30 жылдан астам уақыт сахнадан түспей келе жатқан көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Әпке» пьесасының желісімен 18 бөлімді телехикая түсірілді. Қай заманда болсын өз өміршеңдігін жоғалтпаған туынды енді бүгінгі өмірдің көрінісімен көрермен көзайымына айналмақ. Бауырмалдықты ту еткен пьеса драмалық тартысқа толы оқиғасымен ерекшеленіп келген еді. Осы туындының желісімен түсірілген телехикая да тартысқа толы оқиға желісімен өрбіп, бас кейіпкер – Әпкенің бейнесі бүгінгі өмірмен астаса берілген. Телехикая оқиғасы 2000 жылдардың басы мен бүгінгі уақыт аралығында қамтиды. «Қазақстан» ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген телехикая туралы тереңірек танысу үшін бұл туындының қоюшы режиссері Мұрат Бидосовпен сұқбаттасқан едік.
– Мұрат аға, осы телехикаяны түсіру идеясы қалай туып еді, әуелі әңгімемізді осыдан бастайықшы.
– Өздеріңіз білесіздер, бұл пьеса әлі күнге дейін театр сахнасынан түскен жоқ. Қанша ұрпақ ауысса да, өз көрермендерін жоғалтпаған туынды. Оқиғасы да әрбір адамның басында болатын драмалық тартысқа толы оқиғалар. Содан жазушымен ақылдаса отырып сериал түсіруді жөн көрдім.
– Біздің білуімізше, телехикая оқиғасы бүгінгі күнді қамтыған екен. Пьесадағы оқиға желісі қаншалықты қамтылды?
– Әрине, көркем шығарманы қаз-қалпында көрсету міндетті емес. Дегенмен пьесадағы оқиғаны біз бүгінгі күнге алып келдік. Әпке образы сақталды. Оның бауырларын жеткізу үшін өзінің бақытынан бас тартуы, бар қызығын бауырларының бақыты жолында құрбан етуі бүгінгі өмірдің тынысымен байланысып берілді. Телехикая болған соң қосымша кейіпкерлер, оқиғалар қосылды. Бірақ «Әпке» пьесасындағы негізгі кейіпкерлер өз мінездерімен, өз образдарымен қалды.
– Қазір өзіңіз білесіз, отандық сериалдар көптеп түсіріліп жатыр. Бір кемшілігі – көпшілігінің сценарийі орыс тілінде жазылып, сол тілде түсіріліп, кейіннен дыбысталып жатады. Немесе орысша жазылған сценарий қазақшаға аударылады. Содан, өкінішке қарай, бірқатар сериалдарда қазақы менталитет көрінбей жатады. Сіздің бұл туындыңыз қазақ тілінде түсірілді ме?
– Қанша мықты аударма жасалса да, бәрі бірдей табиғи қалыпқа сай келмей жатады. Біз пьесаның желісімен түсіргендіктен, сценарийді де қазақша жаздық, барынша қазақы оқиғалармен өрбіте білдік және де оқиға желісінде кейбір бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді де қамтуға тырыстық.
– Көпшілік көрермен «Әпке» сериалын жылы қабылдайды деген ойдамыз. Актерлар құрамы туралы айта кетсеңіз?
– Біз жас талантты актерларды тартуға тырыстық. Басты рөлдерді елге әлі таныла қоймаған жас актерлар сомдады. Жаңа сериал болғандықтан, жаңа бейнелерді алып шығуға тырыстық. Әпкенің образын көпшілік көрерменге бейтаныс Рита Күмісқалиева, оның отбасындағы бауырларының образдарын Дарын Шыныбек, Қуаныш Керімқұлов, Айдана Асқар, Әли Тұрсынхановтар сомдады. Көбісі – Өнер академиясының биылғы түлектері. Сонымен бірге сериалда танымал Бақытжан Әлпейісов, Ерлан Біләл, Дуылға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, Шынар Жанысбекова, Гүлнар Жақыпова сияқты белді актерлар ойнады. Жаңа бейнелер осы сериалдан елге жарқырап танылады деген ойдамын.
– Жаңа сөзіңіздің басында айттыңыз, сериал болған соң пьеса сюжетін қаз-қалпында бере алмаймыз деп. Дулат Исабеков ағамыз сериалдың сценарийімен танысты ма?
– Кез келген шығарма автор үшін өзінің туған баласындай ғой. Біз сценарий жазу барысында жазушымен ақылдасып, кеңесін алып отыруға тырыстық. Өзі бұрыннан ойлап жүрген кейбір оқиға желісінің сериалда көрініс тапқанына дән риза болды. Жазушының көзқарасын толықтай ашуға тырыстық деп ойлаймын.
– Бізде қазақ әдебиетінде классикалық туындылар көп қой. Экрандау мәселесі бізде кенже қалып қалған сияқты. Осы бір жақсы бастаманы болашақта жалғастырамыз деген ойларыңыз бар ма?
– Қазір экранның заманы ғой, жастардың көпшілігі кітап оқи бермейді. Ал сіз айтып отырған қазақ әдебиетіндегі қайталанбас туындыларды экрандау қазір өте керек сияқты. Болашақта жоспарлар бар. Уақыттың сынынан өткен туындыларды экранға алып шықсақ, туындының ғұмыры тіптен ұзара түседі. Алда тағы да қазақ жазушыларының шығармаларының желісімен сериал түсіруіміз әбден мүмкін.
– Біздің білуімізше, сериал қазір толығымен дайын болып эфирге шыққалы тұр екен. Өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?
– Керемет болды деп көңіл толтыру ол шығармашылық үшін кері әсерін тигізуі мүмкін. Жаман деп ойламаймын. Бірақ шығармашылық әрқашан даму үдерісін бастан кешіреді. Осы бағытта әлі талай іздену, әлі талай мектептен өту керек екенін ойға түйіп жүресің. Шын бағасын көрермен береді. Жалпы, көрермен көңілінен шықса, біздің еңбегіміздің ақталғаны деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз. Отандық сериалдарымыздың дамуына үлесіңізді қоса беріңіз.
– Сіздерге де рақмет!
P.S.
Сүйікті шығарманы қазық еткен жаңа телехикая жақында Қазақстан ұлттық арнасынан қалың көрерменге жол тартпақ. Бүгінгі теленарықта түрлі тақырыпта түсіріліп жатқан телехикаялар ішінен бұл туындының алар орны ерекше деп ойлаймыз. Көпшілікке таныс шығарма желісімен өрбіген оқиға да жаңа көзқарастағы көрермен талғамына сай келетініне шүбәланбаймыз. Өйткені уақыт еншісінен екшеліп, талай талғам таразыдан өткен туынды өз өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды.