Ақын
Табалдырығы киелі, қабырғасы қасиетті қара шаңырақ Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің жанындағы Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестікке мүше боламын дейтіндер жатақханада аптасына бір рет 216-бөлмеде жиналады. Бірінші курста мән бермедім бе, жоқ, ақындар аз болды ма, білмеймін, екінші курсқа келгенімізде бірлестіктің дүбірі көбейді. Мен де қатыссам деп, имене бас сұқтым. Самат Асқаров саңқылдап өлеңін жатқа айтады, көтере жайған алақанын найзадай көкке шаншып тұрып; Ертай Ашықбаев жымиып қойып, Жайықтың жылы ағысындай әр сөзін жүрекке шым-шым сіңіріп жатады... Бұлар – жоғары курстар. Бізден Нұрлан Берғазиев тосын өрнекті тіркестердің астарына зайсан ойларды балқытып жатқан ұстадай қабағын түйіп алып, күмбір-күмбір сөйлейді. Баян Бекетова Шаян өзенінің бойына өскен тал шыбықтай майысып тұрып, үзіле жаздап, үздіге күбірлейді, естіген еркектің есін алып... Мен өмірімде өзім шығарған өлеңімді ел алдында тұрып жатқа айтып көрмеген жанмын. «Оқиды» дегенге қағазға қарап оқып береді екен десем, бұлардың «оқидысы» өлеңді жатқа айту екен.
Сәлден уақытта 1-курстың ақындары шықты ортаға. Оң қолының салалы саусақтарымен ұзын шашын артқа қайырып алып, маңдайын жарқыратқан ақ сары өңді, тығыршықтай мығым денелі, қыран тұмсық, қырғи қабақты жігіт ол да құлашын сермеп-сермеп, өзгеге ұқсамайтын мәнермен өлеңдерін ортаға тастады. «Бұл – Қайрат Әлімбек» деді. Әр ақын әр өлеңін оқыған сайын дүрліктіре қол соғамыз. Кейбірі арқасы қозып, «тағы біреуін оқиыншы» деп тұрып алады. Оны жабылып жатып әрең тоқтатамыз. Бұдан соң орнынан қалың қара шашы басына сыймай, құлағының үстіне шығып, желкесін төгіле жауып кеткен, мұрты енді тебіндеп келе жатқан, қабағы ашық, ашаң жүзді, денесінің артық еті жоқ, сүйегі ірі балаң жігіт көтерілді. Неге екенін білмеймін, біреулер қол шапалақтады. «Өлеңін естімей жатып қол соққаны несі?» деп те ойланып қалдым. Сөйтсем, қошемет көрсеткендер оны бұрыннан біледі екен. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ 200-ден астам материалы әртүрлі басылымдарда жарық көріп, республикаға танымал болған, талай бәйгеге қатысып, жас тұлпар атанған, отырғандар қошеметпен қол соққан Бауыржан Жақып деген ең жас ақын осы екен. Бәрі зейін қоя ерекше ықыласпен тыңдады. Ерекше тыңдауға оның мәтін оқу мәнері, дауысының қуаты, үнінің айрықша бояуы ғана емес, өлеңінің мазмұны жетелеген еді. Оған бір емес, бірнеше өлеңін жатқа айтқыздық. Өзіңнен кейін бес жылдан соң дүниеге келген, яғни сен 10-ыншыны оқып жүргенде 5-сыныптағы бала өлең бәйгесінде артыңнан қуып жетіп, өзіңнен де озып бара жатқанын көріп тұрып, қалай көрмеген боласың. Топтың ортасына шығып, «ақынмын» деп өлең оқығаныңмен, айтқандарыңның барлығы дерлік көптің көкейіндегі сезім пернесін дөп баса бермейтінін түйсіндім. Анадан ақын болып жаратылған және Алла тағала аузына дуа салған Бауыржан сол жерде-ақ өзінің өзгеден мүлдем бөлек екенін танытқан еді. Сол Бауыржан бүгінде Алашқа аты мәлім, халық та, мемлекет те мадақ еткен, марапатқа бөленген ел ақыны болды. Оның қаламынан туған өлеңдері университет қабырғасында-ақ «Аудитория» (1984) деген атпен жарық көріп, қолдан-қолға тарап кеткен-тұғын. Одан кейін арасын суытпай жаңа жыр жинақтары жарық көріп, өлеңсүйер қауымның сусынын қандырып келеді. «Баспалдақтар» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Парус времени» (1987), «Аралым – арым, Балқашым – бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдындағы аспан» (1996), «Ақ лақ» (1997), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қызыл қайың» (2008) т.б. секілді жинақтар Бауыржан ақынды бірнеше мәрте биікке көтерді. Оның поэзия аспанына самғай көтерілуіне ең басты тұғыр – Абай мен Мұхтар Әуезовтей ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті Семей топырағы. Абай іргесін қалаған жазба ақындық мектеп пен Мұхтар шаңырағын көтерген суреткерлік әрі ғалымдық мектептің өнегесінен және сол өнеге дәстүрін қалыптастырғандардың рухы сіңген ортадан өсіп-өнген Бауыржанның ойының озық, танымының кең болмауға еш реті жоқ. Алысқа бармай-ақ, сол өңірде жүріп-ақ қазаққа аты мәлім ақын Төлеужан Смайылов және мектепте сабақ берген ұстаздары мен аудандық газеттегі Мейрамбек Жанболатов, Манар Құрманбеков, Совет Махметов, Әйгерім Сейсембина, Майсары Рақышев, Әнуарбек Мәкенов, Төлеген Жанғалиев сияқты қаламгерлердің қаршадай ұлдың талабына қанат бітіргені – шындық.
