Ақжалдың баласы, Алаштың азаматы
Сағыныш па, ата-анам, алаң
балаң,
Бағынбайтын сияқты санам
маған.
Сендер ме деп қаламын кей
сәттерде,
Жағасында Ақсудың
қараңдаған...
«Алған сабағың біреу, тарқауы мың болады» дейді біздің қазақ. Тағы сол қазақ «Күйесіз қазан, қайғысыз адам жоқ» деп және қояды. Өмірден озғандарды төбеге-биікке «қойып», өздері төменде күн кешетін тағы сол қаймана қазақтың әзірге бұзыла қоймаған салт-дәстүрінің бірі – «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Мен ата-анамның қадір-қасиетін білемін деуші едім, қайдам! Осындай ойға жетелейтін мезгіл, мезеттер бар екен. Оның себеп-салдары болатын көрінеді. Қысқасы, жеке басыма әр кезде әртүрлі әсер еткен тұлғалар аз емес. Соның бірі – қазақтың жоғары білімді алғашқы құрылысшыларының қатарындағы Қанаш (Мұхаммедқанапия) Қабдырасылұлы Жапабаев. «Бойы жетпеске асылып, сөзі жетпеске бас ұрып көрмеген» Қанаш аға: «Болған кісі болдым демес, болдым десе – болған емес» деп отырушы еді. Ұстараның жүзіндей аударылған дүниенің ымырасыз сынағынан сабырмен, ақылмен, абыроймен өткен, отбасы мен Отанына адал Қанекеңнің жамбасы жерге тигелі де жыл болып қалды. Өткен 2012 жылы қыркүйек айының 12-сі күні 83 жасқа толды да, сол қыркүйектің 25 күні марқұм деп сөйлеуімізге мәжбүр етті жарықтық. Жіп түйінсіз, сөз шындықсыз байланбас. Жамандыққа ермеген, өтірікке сенбеген, еңбегін бұлдамаған, ұрпағының болашағына ұлтының болашағындай қараған абзал ағаның ілім-білімге, ғылымға деген көзқарасы оны Ақжалдың баласынан Алаштың азаматы дәрежесіне көтергенін біреу біліп, біреу білмес. Бәлкім сондықтан болар, 58 жылдан астам бірге ғұмыр кешкен жан-жары Науша апай бастаған ұлы Асқар мен келіні Майра, қыздары Сәуле мен Алма, күйеу балалары Қожа мен Еркін, немерелері Жанайым, Ілияс, Жәния ақсақалдың жылына дейін естелік кітап шығаруды жоспарлапты. Оған Қарлығаш екеуміз де араластық.
«Білікті инженер, мінезді тұлға» деген естелік жаздым.
Науша апай дауысы дірілдеп: «Қанаш ағаң жайлы балалары кітап шығарсақ деп отыр. Марқұм өзіңді ерекше жақсы көріп, сыйлаушы еді. Сен де естелік пікір жазып берсең», – деді.
Естелік. Көңілдегі естеліктің кейіпкерін ескеріп, өмірдегі тыныс-тіршілігін, мінез-құлқын, сөзін, өзін қайта жаңғыртуды хош көріп, фәнидегі ғұмырын бақидағы ғұмырымен жалғастырудың, марқұмды ұмытпаудың, ұмыттырмаудың тетігі деп танысақ та, дәл осы жанрдың салмағын сезіну әркімнің қолынан келе бермейтін өнер деп түсінемін. Мүмкін, сондықтан болар, арагідік естелік жазуға бел буғанда қиналамын. Жауапкершілік жүгі тым ауыр.
Көзі тірісіндегі пікір ала-құла бола береді ғой. Қазақшылық деген бірде нәзік, бірде қарабайыр ұғым және бар. Қадыр ақын айтқандай:
«Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ептеген» деп тәуекелге бара беретініміз әбестік емес. Ал өмірден озып кеткен адам жайлы адал пікір, жалпы адамзат ұстанымына, оның ішінде ұлттық құндылыққа қайшы келмейтін қасиеттерді дәл тауып, дәл тану кез келген кезде кез келгеніміздің қолымыздан келетініне күмәнім бар екенін түсінік-түйсігіммен сезінген сайын сескенемін. Сөйте тұра, кейде тәуекелшіл болуға тура келетін сәттер болады екен.
Қанаш аға, азан шақырып, құлағына айқайлап қойған шын аты Мұхамадқанапия Қабдырасылұлы екенін жаназаға жиналған қарақұрым қауым үнсіз бас изесіп ұғынды. Тал бесік пен жер бесіктің арасы – 83 күз. Күзде келіп, күзде кетті марқұм. Өзі де ерте есейген, қоңыр күз сияқты жауын-шашынды көп көріп, әбден пісіп-жетілген тұлға сияқты көрінеді маған. Қайран қазақтың қариялары-ай! Бүгінгі қуаяқ заманның байқатпай бойымызға сіңіріп келе жатқан ептілік деген мінезімен емес, атадан балаға жазылмаған заңдылықпен ауысып отырған тектілік деген қасиетімен ғұмыр оздырған дала академиясының азайып кеткен шәкірттерінің соңы болып жүрмегейсіз, сіз, Қанеке!
Қорқыт – Қобыздың сарынымен,
Абай – Абыздың танымымен,
Кеңестік дәуірдің дауылымен,
Тәуелсіз қазақтың қарымымен
мақсатты, маңызды, өрелі, өнегелі 83 жыл – кейінгі ұрпаққа үлгі болуға әбден лайықты ғұмыр. Мен білетін бір-екі мысал.
Кісілікті тану үшін де кісілік керек әрі кішілік қажет. Ал осы екеуінің қасиетін терең түсіну үшін білім керек. Білімді болу үшін оқу аз, оны таразылайтын пайым-парасат қажет. Ақыл – өлшем, оның түп-төркіні – жоғарыда айтқан тектілік. Бұл – менің сізбен сөйлесе жүріп, сіздің өмір сүру принциптеріңізден ұғынған формула. «Қазақстан» телерадио корпорациясына басшылық қызметке келгенімде, арнайы емес, сөз арасында Расул Ғамзатовтың ақын Қадыр аударған бір шумақ өлеңін есіне түсіргенде маған құлаққағыс жасап отырғанын аңғардым.
Атақ пен даңққа сен құнықпа,
Бәрі дәстүр мен салт-ғұрыпта.
Өзің шыққан биіктерден бір күні
Төмен түсу керектігін ұмытпа.
Менің аңғарғанымды Қанаш аға да анық аңғарды. Әрі қарай тәптіштеген жоқ, басқа әңгімеге ауысып кете барды.
Қанаш ағаның ұстанымдарын, мінезін бір кісідей білетін сияқтысың, бірақ білмейсің. Ол кісі М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы сияқты. Оқыған сайын жаңа түсінік, жаңа пайым түйіндейтініңдей, сөйлескен сайын, тіпті кездескен сайын жаңа бір қырын ашасың да отырасың. Сөйте тұра, өмірлік принциптерін өзгертпейді. Прагматикалық құндылықтарды қастерлейді. Тарихты таразылайды, шежіреге құмар, білімді бәрінен жоғары қояды. Кез келген адамның, әсіресе ұрпақтарының жақсы қасиетінің қадірін аспандатып, ардақтайды. Көлгірсуді білмейді, көзге айтады. Міне, мен білетін Қанаш аға осындай еді.
Қария 80 жасқа жақындағанда балалары той қамына кіріседі. Дайындық барысын біліп қалған Қанаш аға: «Керегі жоқ, той жасамаймын», – деп бірақ кеседі. Бәрі аңтарылып: «Неге?» – демей ме. Сонда қайран Қанекеңнің: «Қауқылдасып қатар отыратын достарымның бәрі өмірден озып кетті, жесірлерін шақырып алып, мен тірімін, достарым қайда деп отырамын ба?.. Бірге оқып, қатар жүрген 13 азаматтың жұбайларын айтамын. Олардың көңілі бұзылмай ма, тағы да жасымай ма? Әурелемеңдер, әуреленбеңдер, әулетімізбен үйімізде атап өтеміз, дарақыланбайық», – деп бәрін тоқтатқанын естігенде, әрқайсымыз өз өлшем биігімізден қарағанбыз. Мүмкін, кісілік деген осындай мінездер мен әрекеттерден құралатын шығар.
Достары жайлы дастан жазатындай. Бірінен-бірі өтеді. Бірін-бірі қалай бағалайды! Дарқандықтары кешегі көрген таршылықтарынан шығар, бір-бірін қимастықтары бес жыл қатар жүргендегі ынтымақтан болар, біліктіліктері – білімділіктен, ұмытпастығы – сүйіспеншіліктен, мінезділіктері тазалықтан болар деп ойлаймын. Бозбала кездеріндегі таныс-білістерін еске алғанда, күйеу бала болған сәттеріндегі той-томалақтарын айтқанда, қызметке кіріскен жас маман шақтарындағы «барып кел, алып кел, әй, бала» кездерін сөз еткенде Қанаш ағаның екі көзі жайнап, сөзі ойын қуалай жөнелетін сәттерін енді ешқашан көрмейтініңді және осы шындыққа сенбейтініңді тағдыр дейтін болар, бәлкім.
14 бозбала. Бірге оқыған 14 студент. Шырайлы Шымкенттің 1952 жылы қолына диплом беріп ұшырған 14 жас маманы. 14 инженер, 14 тұлға. Бұлар қазақ инженериясының көшбасшылары еді.
Мал баққан, ашаршылық пен «кәмпескені» көрген, әрнеден шеттелген немесе әр тұста шет кеткен, жан беріп, жан алған соғыста айбатын, тың көтергенде қайратын танытқан қаймана қазақтың жаңа жолын бастаған, ақын елдің алғашқы инженерлерінің бір тобы осылар болатын. Жаңа министрлік қажеттілігін Мәскеуде дәлелдеген, оны қазақ елінде ашқан, өзі сол министрліктің алғашқы министрі болған 14-тің бірі әрі бірегейі Беркінбай Пәрімбетовтей тұлға Қанаш ағаны қызметке шақырғанда әлдекімнің біреуі: «Жапабаевты неге қалдырмайсыз қасыңыздан?» демей ме...
– Ол – нағыз инженер, ол – нағыз маман, ол нағыз адам, қызметіне де, отбасына да, достыққа да адал адам, – депті. Осы бір сәттілік қана бағалауды Науша апай күні бүгінге дейін аузынан тастамайды. Ал Қанаш аға айтпайтын, мақтанбайтын, керісінше, мақтайтын. Бірін-бірі құрметтейтін достары.
Ал исі қазаққа белгілі үлкен ғалым, профессор Яхия Әубәкіров (Жәния Әубәкірованың әкесі) немесе Халық жазушысы, үлкен ақын Ғафу Қайырбековтердің отбасымен достықтары – өз алдына бөлек дастан.
Ақша патша болған бүгінгі заманда қазақтың табиғи адами құндылықтарын сезінгің келсе, Қанаш ағаның мінезі мен ұстанымын таны, әулетімен таныс, бәйбішесі Науша апаймен әңгімелес, аралассаң – алданбайсың! Бізге әсіресе білгеніңе арланбайсың, өтірікке малданбайсың. Осындай инженер тұлғалар керек болып тұр. Техникаға зерек қазақтардың орны қашанда бөлек екенін түсінбесек, ұлтымыз ұтылады. Бұл – менің бүгінгі түсінігім...
Қанаш аға соғыстан кейінгі жылдары орта мектепті бітіргенде ауылдастары «зерек бала» деп атапты. Жақсы оқыған, жазуы да тасқа таңба басқандай анық, әдемі болыпты. Сондықтан мектепте жүріп-ақ колхоздың «учётчик-бригадирінің» қағаздарын жазып, жалғызілікті анасына көмектескен ғой. Мектеп бітірген жылы кластастарымен бірге Алматыға оқуға барайын десе, бригадир жібермейді. Науқан кезі, биыл қоя тұр, келесі жылы орныңа басқа бала табылған соң барасың депті. Үлкеннің сөзіне тоқтау да керек, жоғары білім алу одан да маңызды, не істеу керек? Әбден ойланып, бригадирге келеді. – Аға, – дейді писер бала, – көмектесе көріңіз, біз екеуіміз туысқанбыз ғой. Сонда бригадир: – Қайдағы туысқандықты айтып тұрсың, – деп таңырқай қарағанда, зерек бала «Аға, сіз Тезекбаевсыз, мен Жапабаевпын. Туысқан емей кімбіз сонда?» десе керек. Тапқыр әзіліне риза болған бригадир батасын беріп, жұмыстан босатқанын бірде өз аузынан естіп едім.
Осындай әзілді күмілжи күліп отырып жалғыз ұлы Асқар да айтады. Жоғары білімді Мәскеуден алған Асекеңе қараймын да, Қанаш ағаның барлық жағынан орысша нұсқасын көргендей боламын. Жатып атарлығы, кейде «қоңқ» еткен сөзі, биязылығы, тіпті жан-жары Майраға, менің қарындасыма, әбден сеніп алғандығы, сөйте тұра жауапкершілігі, меніңше, бәрі аумайды, тура әкесі. Ал Асқардың ұлы Ілияс кімге тартқан? Бұны уақыт көрсетеді. Тағы бірде оралармыз, бәлкім...
Нұртілеу Иманғалиұлы, Қазақстанның Құрметті журналисі