«Ақ сиса ақын Мұса өткен Ақбеттауда...»
Қалың қазаққа «Ақ сиса» әнімен кеңінен танылған Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына 175 жыл толуына орай Баянауылдың Мойылды алқабында дүбірлі той өтті. Баянауылдың біртуар перзенттері құрметіне жасалған талай тойдың куәгері болған осы алқапта бұл жолы да ақбоз үйлер тігіліп, жерошақтарда қазан көтеріліп, әншілер домбырасын сайласа, атбегілер сәйгүліктерін кермеге байлады.
Төңірек түгелдей көрінетін төбе басына орнатылған Жаяу Мұса бабамыздың суретіне қарасаңыз, бүгінгі ұрпақтарының қарекетіне күлімсірей көз тігіп, батасын беріп тұрған тәрізді. Міне, күмбірлеп күй ойналған соң, сахнаға шыққан ақын жігіт арнау өлеңінің тиегін ағытты. Тойға жиналған қауым облыс әкімінің орынбасары Ә.Қ. Ғалымованың құттықтау сөзін тыңдағаннан кейін Баянауыл ауданының өнерпаздары «Қара жорға» биін биледі.
Облыс деңгейіндегі бұл тойға алыс-жақыннан келген қадірменді қонақтар да көп екен. Солардың арасынан алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай келісті сөзімен көрікті ой өрбітті.
– Жаяу Мұса бабамыздың шығармашылығы туралы пікірлер әлі қалыптасып болған жоқ. Жазушы Зейтін Ақышевтің романы мен біраз зерттеу мақалалар жазылды. Ахмет Жұбанов пен Борис Ерзаковичтің мақалаларында Жаяу Мұсаның әншілігі, шығармашылығы сөз болды. Дегенмен мұның бәрі сол заманда кеңес өкіметінің қас-қабағына қарап айтылды. Ендігі уақытта бабамыздың өмірі мен шығармашылығы жаңа дәуір тұрғысынан зерделенуі тиіс. Жаяу Мұсаның қайраткерлігі, күрескерлігі бағамдалғаны жөн. Өнері де сан қырлы. Сан алуан аспапта ойнай білген ол қазақ музыкасына жаңа сипаттар енгізген. Міне, осыны терең зерттеу үшін Қазан, Омбы мен Орынбор архивтерін ақтару керек. Жалпы, Жаяу Мұса күресі – әлеуметтік күрес. Соның астарына үңіліп, ой-пікірлер түйген орынды. Жаяу Мұса Шорман әулетінен қиянат көрген деп, жалаңдыққа ұрыну жөн болмайды. Шормановтар – қазақтың бағы мен құтына біткен әулет. Сол себепті Шорман тұқымы жайлы да жаңа заман сөзі айтылуы тиіс деп ойлаймын. Өз басым Жаяу Мұса бабамызды ұрпаққа таныту мақсатында «Ақ сиса» поэмасы мен мақалалар жаздым. Ол жақында кітап болып басылды, – деген Ғалым Жайлыбай ағамыз сөзінің соңында «Ақ сиса» поэмасынан үзінді оқып берді. Жұрт белгілі жазушы Әнес Сарайдың сөзін де ұйып тыңдады. Жазушы ағамыз Жаяу Мұса өміріне тоқтала келе, Ертістің бойындағы қазақтардың орыс отаршылдығынан шеккен зардабының әлі күнге дейін толықтай өшпегенін тілге тиек етті. Соның бірі – Павлодар қаласы атауының мызғымай, патша заманын еске салып тұрғаны. Әнес Сарай: «Қазаққа кеткен есесін қайтаратын күн туды. Олай болса, облыс орталығы атауын өзгертпей болмайды», – деп жұртқа тағы бір мәрте қозғау салды.
Мойылды алқабындағы тойға Жаяу Мұсаның ұлы Салық, қыздары Анна мен Кәсіптен тараған ұрпақтары да келіпті. Жақсының тұяқтары атынан белгілі ақын Арман Қани сөз сөйлеп, өлең оқыды. Ол – Жаяу Мұсаның жиеншары. Ал төрткүл дүние есіміне қанық ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов – Жаяу Мұсаға немере туыс. Тойда Олжас ағаның Париж қаласынан жолдаған құттықтау хаты оқылды. Әйгілі әнші, музыкант Жаяу Мұса тойына орай Павлодар қаласында дәстүрлі әншілердің аймақтық байқауы өткізілген еді. Аталмыш байқаудың қазылар алқасына ҚР-ның Халық әртісі Қайрат Байбосынов төрағалық етті. Мойылдыдағы той сахнасында байқауға қатысқан әншілер ортаға шақырылып, сый-сияпаттар табыс етілді. Жүлдегерлер жайында айтар болсақ, ІІІ орынды – астаналық Әбілхан Нұрболат, ІІ орынды – павлодарлық Самал Жакупова, І орынды баянауылдық Бекзат Әбілдин иеленді. Ал байқаудың бас жүлдесі астаналық жас әнші Сырым Мұхамеджановқа бұйырды. Сырым қазіргі уақытта Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті екен, Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының тумасы.
Жас әншілерге сонымен бірге атаулы сыйлықтар да берілді. ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі Жабай Тоғандықов атындағы сыйлықты Дина Назарбековаға Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Н.М. Күлжан тапсырды. Қазақтың тойының көркі палуандар күресі мен ат бәйгесі емес пе? Боз кілем үстіндегі белдесулер түс ауғанша жалғасып, соңынан ат бәйгесіне кезек тиді.
Әдеттегідей ең алдымен жүйріктер тоқ бәйгеге жіберілді. Он жеті шақырым қашықтықты бірінші болып Қарағанды облысының Таңшолпан атты жүйрігі аяқтады. Баянауыл ұлттық паркінің Талантливый деген сәйгүлігі – екінші, Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының аты үшінші келді. Аламан бәйгеге қосылған 12 аттың бәрі бас жүлдеге тігілген жеңіл көліктен дәмелі еді. Әйтсе де «бап шаба ма, бақ шаба ма» деген ғой. Дәл солай болды да. Тоғызыншы айналымда оқ бойы озып келе жатқан жүйрік бұрылыста екпінін тежей алмай, бәйге жолынан шығып кетті. Сөйтіп, бәйгенің алдына Қарағанды облысы Шет ауданының Тайқасқа атты жүйрігі шықты. Соңғы оныншы айналымды бірінші болып аяқтаған осы жүйріктің иесі Ерлан Ахметовке су жаңа жеңіл көліктің кілті табыс етілді. Екінші жүлдеге Баянауыл ауданының – Кочевник, үшінші жүлдеге Павлодар қаласының Айқасқа атты жүйрігі ілікті. Айтпақшы, Жаяу Мұса тойынан екібастұздықтар да жүлдесіз қайтпады. Киіз үйлер байқауында Екібастұз қаласының ақбоз үйі екінші орынды иеленді. Осы сегіз қанатты үйде той қонақтарын күткен қала әкімдігінің мәдениет бөлімі мен «Атамұра» мәдени орталығы қызметкерлерінің еңбегі алдағы кезде де жана берсін.