«Апалы-сіңлілі үшеудің» тұсауы кесіледі
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 12 сәуірден бастап орыстың әйгілі классик жазушысы, драматург Антон Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» екі бөлімді драмасының премьерасы өтеді. Қойылымның қоюшы режиссері – ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян, режиссері – Алма Кәкішева, қоюшы суретшісі – Владимир Кужель. Киім үлгісі суретшісі – Людмила Кужель, музыкамен көркемдеуші – А.Костромыкин. Пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған – белгілі қаламгер, сыншы Әлия Бөпежанова.
12 сәуірдегі премьерада ойнайтын артистер: Жандарбек Садырбаев, Шынар Жанысбекова, Данагүл Темірсұлтанова, Назгүл Қарабалина, Зарина Карменова, Құман Тастанбеков, Ерлан Біләлов, Руслан Сенкебаев, Жалғас Толғанбай, Жұмағали Маханов, Торғын Тасыбекова.
Әлем театрларында ең көп қойылатын драматургтардың бірі А.Ф.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасы қазақ театрында алғаш рет сахналанып отыр. Драма оқиғасы губерндік қалада, зиялылар отбасы Прозорвтардың үйінде өтеді. Андрейдің қарындастары, апалы-сіңлілі үшеу: Ольга, Ирина және Машаның бар арманы, басты арманы – өздері туып-өскен Мәскеуге кету. Бірақ олар қанша орайы келіп тұрса да, бара алмайды. Бір кездері Мәскеу университетінің профессоры болады деп үміт еткен ағалары болса отбасының билігін қолына алған әйелі Наташаның айтқанынан шыға алмайды. Драманың бүкіл оқиғасы Прозорвтардың және арман жетегіндегі, бірақ оның жүзеге асуы үшін шөптің басын да сындырмайтын, ерік-жігері аз, қиялмен күн өткізетін кейіпкерлердің күнделікті тыныс-тіршілігі мен бір-біріне онша үйлесімі жоқ, шым-шытырық қарым-қатынастары аясында өрбиді. Әр кейіпкердің өз драмасы және ол драманың бірнеше астар-ағыны бар. Бұл жөнінде шығармашылық топтың өз ойын білсек...
Әлия Бөпежанова, пьеса аудармашысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– «Апалы-сіңлілі үшеу» алғаш рет орыс сахнасында осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын қойылған. Қазақ сахнасында алғаш рет қойылып отыр. Классикалық қисынмен келгенде драматургияның негізгі шарты тартыс екені белгілі. Ал Чехов пьесаларында көзге ұратын, анау айтқан ашық тартыс, қақтығыстар болмайды. Кейіпкерлер күнделікті тұрмыс-тіршілігін кешіп жатады. Армандары мен шынайы өмірлері арасындағы алшақтықтан жайсыздыққа ұшырайтын, ал ол арманның жүзеге асуы жолында шөптің басын да сындырмайтын олардың әрқайсысының өз драмасы және ол драманың бірнеше контексі бар. Және де ол драма тек жеке адамның өзіне ғана байланысты емес, уақыт ағынына да байланысты. Чехов пьесасында ғасырлар тоғысындағы рухани катаклизмдер, бұрынғы өмірсалт пен жаңа өмірсалттың қайшылықтары, қоғам идеал-мұраттарының өзгерулерінен жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның және тұлғаның алдынан шығатын өзекті мәселелерді алға тартады. Өмірдің мәнін зерделеу астар ағынмен беріледі де отырады. Ал осының бәрінің біздегі бүгінгі ахуалдармен өте үндес екенін сезбеске болмайды. Мәдени-пәлсапалық контексі ауқымды сахналық туынды актерлерден нәзік те парасатты ойынды талап етеді.
Руслан Сенкебаев, актер:
– Чеховтан мен бір махаббат көре алмадым. Бұл қойылымды ә дегенде көрермен түсіне қоймайды, өйткені актерлер екінші планда сөйлейді. Актерлік жұмыстарыма көп көмегі тиетін сияқты. Менің ойнайтын рөлім – неміс Тузенбах Николай Львович. Мен кіші қыз Иринаға ғашық боламын. Спектакль соңында ғашығым үшін Соленыймен жекпе-жекке шығып қаза боламын. Әрине, маған рөлді сеніп тапсырғаннан кейін сенімді ақтауға тырысамын.
Нұржан Бексұлтанова, актриса:
– Мен бұл қойылымда үш апалы-сіңлілінің ортаншысы – Машаның рөлін ойнаймын. Меніңше, А.Чехов қатыгез драматург сияқты. Әдетте көптеген шығармалар кейіпкердің өлім құшуымен немесе керісінше – бақытқа кенелуімен аяқталады. Бұл қойылымның ерекшелігі сол – бақытсыздық одан әрман құрып біткен үмітсіздігімен бітеді. Үш қыз «Мәскеуге барсақ бақытты болар едік» деген арманмен күн кешеді. Әйтсе де сол армандары орындала қоймайды. Үш апалы-сіңлілінің арқа сүйеген ағалары Андрей өз проблемасын да шеше алмай, әйелі Наташаға жалтақтаумен өмір сүреді. Мұнда қарап отырсаңыз, тек үш қыз ғана емес, Андрей мен Наташа да бақытсыз жандар. Барон да атылады, Тузенбах та қайтыс болады. Адам бақытты өзінің ішкі жан дүниесінен іздеуі абзал. Үш қыздың трагедиясы сонда: олар бақыттың мәнісін түсіне алмайды. Бұл күнмен үндестігі аласапыран өмірде адамдар қалай бақытты болатынын білмейтін секілді. Өмірдің шешімін білмегеннен кейін бұлар бақытсыз дер едім, адамға нағыз керегі өзін зерттеуді үш апалы-сіңлілі білмей қалған сыңайлы. Бақытты мансаппен, ақшамен емес, ішкі жан дүниеңіздің тазалығымен, рухани байлығымен сараптау керек. Адам қай жерде жүрсе де, өз бақытын өзі жасайды. Әр адам «бақыт деген не?» сұрағына жауап берсе, әр адам бақытты бола алады.