Ақкөңіл жырдың иесі еді Қанипа...
Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі, көрнекті қаламгер Қанипа Бұғыбаеваның да дүниеден өткеніне оншақты жылдың жүзі болып қалыпты.
Жыр жампозы Ілияс Жансүгіров туған өлкедегі Көкжайдақ деп аталатын алақандай ауыл бүгінде Ақын Сара атымен аталады. Өлеңдерінің құнары мол, әсершіл ақын Қанипа апайымыз осы топырақтың түлегі.
«Сезгенімнен
көп екен сезбегенім,
Орындатар бұл өмір
өз дегенін.
Бүгінімнің бағасын
айтып берер
Болашаққа берейін
сөз кезегін!..» –
деп жарық жалғаннан мәңгілік сапарына ерте аттанып кете барған, болмысымен ақ адал, ақкөңіл ақынның соңында қазақ оқырманына рухани нәр боларлық қаншама дүниесі қалды. Біз бүгін оқырман назарына Қанипа ақынның қаламдас бауыры Рәтбек Сағид-уаһастың аз-кем естелік жазбаларынан шағын үзінділер ұсынып отырмыз.
Ақынды түсіну
Қанипадай қазақтың жүз қызын көрдім. Біреуіне ұқсата алмаймын.
Өйткені ол Алладан дара жаратылған ақын еді.
Бір аяғын сәл сылти басып, кейде алдымда кетіп бара жататын. Қатарласа сала: – Тәте, қалыңыз қалай? Қайда барасыз?
– Е-е, қайда бара жатқанда... былай шығып та... – дейтін самарқау ғана.
Көбінесе мұңды кезінде жүздесетінбіз. Кейде бір дидары нұрлана жарқылдап: – Осы сен туралы бірдеме жазсам деймін. Мақала ма... негізі мақала дұрыс-ау, өлеңге біртүрлі қимаймын. Бір-екі рет оқталып көрдім. Шықпады. Өзіңді бейне бір Шыңғыс Айтматовқа ұқсатамын да жүремін. Бір қарағанда, қырыңнан келесің. Бір қарағанда, мүлде басқасың. Сірә, сенің жан дүниең біздерге, ақындарға түсініксіз осы, – дейтін баладай мінезімен.
– Ой, қойыңызшы, тәте, қайдағыны айта бересіз-ау, осы. Біз қайда, Шыңғыс Айтматов қайда! Мен әншейін, қасыңызда жүрген бір ініңізбін де.
– Жоқ, сенде бір құпия бар. Соны өзім түсінбеймін. Бәлкім, саған ғашық бола алмай жүрген шығармын, – дейтін қайран әпкем.
Мен біртүрлі ыңғайсызданып, өзімнен он алты жас үлкен адамның алдында күмілжіп, сосын барып оның болмысы бөлекше ақын екені қалт есіме түсіп, таңғалатынмын.
Тоғыз жыл көрші тұрдық. Былай қарағанда аз, ойлап қараған адамға, оның үстіне сөз деген құдіретті саралай білгенге аз уақыт емес.
Сырластық. Мұңдастық.
Түсіністік десем, өз сөзіме өзім қайшы шығатындай болып, дүдәмалданып қаламын. Жалпы, осы пенде баласына ақынды түсіндім деп айтуға бола ма өзі?
Рас, бір-екі, үш-төрт өлеңін бағалап, жұрт құрметтеп жатады. Бірнеше өлеңін, бүкіл шығармашылығын талдап, тәлімдеп, тамсанып, сыншылар дүние жазады. Дұрыс. СӨЗ атты құдіретке табыну. Бірақ ақын жанын сездім, түсіндім деген адамға өз басым, міне, имандай шын сөзім, сенбеймін.
Ақын деген болмыс мен үшін тіпті терең, тіпті шыңырау, тіпті...
Иә, солай.
Талай ақынмен таныс болдым. Талай сәттерде шамам жеткенше, солардың жан дүниесін ұғынсам деп ұмтылыс жасадым. Амал, қанша...
Менің Қанипа әпкем тіптен күрделі жаратылысты ақын еді. Оны жырларын оқыған адам біледі. Оқымағандар, кім білсін, «Е-е...» дей салар-ау деп ойлағанда, ішім біртүрлі қоңылтақсиды.
Бұдан «ақынды түсіну мүмкін емес екен ғой» деген ой туындамасын, қадірлі оқырманым. Бұл менің қиялым да, қисыным да емес. Қиын түйін. Шешімі әркімнің өз еншісінде.
...Қайран тәтем мен туралы толғанған сол мақаласын жазуға үлгере алмай кетті. Міне, және бір өкініш.
Қоштасу
Біздің де тірлігіміз үнемі оңынан келе берген бе? Дерт кешіп жатқам.
Таңға жуық суық хабар жетті. Кетіп қалыпты. Енді не істеймін деген әбігер көңілмен қатты қамықтым. Әйелім тіпті жылап жүр. Екеуінің сыйластығы жақсы еді. Кейде бірге бір шәугім шайды бөліп ішіп, әйелдерше сырласып, жарқылдап отыратын. «Мына түрмен енді қайтіп барамыз, Құдай-ау» деп, есікті бір жауып, бір ашты.
