«Ақ-Жайықтың» авторы кім?

«Ақ-Жайықтың» авторы кім?

 

Соңғы жылдары халық әндерінің қатарында болып келген шығармалардың есімдері ел есінде қалған сазгерлердің шығармалары екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденіп келеді. Мұнымен қатар авторлық қолтаңбасы айқын туындылардың кейбіреуін халық әні, ал кейбір халық әнін ХХ ғасыр композиторынікі деген жаңсақ пікірлерге де куә болып жүрміз.

Халыққа кең танымал болған «Ақ Жайық» әнінің авторлығы жөнінде әртүрлі көзқарас бар. Дегенмен төмендегі мәліметтерге назар аударып көрейік. Ең алдымен бұл әнді «Қыз Жібек» көркем фильмі арқылы жақсы білеміз. Мәселе осы жерден басталады...

Алыстан жеткен ән
«Қыз Жібек» фильмінде (1975, режиссері – С.Қожықов) тұңғыш рет пайдаланылған әннің кең тарап, тарихта қалуына орасан зор еңбек еткен, сирек кездесетін дарын иесі, композитор Нұрғиса Тілендиев еді. Ал фильмде әнді орындаған Жақсылық Зәкіров болатын.

Ж.Зәкіров Башқұртстанның Стерлитамакский ауданының Тюрюсля селосында дүниеге келген. Бүгінде Алматының Іле ауданы Екпінді кентінде тұрады. Ол Алматыға 1968 жылы мұнайшы мамандар қажет болған уақытта арнайы шақыртумен келіпті. Жақсылық аға әңгімесін былай бастады:

– Менің аталарым Батыс Қазақстан (Орал) облысы Тайпақ ауданының №12 ауылында тұрыпты. Руымыз – кіші жүз, Байбақты (Құл). Мақаш атам ауқатты адам болған екен. 1930 жылдары оның дүние-мүлкін кәмпескелеп, өзін Сібірге айдатамыз дегенді естігенде, сол түні әжеміз екеуі ұлы Шахидолланы (менің әкем) алып қашып кетеді.

Содан Башқұрт жеріне жетіп, шет жерде қала береді. Соңынан біртіндеп ағайындары да көшіп келе бастайды. Ер жеткенде әкем менің анам Нәбиғаға үйленіп, 1945 жылы мен өмірге келіппін. Бұл әнді 16 жасымда сол жақтағы қазақтардан үйрендім, олар «Туған елім» деп айтатын. Бірақ кейін жаңадан жазылған сөзімен «Ақ Жайық» деп тарады.

Бұл ертеде Жайық бойында өмір сүріп, халық басына төнген зұлматты кезеңдерде Орал өңірінен Башқұртстанға ауа көшкен қазақтардың алыс жерде ел-жұртты сағынып салатын әні екен.
Осы әннің түпнұсқасын Ж.Зәкіров «Туған елім» деген атпен орындаған.

1. Аққулар, барасыңдар сендер қайда,
Айта бер бізден сәлем туған жаққа.
Қосылып кетер едім қанатым жоқ,
Жете алмай мен жүрмін ғой
сағынсам да.
Туған елім,
Сағындым сені,
Сағындым, айналайын, туған жерім.

2. Айырылған қиын екен туған елден,
Келмейді құрбыларым алыс жерден.
Есіме сен түскенде туған елім,
Екі елі көтеремін өкшем жерден.
Туған елім,
Сағындым сені,
Сағындым, айналайын, туған жерім.

3. Аққулар, қайтасыңдар алыс жақтан,
Сағындым, сарғайдым ғой елді туған.
Осыдан аман-есен елге қайтсам,
Болар ма еді бір арманым
бағы ашылған.
Туған елім,
Сағындым сені,
Сағындым, айналайын, туған жерім.

«Туған елімді» Башқұртстандағы аз ғана қазақ жанұялары бас қосқанда елге сағынышпен айтқан. Әннің табиғаты, композициялық құрылымы мен лады, әуеннің даму желісі, ырғағы мен интонациясы батыс өңіріндегі халық әнінің бірі екендігін көрсетеді. Қайталанбалы қос тармақ құрылымындағы қарапайым мелодия бір музыкалық фраза негізінде өрбиді және қайырмасында да екінші мелотармақ әуені сәл өзгеріспен, басқа мәтінмен қайталанады.

Батыс аймағының үлгілеріне тән фригийлік ладындағы саздың дамуы бірқұрылымды тармақта. Шағын дыбыс қатарындағы әуен каденциясы халықтың көне фольклор нұсқаларындағыдай ерекше диатоникалық ладпен, төмендетілген екінші басқыш арқылы төменгі тірек тонға түсіп аяқталады. Ж.Зәкіров орындауындағы домбыра сүйемелі халық әндеріне тән қара қағыспен сүйемелденеді.

