Ақан серінің жұмбақ ғұмыры
Киелі қазақ топырағы әншіге кенде емес. Бірақ олардың ішінде «сал», «сері» атанғаны некен-саяқ. Әуелі ойға оралары, әлбетте, ән өнерінің биік тұғырына айналған Біржан сал мен Ақан сері. «Сал», «сері» құрметіне халықтың ерекше ілтипатына ие болған, әнімен, өлеңімен, дауысымен оза шыққан жан ғана лайықты. Сұлу әйел, жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазысынан айырылған ақтаңгер әнші өмірі неге «жұмбақ ғұмыр» атанды?
Биыл туғанына 170 жыл толып отырған сері әндеріне қатысты екіұдай пікірге нүкте қояр сәт жетті ме?
Қоштасу әндерін тудырған шерлі өмір
Ән өнерін көкке көтерген Арқаның кербез сұлу Көкшетауының Қоскөл мекенінен Ақан сері Қорамсаұлы да түлеп ұшты. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Қызылжар медресесінде жалғастырған ол, қаладағы орыс мәдениетімен де аз-маз танысқан. Бай, саудагер Қорамса ұлдарының ішіндегі жасынан әнге әуес Ақан «сері» деңгейіне сай сән-салтанаттан таршылық көрген жоқ. Балуан, әнші, күйші, аңшы, өнерпаз жігіттерден маңына нөкер де ертті. Оған композитордың «Ақан сері» атты өлеңіндегі «Мен жүрмін Орта жүзге сауқым салып, жігіттің серке ардасын қасыма алып» деген сөздері айғақ.
«Майда қоңыр» әніндегі «Жүйрік ат, жақсы әйел – ер қайрағы» деу арқылы әнші төрт құбыласы тең нағыз ер-азаматтың жеті қазынасының түгел сайланып тұруы қажеттігін аңғартады. Он жыл отасқан жары, үш баласының анасы Бәтима қайтыс болғанда қайғыдан арылуға көмектескен де сол серіктері – Құлагер, Қараторғай, Базарала мен Көкжендет. Ақан сері бір жылда 60 түлкі алған Қараторғай атты бүркітін Зілқараның Әлібегінен, бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итті Сайрат төреден алған. Құлагерді қарауыл Шөкетайдан жүз сомға сатып алған. Дәл осы кезде сүйген Үрқиясы да қаза тауып, Ақтоқты ұзатылып, азаматтың жүзі сынық, жаны жүдегенде жұбанышын жануарларынан табады. Арғын-алтай Аққошқар-Сайдалының асында 300 аттан озып келген Құлагердің кейіннен Сағынайдың асында мерт болуына Ақанның ащы тілі әсер етсе керек. Мағжан Жұмабаев 1922 жылы Көкшетауға барған сапарында Ақанды көзі көрген ақсақалдардан дерек жинап жазған «Ақан сері» мақаласында: «Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға кек қалады, – дей келе, – 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді», – деген. Әншінің тауы шағылған, ал шығармашылығында шырқау биікке көтерілген тұс – Құлагердің өлімі. «Құлагер» – езілген жүректен егіліп шыққан шерлі қоштасу әні. «Көкжендет», «Қараторғай», «Маңмаңгер» де – есті жануарларынан айырылған соң қимастық пен сағыныштан туған мұңлы әндер.
Сайраған орта жүздің бұлбұлы еді
Өмірі мен шығармашылығы көп зерттеушілерді қызықтырғандықтан да, Ақан сері тұлғасы терең талдау мен тыңғылықты зерттеуден тыс қалған емес. «Сырымбет», «Ақтоқтының аужары», «Балқадиша», «Құлагер», «Қараторғай», «Көкжендет», «Маңмаңгер», «Жамал қыз», «Үш тоты құс», «Шәмшіқамар», «Майда қоңыр», «Мақпал», «Кербез сұлу», «Кепсер», «Райхангүл» әндерінің Арқаның Құлагері Ақанның әндері екеніне ешкім дау айта алмайды.
Композитор әндерін музыкалық тұрғыда тәптіштеп талдаған музыкатанушы Айгүл Байбек Ақан әндерін мынадай жанрлық топтарға бөліпті:
1. «Мұң-шер әндер» («Балқадиша», «Қараторғай», «Алтыбасар», «Құлагер», «Ақтоқтының аужары», «Көкжендет»);
2. «Жиырма бес» және «ақырғы, қоштасу әндер» («Майда қоңыр», «Шырмауық», «Әудемжер»);
3. «Аңсау, сағыныш әндер» («Мақпал», «Маңмаңгер», «Көк көбелек», «Сырымбет», «Ләйлім», «Райхан гүл»);
4. «Сал-серілік, ғашықтық әндер» («Жамал», «Шәмсіқамар», «Жылқылы бай»).
