«Аңшы бала» немесе қазақ қашанғы қасқырмен алыспақ?

«Балалар көретін кино жоқ», «Қазақфильм балаларды ұмытты» деп жүргенімізге біраз болып еді, баяғы «Қожа» мен «Алпамысты» аңсап... Тама берсе, тамшының да тасты тесетіні секілді, көптің тілегі ақыры киногерлердің құлағына шалынып, қимылға көшті. Рақышевтың «Менің де атым Қожасын» «пародия» немесе «плагиат» дегеннің өзінде, әйтеуір, оның да кино әлеміне қозғау салғаны рас. Данияр Саламат «Бәйтеректі» түсірді. Таяуда тағы тың туынды – «Аңшы бала» атты жаңа киноның тұсауы кесілді. Әзірге тек БАҚ өкілдері ғана көріп үлгерген фильм жайлы біз мынадай ой түйдік.
Таза қазақы көзқарас тұрғысынан қа­ра­ғанда, «асфальтта туып», тіпті бүгінде авто­бус­пен жүріп, елмен араласудан қал­ған қала баласы енді бір ауық экран мен мони­тор алдынан ұзайтын шығар. Себебі жаңа туынды кейіпкері Қамбар солай еткенде ғана ерлікке қол жеткізді. Егер анасы жазғы каникулында құмдағы ата-әжесіне апарып тастамағанда, ол да ойын автоматтарын жағалап, қаланың көңіл көтеру орталық­тарынан алысқа ұзап шыға алмай жүрер ме еді... Солайша өмір бойы иттен басқа хайу­а­нат көрмей, түйенің өзі түгіл, көлеңкесінен қорқып жүрері анық-ты. Ал қасқырмен бетпе-бет ұшырасып, тіпті оны өлтіру деген Қамбар баланың ойы түгіл, үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмеп еді... 12 жасында ауылға қыдырып барған бала ата-әжесінің бағып отырған қой-ешкісі мен түйесіне қасқыр жаудай шауып,  ақыр аяғында қарындасы­ның күндіз жанынан қалдырмай, тіпті түнде құшақтап жататын ақ лағын қасқырдың жеп кеткенін көріп ашынады. Содан белін бекем буған бала бір түнде-ақ елдің түнгі ұйқы­сын талай қашырған көкжалды ажал құштыра­ды. Солайша өзі тағдыр жазуымен қалада туып-өссе де, дала заңымен жүрген қазақы қанын дәлелдеп шығады. Фильм сцена­рийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елу­бай бұл оқиғаны бала кезінде өз басынан кешірген екен.


Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясының бастамасымен түсірілген бұл туындының қоюшы режис­серлері: Ерлан Нұрмұхаммедов пен Бека­рыс Елубай. Басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жәнел Әлікова сынды бала­лар сомдаса, елді елең еткізгені – Шо­қан қарттың рөлінде белгілі ақын Жүрсін Ер­ман­ның көрінуі.
Жүрсін ЕРМАН, ақын;
– