«Отан үшін отқа түс, күймейсің». Бұл – батыр Бауыржан Момышұлының отты сөздерінің бірі. Осы қағиданы жадына нық түйген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің әскери кафедрасының жас сарбаздары таяуда ант қабылдау рәсімін өткізді. Бұл салтанатты шара айтулы қара шаңырақтың 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.
Алғашқы болып сөз алған әскери кафедра бастығы – «Қызыл Жұлдыз» орденінің, «Ұрыстағы ерлігі үшін» медалінің иегері, полковник, Ауған соғысының ардагері Төреханов Тұрсынбек Таукешұлы жастардың Отан қорғауға ант беру рәсімімен шын жүректен құттықтады. Бұдан кейін оқу бөлімінің бастығы, подполковник Болат Бейсебеков полковник Тұрсынбек Таукешұлына жас ұландардың ант қабылдау рәсіміне дайын екендігін жеткізді.
Қазақстан Республикасына барынша адал қызмет етуге, қорғауға үш ротадан, сегіз взводтан тұратын 209 курсант халық алдында ант берді. Ант беру рәсімінің мемлекеттік тілде өтуі бізді шын қуантты.
Бұл шараға сондай-ақ бірқатар Ауған соғысының ардагерлері мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қонақ ретінде шақырылған екен. Шара соңында ант қабылдаушылардың ата-ана, туған-туыстары әскери кафедраның тыныс-тіршілігімен, техникалық артықшылықтарымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.
Серікбай БОЙМОЛДИНОВ, «Ардагер» ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Қазақ ұлттық аграрлық университеттің әскери кафедрасының дайындығы да, техникалық құрал-жабдығы да көңіл көншітеді. Біз үнемі осындағы жастармен кездесіп тұрамыз, мұндағы жағдаймен жақсы таныспыз. Әскери тәрбие арқылы жастарға отансүйгіштік тәрбие, жүректеріне ұлттық рухтың дәні егіледі. Әрбір жас өз Отанын жан-тәнімен сүйіп, соған тірек болуы тиіс. Бейбітшілік күннің өзінде сыртқы жаудан ел қорғау ісі күн тәртібінен түскен емес.
Ант қабылдау рәсімі қазақша өтті
Последние статьи автора