Ақын тойы мүшәйраға ұласады
Ақжайық – қашаннан өнерлі тұлғаларға бай өңір. Солардың бірі 1944 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында туған, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын – Ақұштап Бақтыгереева.
Ақындар арасында «Жайықтың ақ шағаласы» деген атқа ие халқымыздың ақын қызының биыл 65 жылдық мерейтойы. 1966 жылы Қазақтың қыздар педагогикалық институтын бітірген, еңбек жолын “Орал өңірі” облыстық газетінде бастап, әр жылдары “Жұлдыз” журналы, “Жазушы” баспасы, “Қазақ әдебиеті” газетінде қызмет атқарған Ақұштап Бақтыгерееваның осы 65 жылдық ғұмырында “Өміртал”, “Бақыт әні”, “Қуанышым, іңкәрім”, “Наз”, “Сені ойлаймын”, “Ақ қанат”, “Ақжелең”, “Жайық қызы”, “Сүмбіле”, “Ақ шағала” жыр жинақтары жарық көрген.
Батыс Қазақстан облысы айтулы ақын қыздарының құрметіне облыстағы жас ақындар арасында жыр мүшәйрасын жариялауды жөн көріпті. «Еркіндігім, өз елім, жырла, Жайық өзенім» деп аталатын өлең бәйгесіне 14 пен 29 жас аралығындағы облыс жастары қатыса алады. Өлеңдер биылғы қыркүйектің 16-сына дейін «Жайық Пресс» ЖШС-ына жолдануға тиіс. Бәйгеде жеңіп шыққан отты өлеңдер облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланып, авторлар қомақты жүлделермен марапатталады. Осылайша ақын өз тойын өзінен кейінгі жас ақындарға қолдау көрсетумен бастамақ.