«Өмір дегенге тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі, бөтен ғой –
Өмір дегенің - бір сәттік сәуле екен ғой», – деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай фәни дүниедегі барша пенде бір сәттік қонақ қана. Жас талғамай біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал арамыздан тағы бір қимас бауырды алып кетті. Алматы қаласының тумасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнің 3-курс студенті, жас журналист Ақжол Алешұлы Ешмат 1 наурызда жол көлік апатынан көз жұмды.
Ақжолды еске алу мақсатында 30 сәуірде Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде «АҚЖОЛ ЕШМАТ» атындағы жүлде үшін студенттік шығармашылық еске алу кеші болып өтті. Кештің шымылдығын факультет деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, ф.ғ.к. Әйгерім Болатханқызы Әлжанова ашты. Келесі сөз кезегін алған профессор М.Барманқұлов атындағы «Телезертхана» үйірмесінің жетекшісі, ф.ғ.к. Жидегүл Әбдіжәділқызы “Ақжол шын мәнінде аты айтып тұрғандай жүрегі де ақ, тілегі де ақ, жолы да ақ шәкірттеріміздің бірі еді”, – деп сөзін бастап, ендігі жерде қолымыздан келері тек қана есте сақтап қалу мен аяқталмаған шаруаларын жалғастыру екендігін баса айтты.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының қолдауымен, профессор М.Барманқұлов атындағы «Телезертхана» үйірмесі ұйымдастырған «АҚЖОЛ ЕШМАТ» атындағы студенттік шығармашылық жүлдеге қатысқан жұмыстар “Ең үздік естелік”, “Экрандағы өмір шындығы”, “Қас-қағым сәт” номинациялары бойынша іріктеліп, нәтижесінде «Ең үздік естелік» номинациясы бойынша Мәулен Анербаев, Орынбасар Бақытбеков, Дарын Шөкенов, Мейірім Ердәулет, «Экрандағы өмір шындығы» номинациясы бойынша Ақтолқын Жұмағалы, «Қас-қағым сәт» номинациясы бойынша Сымбат Карл сынды бір қатар студенттер жүлдеге ілікті.
Университет қабырғасында жүріп-ақ журналистикаға араласып үлгерген Ақжол тележурналистика саласын жан-тәнімен сүйіп, асқақ армандары мен биік мақсаттарын жүзеге асырып үлгере алмай арамыздан кетті. Кеш барысында Ақжол Ешматтың артына қалдырған «Шегіртке мен құмырсқа» мультфильмі, 31 телеарнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасында штаттан тыс журналистік қызмет атқарып жүрген кезінде жасаған сюжеттері көрермен назарына ұсынылды.
Бұл кешке Ақжолдың сыныптастары, группаластары, достары, ұстаздарымен қатар туған-туыстары қатысты. Кеш соңына таяғанда Ақжолдың атасы Жансейіт аға мен әпкесі Айгүл апай сөз кезегін алып Ақжолтай туралы өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, факультет деканы, ф.ғ.д., профессор, Өмірхан Әбдиманұлына, деканның ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, ф.ғ.к. Қарлыға Нақысбекқызы Мысаеваға, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д., профессор Гүлмира Сұлтанбаеваға, профессор М.Барманқұлов атындағы «Телезертхана» үйірмесінің жетекшісі, ф.ғ.к, доцент Жидегүл Әбдіжәділқызына алғыстарын білдірді.
Кешті баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Сағатбек Медеубекұлы қортындылап, «АҚЖОЛ ЕШМАТ» атындағы студенттік шығармашылық жүлдені иеленген студенттерді марапаттады. Болашағынан мол үміт күттірген Ақжолдың алар асуы да, көтерілер биігі де алда еді. Жанымызда жоқ болғанымен, Ақжол Алешұлының еркелігі мен өзіне ғана тән ерекше мінезі, адал достығы, адамгершілік қасиеті мен ақжарқын бейнесі, қамқор көңілі мен кішіпейіл болмысы біздің жүрегімізден ешуақытта өшпесі ақиқат. Оның журналистикада қалдырып үлгерген қолтаңбасының ұмыт болмасы да анық. Ақжолмен өткен әрбір күн естелікке айналып, ұмытылмас шақтардың үзігі болып қалғаны ғана өкінішті…
Сымбат Карл
Ақжолға арнау
Аунаған айлар, айғақ үндедің,
Басыла шөкті-ау, байрағым менің.
Балғын боздағын, ботадай боздап,
Қимайды қайсар қайран ұлды елім.
Тағдырдың жасты жазбағаны бұл,
Өмірдің қалап озбағанын ұл,
Артында қалған сайраған іздер
Ақжолтай – арман, аз ғана ғұмыр.
Сезіммен ендің сенімге бірдей,
Күлімдеуші едің төрімде Күндей...
Жылауық жанар, Нәзік Алматы,
Көз жасы-жаңбыр, егілген үндей.
Бейуақта ажал барымта қаққан,
Құрулы екен ғой, жаныңда қақпан…
Рахымды АЛЛАХ мейірге бөлеп,
Нұрың шалқысын, жаның жәннаттан!
Бақытбеков Орынбасар
Суреттерді түсірген Ермұрат Шопан