Ақтөбенің «Екі езу» эстрадалық-миниатюра театры жабылады
Ақтөбенің «Екі езу» театры әу баста халыққа интермедиялары арқылы танылған болатын. 2001 жылдан бастап театр статусын өзгертіп, мемлекеттің қарауына өтті. Мемлекеттік деген мәртебеге ие болғалы әртістер бұрынғыдай үй-үйді жағалап, репетиция өткізбейді. Тұрақты табыстары да бар болатын.
Өз алдына дербес театр болып отырған ұжым жуырда жабылады. Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы «Екі езудің» әртістерін алдын ала хабардар етіп, құлақтандыру хат таратып та берген. Бұл туралы «Екі езуді» құрып, 15 жыл бойы жетекшілік еткен Нұрлыбек Жұбатқан хабарлайды. Ол қазір Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры. «Мемлекеттік оңтайландыру саясаты бойынша «Екі езу» театр статусынан айырылады. Бірақ Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы өрімдей өнерлі жастарды далаға тастамайды. Облыстық драма театрына труппа етіп қоспақшы. Бұл дегеніміз – елдің езуіне күлкі сыйлайтын ұжымның жұмысы ешқашан тоқтамайды деген сөз», – дейді Нұрлыбек Жұбатқан. Интермедия, шағын комедияларды сахналай жүріп, ұжым Қазақстанды түгел дерлік аралап шықты. Соңғы жылдары комедиялық спектакльдерге де ден қоя бастаған эстрадалық-миниатюра театрында 17 адам еңбек етеді.