Айгүл БАЙБЕК, этномузыкатанушы, өнертану кандидаты:
– Көптеген филологтердің еңбектерінде Ақан серінің шағатай тілімен қатар, араб-парсы тілдерін жетік білгені туралы, жалпы, сал-серілердің «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын» атты шығыстың ғұлама лиро-эпостарымен жақсы таныс екені айтылады. Оған куә – Ақан сері әндерінде пайдаланатын шығыстық теңеулер мен тікелей сопылық поэзиясының желісінде жазылған әндер мен өлеңдер. Мәселен, Әсет шығармашылығын алсақ, көпшілікке танымал әндерімен қатар, оның шығыстың желісімен жазылған «Ағаш ат», «Сәлиха-Сәмен» және т.б. қисса-дастандары бар. Осы орайда, Ақан сері шығармашылығын (басқа да сал-серілердің өнерін) Шығыс мәдениетінің контекстінде қарастыра жазылған ғылыми жұмыстар қажет (музыкатануда мұндай жұмыстар саусақпен санарлық). Онсыз Ақан сері шығармашылығының қыр-сырын толық түсіну мүмкін емес. Өкінішке қарай, біз әлемге әйгілі Фирдоуси, Жәми сияқты Шығыс ақындарының шығармаларын мүлдем білмейміз. Оқу процесіне (музыканттарға) «Шығыс поэзиясы» атты курс енгізілуі қажет.
Ақанды пері иектегені рас па?
Жануар болса да сенімді серіктерінен айырылуы – серіні қоғамнан алыстатқаны ақиқат. Мағжан Жұмабаевтың мақаласында «Ақан сақау баласымен (әйелі Бәтимадан туған Ыбан атты ұлы – Ж.Ж.) Қосқөлдің сыртындағы Сарыкөлдің жағасындағы ағаш үйде жалғыз қалады. ...Ішуге де, дәретке де суды Сарыкөлден ғана алады. Сарыкөлдің суына тірі тышқан түсірмейді. Мінген атын да суармайды. Мал келе жатса, алдынан шығып айдап жібереді» делінген. Ақанды «жынды» атандырған да – осындай жат қылығы. Әрине, көрер көз, естір құлаққа әбес көрінуі мүмкін. Тіпті түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғы, төсек-орны кір болса да, әншінің асулы етке қарамай, жүріп кете беретін кірпияздығы да болған. Қайғы үстіне қайғы жамалғанда сезімі, жүрегі бар әр пенде бәрін тастап, безіп кеткісі келеді. Оған «пері иектеткен» де – елдің өсегі. Мағжанның айтуынша, Ақанның тілі улы болған. Көршісі Шөбек балалары туралы былай деген:
Тас мұрынды Бегалы,
Сар тоқалы Сердалы,
Іскен басы – Сералы,
Қотыр ауыз Мұқанәлі,
Көнтек ауыз Нұралы,
Бос сопағы – Баялы,
Ералы, Жаналы, Сайдалы –
Сауытбектің сарала иті секілді,
Енеңді ұрайынның балалары...
Боқтыбай айтқандай, пәлі-пәлі (Боқтыбай – екі сөзінің бірінде «пәлі-пәлі» деп отыратын шал екен – М.Жұмабаевтың ескертпесі)...
Уытты сөз сүйегіне таңба болған Шөбек балалары Ақанды «жынды» етсе керек-ті. Қазақтың өзі «Жақсыға – сөз, жаманға шөп ілеседі» демей ме? Мұндай сөз ерсе де, елдің ардақтысы Ақан тұғырынан түсіп, халық арасындағы құрметінен айырылған емес. Ахмет Жұбанов та: «Біреулердің «Ақанды жас ортасына келгенде жын ұрыпты» деулері де серінің аз уақыт болса да моральдік дағдарысқа кездескен кезі болатын», – деп ән дауылпазының жағдайын өнер адамы болған соң, түсініп пайымдайды.
Түйін
Анадан арда туған, Арқа ән өнерінің арғымағы Ақан сері әндері киноға, пьесаға да арқау болды. Ол туралы роман да, поэма да жазылды. Академик Ахмет Жұбановтың «Көкжендетті» әннің еркесіне балап: «Не пайда, біздің көптеген әншілеріміз осындай музыкалық мазмұн жағынан бай, орындаушылық техниканы көрсетуге жарайтын кербез де, күшті әнді айтпайды», – деген пікірі әлі де өзектілігін жоймай тұр. Біздің міндетіміз де сол – «Көкжендет», «Құлагер», «Мақпал», «Майда қоңыр», «Шәмшіқамар» сынды күрделі әндерді ұмытпай, тұнығын лайламай орындау, музыка пәнінде мектеп оқушыларына да үйрету. Ақын тағдырын, өлеңін оқып, әнін тыңдап өскен ұрпақ қана шынайы ұғынса керек.