Жайдарманшы, әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы кикілжің туралы сөз етті. Әзілкеш сотқа дейін барған іс үшін кейде өкінеді. Ол өз әрекетін түсіндіріп көрді.
Бұл туралы жайдарманшы Аман Тасығанмен болған сұхбатында айтты.
“Мен кейде өкінемін. Бұл жерде мен бағдарламаны сынға алған едім, шындығында. Ләйлә Сұлтанқызын емес. Кейде қайта дұрыс болды ма деп ойлаймын. Себебі солай қарсылық танытпасақ, белең алып кетуі мүмкін еді. Мен ол туралы айтқан соң да халықтың көзқарасы өзгерген шығар. Сол себепті де бағдарлама жабылған шығар”, – деді әзілкеш.
Айтуынша, Ләйлә Сұлтанқызына қатысты дәл сол кезде көңіл-күйге ерік берген екен. Онысы үшін өкінетін сәттері болады.
“Мен эмиоциямды ұстай алмай қалдым. Сол үшін Ләйлә туралы жаздым. Кейде болады артық айттым ба, керек емес пе еді дейтін кездер. Ләйлә Сұлтанқызымен соттасқанда “Instagram” бұзып алынды. Мен ешқандай жазбасды өшірген жоқпын. Желідегі парақша бұзып алынды. Мен 20 күн қайтара алмай жүрдім. Оны кім істегенін білмеймін. Айта алмаймын. Сол кезде бірнеше жазбас өшіп кетті. Оны өзім өшірген жоқпын”, деді жайдарманшы.
Шарапов Ләйлә Сұлтанқызының заң бойынша өтеуі тиіс соманы әлі де бермегенін айтты.
“Ол кезде іс қылмыстық болды. Қазір азаматтық іске ауысты. Ләйлә 1 миллион теңгедей беруі тиіс. Әлі берген жоқ. Мен кешіре салмаймын. Соңына дейін барамын. Қадалған жерімнен қан алмай қоймаймын. Еркекпін, қоя салайыншы демеймін. Ол мүлде бөлек тақырып. Себебі, менің тойымда мен уайыммен жүрдім. Морально зиян болды. Ата-анам уайымдады. Үлкен болып өзі солай істеп тұрса, кіші болып мен кешіруім керек пе?”, – деді ол.
КТА ойыншысы, әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызы мен оның жүргізген бағдарламасын сынға алған еді. Дау халықтың көз алдында өршіп, іс сотқа дейін жетті. Істе әзілкеш жеңіп шықты. Ол өндірілген ақшаны қайырымдылыққа жұмсайтынын айтқан еді.
stan.kz