Бауыржан ақындық жолда алдыңғылардан алған танымы мен тағылымына әрқашан адалдығымен асқақтап келеді. Ақындығын сан мәрте мойындатып алған бәйгелері мен марапаттары және атақтары оқығанның да, естігеннің де мерейін асқақтатары сөзсіз.
Ұстаз
Ешкім анадан ұстаз болып тумайды. Ол үшін ұзақ жыл бала оқыту керек, ең бастысы, өзінің жолын жалғастырар шәкірт тәрбиелеуі қажет. Оқыту, білім беру, маман етіп шығару – өз алдына, шәкіртінің тұла бойына ана сүті, ата қанымен келген қасиетке қанат бітіру, тектіліктің тамырына нәр құю, қисығын түзету, түзуін өркендету – ұстаздың еншісіндегі мысқалдап жасалар ізгілікті іс. «Мына Талдықорғанның облыстық баспа үйі мен үш аудандық газетінде орын бар. Соның біріне бар. Егер құлдилап құрып бара жатсаң, арғы жағы – ауылың, сол Семейіңе қарай кетерсің. Егер өсіп-өркендеп бара жатсаң, бері қарай Алматыға келе саласың», – деген талапшыл да талғампаз декан Темірбек Қожакеевтің дуалы аузынан тағылым алған, «Сені көп іздедім. Біздер базардан қайтып бара жатқан адамдармыз, сендер енді кіріп келе жатырсыңдар. Мына журналистика факультетінде ертең сабақ беретін адамдар керек», – деп шын ықыласы, ұстаздық ақ пейілімен қанатының астына шақырған профессор Тауман Амандосовтың аялы құшағын көрген, «Тұрақсыздық – жақсы нәрсе емес. Бір орынға тұрақтап жұмыс істесең, сол жерден өсесің, өркендейсің», – деп журфакқа қимай шығарып салған әйгілі жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың ағалық қамқор көңілінен сусындаған Бауыржан Өміржанұлы журналистика факультетінде ешқайда алаңдамай, 25 жыл үзіксіз ұстаздық етті. Осы жылдарда Намазалы Омашевтың да ағалық һәм ұстаздық ұлағатын көрді. Сол 25 жылда жылына ең болмаса бір шәкірт тәрбиелеп шығарған күннің өзінде Бауыржан ұл-қызы аралас 25 шәкірт соңынан ерген ұстаз ғой. Бірақ біз білетін Баукеңді журфакті бітіргеннің бәрі де ұстаз санайды. Өйткені ол көз алдында жүрген әр студентті дара тұлға деп таныды, «анау – Ұлыбайдың, мынауым – Ортаханымның, ал әне біреуі – Кішіғалидың баласы» демеді, бәріне де ұлттың ұрпағы, халықтың ұл-қызы, елдің ертеңгі тұтқасы деп, аса бір қамқор көңілмен қарады. Әсіресе дарынды студенттерге ерекше мейірлі болды. Ол дәріс оқитын күні студенттер сабақтан қалмайды. Қыранның саңқылдаған үніндей екпінді де нақ естілетін дауысы естіген жанды елең еткізеді. Алдымен іркіліп, толықсып, лықсып-лықсып келіп, ақтарыла сарқырай аққан өзендей тоқтамай сөйлеп кеткенде оның сөздері ой төңкерердей ағынды да ықпалды, үні құлақтан кіріп, бойды алардай қоңыр да әсерлі естіледі. Көмейінен төгілген көркем тілмен көмкерілген ой маржандары жанарынан шашылған мейірім шуағымен шағылыса, құлағыңның құрышын қандырып барып жүрегіңнің түбіне шым-шым бойлап бара жатады. Ақын болған соң топтың алдында тұрғанда арқаланады, арға суарылған ақыл-парасат маржандарын ағынан жарыла төгіп-төгіп тастайды. Алқаманның алдында адал да әділ, шыншыл. Сондықтан да ақын-ұстаздың, яки ұстаз-ақынның айтқандарына шәкірттері риясыз сенеді. Ол сол ақиқатшылдығымен соңынан ергеннің барлығын баурап алды. Алдында бір рет болған жастың өзі оны ұстаз тұтып кететіні де өтірік емес. Сондықтан да ол республикамыздың қай түкпіріне бармасын, алдынан, әйтеуір, бір шәкірт құрақ ұша қарсы алады. Ол сол шәкірттерімен бақытты.
Бауыржан бүгін де ұстаздықтан қол үзген жоқ. Өзі бір кездері басқарған кафедрада – профессор. Оның «Публицистикалық шығармашылық негіздері» деп аталатын оқулығы күні кеше ғана шыққандай еді, шәкірттері қолдан-қолға ауыстырып жүргендіктен, бүгінде мұқабасы мүжіле бастады. Ұстазға бұдан артық қандай бақыт керек!
Ғалым
Біздің қоғам кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғағанның бәрін ғалым дей береді. Иә, солай болуы керек-тұғын әу баста. Алайда кейбір атақ жинағандардың артына қалдырған жазындыларын ешкім керек етпейді. Кей «кандидатпын» немесе «доктормын» дегендердің сөзінде – пәтуа, ісінде нәтиже жоқ. Кейбір «мен доктормын» деп кеудесін қаққандармен сөйлесе қалсаң, танымының тереңдігі тайдың тұяғынан аспайды. Ғылымның өзін «бармақ басты, көз қысты» саудаға салып жіберген соң, доктор атағы барлардың ғалымдығына күмәнмен қарау – заңдылық. Ондай қоғамда шын ғалымды тану қиын. Шынтуайтында, ғалым деп атағы барларды ғана айтпаймыз. Тек атағы барларды айтсақ, онда атақсыз-ақ ғылымда атан түйенің жүгін тартқан Алаш ардақтыларының аруағы кешірмейді. Ғалымды мәдениетті де өркениетті ел атағына емес, еңбегіне қарап бағалайды, құрметтейді. Ал енді адамның ғалымдығын атағына қарап бағалау дәстүрі бар қоғамда жазғаны мен айтқаны бұлтсыз аспанда шыққан айдай анық еңбектерімен ғылымның дөңгелегін алға сүйрелеп келе жатқан ғылым кандидаттары мен докторлары болады. Бірақ олар саусақпен санарлық қана. Солардың қатарында Бауыржан Жақып та бар. Мен оны алған атағына емес, жасаған еңбегінің мазмұнына бола құрметтеймін. Баукең 31 жасында ұстазы, профессор Тауман Амандосовтың жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов – публицист» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Оны болашағынан зор үміт күттіретін ғалым ретінде танытқан бұл еңбегі 1997 жылы жеке монография болып жарық көрді. Бауыржан бұл зерттеуінде тұңғыш рет ұлы жазушы әрі ғалымның өзі сүріп жатқан дәуірдің өзекті мәселелеріне және оларды шешу жолдарына ой жүгірте отырып, салиқалы пікірлерімен бұқараның санасын серпілткен замансөздік туындыларына ғылыми таным негіздері арқылы талдау жасайды. Бір дәуір мен екінші дәуірдің және сол дәуірлер тудырған екі жүйенің орын алмасу кезеңінде өмір сүрген тағдыры күрделі ғұламаның тарихтың талқысына түссе де, табиғатын жоғалтпаған күйі кемел ойларымен келешекке жол салған ұлылық сипатын публицистік туындыларын саралау арқылы дәлелдейді. Әлбетте, бұрын жиналмаған жарияланымдарын жинау, бұған дейін ауызға алынбаған мақалаларын түгелдеу де зерттеушінің орындалуға тиіс міндеті еді. Бауыржан ұлы Мұхаңның 1917 жылы 30 наурызда «Алаш» газетінде жарық көрген «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласынан бастап, 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің төрт санына қатар жарияланған «Америка әсерлері» жолсапар очеркіне дейін орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген замансөздік–журналистік туындыларының барлығын тауып, ғылыми айналымға қосты. Әрқайсысын жеке-жеке журналистік жанрлар табиғатының қағидалық қалыбына сала отырып саралау өз алдына, әлем халықтарының санасына ғұлама ғалым, ұлы жазушы ретінде берік орныққан болмысынан Әуезовтің көсемсөзгерлік тұрпатын ажыратып алып, оны ғылыми тұрғыда қоғамдық түйсікке сіңіру оңай жұмыс емес еді. Бауыржан Жақып осы міндетті толық атқарды. Мұхтар Әуезовтің осы шақтағы қоғамдық санаға қозғау салу өнерін де меңгерген және оны өз заманында уақыт талабы, қоғам қажеттілігіне қарай ұтымды пайдалана білген көсемсөзгер екендігін ғылыми жолмен дәлелдеп беріп, ғалым ретінде танылды.
Ол 41 жасында академик Зейнолла Қабдоловтың кеңесшілігімен «Қазақ публицистикасының қалыптасу және даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бауыржанның шын ғалым екендігін танытқан осы сүбелі еңбегі қазақ замансөзінің тарихи тамырын тануға жол ашты. Бұған дейінгі ұстаз – ғалымдар публицистиканы газет, журнал бетіне жарияланған туындылардан іздеп, солардың табиғатына тоқталып, өз заманының ғылыми ағымының ауанымен ғана баға беріп келсе, Бауыржан бұл салада мұзжарғыш алып кеме секілді қатып қалған қағидаларды бұзып-жарып қазақ замансөзінің тарихын ғылыми таным әдістемелерін пайдалана отырып сонау Орхон-Енисей жазбаларына дейін апарды. Бүкіл түркі әлеміне ортақ жазындылардан замансөздік нысандарды тауып, ойға тірек, уәжге дәлел ретінде пайдаланды. Бұл – публицистикатану ғылымына енгізген ең үлкен жаңалығы. Келесі жаңалығы – батырлар жырының да өн бойынан уақыт тынысы мен қоғам аужайын танытар ақпараттық-деректік сипаттарды сүзіп алып, ғылыми елекке салып елеп-екшей келе, олардың да замансөздік табиғатына тұңғыш рет ғылыми айқындамалар жасады. Бұған дейін қазақ ғалымдарының сөздік қолданысында «ауызекі публицистика» деген ұғым тілге тиек етілмеуші еді. Бауыржан қоғамдық санада елес секілді кезіп жүрген дәл осы бұлыңғыр шындықты ғылым айдынына шығарып, оның табиғатына алғаш рет түсініктемелер берді. Сөйтіп, бұл саладағы ғылыми ойдың бір адым алға жылжуына жол ашты. «Ауызша публицистика» деген аталым өмірге келді. «Ауызша публицистика поэтикасы мен генезисі» деген докторлық тақырыпқа ғылыми кеңесші болды. Бұл да – Бауыржанның айтқан ойының ғылыми сабақтастығына аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынының айғағы.
Дәл осы ауызша публицистиканың, яғни Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, шешенсөздің, («шешендік сөз» емес. – С.М.) қазақ топырағына етене екендігін және осы топырақта ерекше қарқынмен мәуелеп өсіп, жапырағын кеңге жайғандығын дәлелдеп шығуына негіз болған жыраулар поэзиясының табиғатын замансөзтану таным-түсініктері арқылы қайта саралап, әдебиеттанушылар айналып өтіп келе жатқан тың тақырыпқа да алғаш түрен салды. Яғни ол жыраулар поэзиясының қоғамдық сананың қозғаушы күші, ұлттық рухты тұтастандырушы болғандығын, публицистиканың қазақ топырағында жыраулар поэзиясы арқылы биікке көтерілгендігін ғылыми ой таразысына салып тұңғыш рет тың тұжырымдар жасады.
ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жалпы, бұқараның таным-түсінігін өркениеттік кеңістікке қарай жетелеу мақсатында тасқа басылған кез келген туындының көсемсөздік сипатын ғылыми таным тұрғысынан саралап, салмақтап барып тұжырым жасау оңай шаруа емес. Зерттеуге алған нысанның да, сол нысанның болмысын танытатын мәліметтердің де ғылыми сипаттамасын жасау үшін өзіне дейінгі айтылғандардың барлығын біліп, барлығына өзіндік көзқарасын айқындап алу керек болады. Ол үшін қаншама түндер ұйқысыз өтеді, қаншама күндер күлкісіз кетеді. Тіпті кейде бекер тер төккендей болатын кездер де болады. Ардың жүгін арқалаған адамның азабы зор болғанымен, еңбегі еш кетпейтінін уақыттың өзі күндердің күнінде дәлелдеп береді. Оған Бауыржан ғалымның ғылыми жолы куә. Қазақ көсемсөзінің тууы мен қалыптасуын Бауыржанға дейін зерделегендер Шоқан, Ыбырай, Абайдан бері қарай ғана, оның өзінде тасқа басылғандарға ғана назар аударған болатын. Назар аударғанда да бірі ұлыорыстық шовинизм ықпалынан шыға алмаса, бірі кеңес заманындағы таптық-партиялық түйсік арнасынан аса алмады, енді бірі таңдап алған нысанын қатып қалған қағидалар шеңберімен ғана өлшеп-пішті де, ғылыми сана өресі мен өрісін кеңейте алмады. Бауыржан солардың бәрінен озды. Озуына, сөз жоқ, тәуелсіз сана ықпал етті. Қазақстанның Тәуелсіздікке ие болуы ұлттық ғылыми ой-сананың еркін самғауына, ұлт тарихының ақтаңдақтарын ақиқатпен айшықтап, адамзаттық кеңістікке алып шығуына айқара жол ашып берді. Бауыржан қазақ көсемсөзінің (жазба публицистиканың) даму жолын тарихи тамырларынан бері қарай нақты болмысын анықтауға дәлел болатын деректері мол кезеңдерге арнайы тоқталды. Шоқан, Ыбырай және Абаймен шектелмей, сол замандарда қоғамдық санаға қозғау салған жеке тұлғалардың шығармашылығына және қоғам шындығын ашып айтқан, келешекке керегі жараған көсемсөздік туындылардың да табиғатына тоқталды. ХІХ ғасырда жарық көрген «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап» газет-журналдарын да, ХХ ғасырдың бас кезінде төңкеріске дейін жарық көрген және одан кейін кеңестік-большевиктік көзқарасты қалыптастыруға арналған басылымдарды да, кеңестік жүйенің өркендеуіне қалтқысыз қызмет еткен ақпарат құралдарын да, жариялылық және демократия жылдарындағы жарияланымдарды да, Тәуелсіздік жылдарындағы басылымдарды да түгел тізіп келіп, дәл бүгінгі күнге әкеледі. Осы кезеңдерде еңбек еткен, қазақ көсемсөзіне төл шығармашылығымен ықпал еткен сөзгерлерге де жеке-жеке тоқталады. Осы еңбегі арқылы ғалым Бауыржан Жақып ұлттық көсемсөздің бастау бұлақтарын сонау Орхон-Енесей бәдіздерінен бастайды да, қазақтың төл ауыз әдебиетінің маржандарымен сабақтастыра келе, солардың кейінгі жазба публицистикаға негіз болғандығын нақты дерек-дәйектер арқылы дәлелдеп шығады. Қазақ жазба публицистикасының, яғни ұлттық көсемсөздің даму эволюциясын тарқата отырып, жанрлық түрленулер мен жаңғырулар үдерістеріне де көңіл бөліп отырады. Жинақтай айтқанда, Бауыржан Жақыптың бұл еңбегі қазақ ғалымдарының ғана емес, осы мәселемен айналысып келе жатқан шетелдік ғалымдардың да қазақ публицистикасы туралы көзқарастарына төңкеріс жасағаны – шындық. Осындай ірі-ірі еңбектері оны Ғылым шыңына көтерді. Жақында ғана Қазақ ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды...
Баспагер
Ол – бүгінде Қазақстандағы маңдайалды баспагер-редакторлардың бірі. Осы қабілеті адамзат ақыл-ойының алтын сандығы, тарихтың жауһар жәдігерлерінің асыл қоры, қазақ қоғамының ақпараттық-танымдық қоймасы саналатын «Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редактор-директоры, яғни басшысы болуына негіз болды.
Азамат
Бауыржан – жаны жомарт, көңілі мәрт адам. Айналасында жүрген үлкенге де, кішіге де қаншама рет жақсылық жасады. Қаншама адамға қамқор қолын созды. Қанша жанға қайырымдылық жасады. Солардың бірде-біріне «мен саған сөйткен едім» деп міндетсінген емес. Өйткені ол өзі әу баста Алланың әмірімен ақын боп жаратылған Азамат адам.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті
Ақындық пен ғылымды ұштастырған талант
Последние статьи автора