Гүлжанат МАҚҰЛЖАНОВА, жаңалықтар бөлімінің аға редакторы:
– Кез келген журналист алдымен жаңалықтар бөлімінің «қазанында» қайнамай, «пістім» деп айта алмайды. Алматы облысының бір қиыры – Райымбек ауданы, бір қиыры – Алакөл, енді бір шеті – Балқаш ауданы, осындай географиялық ауқымды өңірдің түкпір-түкпіріндегі оқиғаларды күнбе-күн эфирге дайындау ой жылдамдығын, ширақтықты қажет етеді.
Бұл бөлімдегі Қарлығаш Қайыпбекова, Қуаныш Серікқанов, Данияр Болысбекұлы, Думан Алтынбекұлы қай-қайсысының да саясат, өндіріс, тарих, мәдениет – насихаттамайтын саласы жоқ. Көкірек көзі ояу кез келген тілші үшін тақырыптық, танымдық тұрғыдан жаңалықтың үйретері мол. Жаңалықтар бөлімі – ресми тіркелмеген, атағы жоқ үлкен мектеп.
Ақпараттың тілі қарапайым болуы керек дейтін қағида бар. Бірақ қазір сол шеңбермен шектелмей, ақпараттың тілін де нәрлендіріп беріп жүрміз. Себебі адамдардың кітап оқуды сиреткен, көретіні тек көгілдір экран болған заманда тілдің нәрін, тілдің тұшымын телеарна арқылы бермесек, ұтылған жеріміз сол болмақ. Сондықтан ақпарат тілі тақ-тұқтан арылуы қажет, қайта оның құнарлы тілмен жеткізілуі келе-келе нормаға айналады деп есептеймін.
Ақпарат бөлімі – тәжірибе академиясы
Последние статьи автора