Тұрдым.
«Иә, Алла! Өзің бердің, өзің алдың.
Қазақтың сөз көгінде Қанипаның есімі мәңгілік жазылып қалды.
Берекетін бере гөр! Тәтемнің табиғатына тәнті мені де шапағатыңнан құр қалдырма!» дедім де, күрт жиналдым.
Ел әбігер.
Ұлы ақындарының бірі фәни дүниеден озып жатса, қайтсін енді. Қайтеді.
Ақынның сүйеніш-жары Қанағат ағам қара торғайдай бүрісіп, тіпті шөгіп кетіпті.
Қазақтың салтымен дауыстаған болдым.
Расында, көрісуге, жыласуға жоқ едім. Шемен жүрек баяғыда, он жеті жасымда әке-шешеден тұлдыр жетім қалғанда қатқан. Бірақ осы жолы жібіді. Әпкемнің құдіреті күшті екен. Көзімнен кәдімгідей жас шықты.
«Енді қайтеміз?» деген сұрақ туындады ағам екеуміздің арамызда.
Ағам айтады: «Өзі өмір бойы Ақсуын жырлап еді. Алай-бұлай болсам, Ақсуға жеткізгенің дұрыс деуші еді...» деп, не істерін, не шешімге келерін білмейді дағдарып.
Қайтсін енді. Мұндай кезде, өз басымыздан өткен, адамның жағдайы, әсіресе марқұмның аманатын арқалау тіпті ауыр.
– Аға! – дедім, батылданып. – Тәтем тек Ақсудың емес, күллі қазақтың қызы емес пе. Осы елдің келіні. Қазақтың топырағы ортақ. Үмбетәлі жатқан жотаны білесіз ғой. Тура сол жерден орын қарастырған оң.
– Өй, мына айтқаның да... Өзі де Үмбетәліні жақсы көретін. Талай өлең де арнаған. Тіпті көрші тұрдық қой біз кезінде...
– Ендеше тура сол жер лайық.
Менің осы уәжіме тоқтады ағам.
Сөйтіп, менің қайран да қайран ай тәтем, кезінде ұлы Жамбыл «өлеңнің қара жорғасы» деп биік баға берген шәкірті, еліміздің үлкен бір киесі Үмбетәлі Кәрібайұлы жатқан зираттың тура қасынан топыраққа енді.
Өмірі де, өлеңі де күрделі
Қанипа туралы көп жазылған. Құдай бұйыртса, әлі де жазылар. Бірақ мен өзім құрметтейтін сол авторлардан дәйектеме алғым келмеді. Мен тек өз жүрегімнен шыққан ақ адал шындығымды ақ қағазға шамамның жеткенінше түсірдім.
Мен Қанипа ақынның жырларынан көп ойдерек келтіре алар едім. Оны өйткені бір кісідей-ақ оқыдым деп ойлаймын. Болмысы бөлек ақынның ұлтым деп соғып өткен жалын жүрегін, қызға, әйелге, анаға тән сыршыл лирикасын, дүниеге сәбидей құштар романтикасын, елге, туған жерге деген шексіз махаббатын, өзі көзі жұмылғанша жырлап өткен Абай мен Қасымды, Сүйінбай мен Жамбылды, Ілиясты, Мұқағалиды... айта берсе таусылар ма. Өлеңіне жүгініп жатқым келмеді. Оның поэзиясына үңілмегендіктен емес. Әдейі. Мұны да ақынның рухына бас игендіктің бір белгісі деп ұғуларыңызды өтінемін.
Оқырман өзі іздесін. Іздесін де түйсінсін, түйсінсін де тамсансын. Соған лайық ақын Қанипа.
«Екінші дәптер» атты кітабын тарту ете тұрып: «Аяулы әкем, сіздің алақаныңыздың демеуімен өткен екінші баспалдағым ғой деп сезінемін.
Өмір бойы сіздің көз алдыңызда жоғары көтеріле беруіме, көтеріле берсем, өзімді бақыттымын дер едім.
Қос шынар, қос тауым, Апа-Аға сіздерге мұным естелік болар деп ұсынушы – қыздарыңыз Қанипа.
Құрметпен.
Алматы. 1965 жыл. Сент. 16» деп қолтаңба қалдырыпты.
Ең ардақты әке-шешесіндей болған ақын Әбу Сәрсенбаев пен оның аяулы зайыбы Ләзиза Серғазинаға арнаған.
Осы кітапты кейін үй іші сұрап алған ғой. Оқып отырып тағы бір мұңайдым.
Адам тағдыры деген оңай ма?!
Ал Қанипаның өмірі де, өлеңі де күрделі. Ондай қызға арынды Ақсудың табиғаты тағы да толғатар-ау, қазақтың алтын құрсақ анасы дарынды ақындарды тағы да табар-ау, бірақ Қанипа мәңгі дара, мәңгі жалғыз.
Солай...
Рәтбек САҒИД-УАҺАС