиваліне қатысушылардың әрқайсысы бір түп ағаш отырғызды. Бұл аллеяда ақындардың қолымен ағаш отырғызу алдағы уақытта тәлімі мол дәстүрге айналмақ. Армения астанасындағы «Ақындар аллеясы» болашақта қаланың ең көрікті демалыс орындарының бірі болмақ. Жаңа жасыл саябаққа тамыр жайған ақындар бұдан кейін Ереванға жақын жерде орналасқан Цакхадзор қаласына жол тартты. Онда да қонақтарды ауқымды мәдени шаралар мен әдеби кездесулер күтіп тұр. Цакхадзорда жалғасын тапқан фестиваль бағдарламасы 21 cәуірге дейін жалғасады. Армениядағы Бірінші халықаралық поэзия фестивалінің жабылу салтанаты да осы күнге жоспарланған.
Осы сапарға келгелі бері қамқорлық көрсетіп жүрген Қазақстанның Армениядағы елшілігінің азаматтарына да айтар алғысымыз көп. Сәті түсіп, ертең Ереванда орналасқан Қазақстан елшілігінде кеңінен аталып өтілетін Наурыз мерекесіне де шақырту алдық. Жалпы, фестиваль барысы мен елшілік ұйымдастыратын Наурыз мейрамы турасындағы материалдарды газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Левон Ананян, Армения Жазушылар одағының төрағасы:
– Ғаламдық сипаттағы әртүрлі саяси-әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет келіп отырған бүгінгі адамзатқа ізгілік дәнін сеуіп,бір-бірімен достық қарым-қатынаста өмір сүру өте маңызды. Бұл ретте зиялы адамдардың, оның ішінде, қолына қалам ұстаған шығармашылық иелерінің рөлі зор болуға тиіс. Қай заманда да ақындар елдің сөзін сөйлеуші, мұңын жоқтаушы болған. Олар бұл міндетті әлі де атқара бермек. Құдіретті поэзия тілі арқылы ел мен елді жақындастырып, халықтар арасында алтын көпір орнатып, мәдениеттер арасындағы жағымды диалогқа қол жеткізуге болады. Ереван қаласының кітаптың бүкіләлемдік астанасы атауына лайық деп танылуы – біз үшін үлкен мәртебе. Бұған дейін мұндай сенім-құрметке әлемнің көптеген ірі қалалары ие болған. Ереваннан кейінгі эстафета келесі жылы Бангкок қаласына тапсырылады. Осылайша адамзат баласын саналы биіктерге жетелеп келе жатқан кітап атты құндылық дүниенің әр түкпірінің төрінен табыла бермек. Мұндай шаралардың әсіресе жаңа өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тигізер пайдасы орасан болмақ. Ал кітаптан қол үзбеген ұрпақтың болашағы жарқын болатыны айтпаса да түсінікті.
Арнайы «Алаш айнасы» үшін Ереваннан