Батыс әншілік дәстүрінің жарқын өкілінің бірі С.Жанпейісова кезінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан осы «Ақ Жайық» әнінің авторлық мәселесіне арнайы хабар дайындағанда: «Кейінгі жылдарда әннің фильмді музыкамен көркемдеген Н.Тілендиевтікі деп айтылуы, кейде Жетісу халық композиторы Пішәнге телінуі, енді бірде есімі белгісіз авторларға жөнсіз жапсырылуы осы тақырыпта жасауға түрткі болды», – деген еді.

Бұл хабардың мақсаты шығарманың жоғарыда көрсетілген есімдерге телінуі негізсіз екендігін бірнеше өнер саласы мамандарының пікірімен көрерменнің ой таразысына ұсыну болды. Хабарда бүгінде «Ақ Жайық» аталатын ән төңірегінде өнер саласы мамандарының, атап айтсақ, композитор М.Маңғытаевтың, ақын Қ.Мырзалиев пен А.Бақтыгерееваның естеліктері, әнші Қ.Байбосыновтың пікірі және Н.Тілендиевтің шығармашылығы бойынша ғылыми диссертациясын қорғаған өнертану ғылымының кандидаты А.Айтуарованың музыкалық-теориялық түйіні берілді. Әрине, хабардың ең ұтымды сәті әнді «Қыз Жібек» көркем фильмінде орындаған Жақсылық Зәкіровтің естелік әңгімесі болды.

Беташардан – «Қыз-Жібекке»
Ол 1969 жылы Алматыдағы бір тойда келін бетін ашуға шақырылып, «Беташармен» қатар осы әнді орындайды. «Қонақтар менен: «Бұл әнді бұрын-соңды естімеп едік, қайдан үйрендіңіз?» – деп сұрады. Той біткен соң мені үйлеріне шақырып, қонақ қылды. Біраз әндерді орындап болған соң, «Қыз Жібек» көркем фильмін музыкамен көркемдеуші Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық материалдар іздестіріп жүргендігін айтып, осы әнді композиторға орындап беруімді өтінді. Мен «жарайды» деп келісім бердім.

Бір аптадан соң актер К.Қожабеков, Н.Тілендиевтер   мені іздеп Іле стансысына келді. Таныстық. Н.Тілендиев мені тыңдап болған соң «бір аптадан соң үйіме кел» деп шақырды. Жаспын, маған бәрі қызық, уәделі уақытта домбырамды алып, композитордың үйіне бардым. Ол телефонмен режиссер С.Қожықов пен ақын Қ.Мырзалиевті шақырып алды. Үшеуі бас қосып, осы «Туған елімді» тағы да тыңдады.

Алайда киноның мазмұнына қарай өлеңін қайта өңдеп жазуға Қ.Мырзалиевке тапсырыс беріліп, ол түнімен отырып, таңғы сағат жетіде «Ақ Жайық» деген мәтінді алып келді. Бүгінде осы поэтикалық мәтінмен елге тарап кетті. Мен сол жаңа сөзімен айтып, жаттыға бастадым. Бір айдан кейін Н.Тілендиев әнді қайталай тыңдап: «Жоқ, бұл сөз киноға келіспей тұр», – деп, ақынға тағы да тапсырыс берді. Қ.Мырзалиев енді «Зар заман» деген нұсқасын ұсынды:

1. Зар заман, құзғын заман, сүлік заман,
Туды ғой ел басына бүлік заман.
Қасірет кеудемізді басып тұрып,
Жіберді-ау тіземізді бүгіп жаман.
Аққулы мекен,
Гәккулі мекен,
Бақ-дәулет қайта айналып келер ме екен.

2. Зар заман, жауыз заман, жаман заман,
Туды бір ел басына ылаң заман.
Жатса да жер өртеніп, аспан күйіп,
Болуы мүмкін емес бұдан жаман.
Орманды мекен,
Арманды мекен,
Той-думан қайта айналып келер ме екен.

Бұл  әрине, көркем фильмнің басындағы сюжетпен үйлесімді шықты. Әуен фильм титріне осы екінші вариантымен, «Зар заман» сөзімен жазылды. Композитор маған әнді домбыраны шертіп, сүйемелдеп орындауды сұрады, бірақ мен келістіре алмадым да, өзімнің бастапқы үйренуіммен айттым», – дейді Жақсылық аға.

Есімізде болса, дарабоз әнші Ғ.Құрманғалиев шәкірттеріне «Ақ Жайықты» халық әні деп үйретіп, 1983 жылы өзінің жеке орындауында шыққан күйтабаққа Қ.Мырзалиевтің сөзіне жазылған халық әні деп жазғызған еді.

Дәстүрлі өнерге құрмет азайып кеткен кезеңде бір әннің тарихының төңірегінде үлкен ізденіс жасалып, музыка саласының мамандары тарапынан нақты дәлелдермен бекітілуі өнерге зор құрмет пен үлкен жанашырлықты байқатады. Еліміздің ортақ рухани мұрасын жинап, насихаттауда мұндай қадамдардың жасалуы – аса қажетті шара.

Егер әр өнерпаз, әр әнші, әр қазақ киелі өнерге осындай құрметпен қарайтын болса, ұлтымыздың дәстүрлі музыкасының барар жолы да ұзақ болмақ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста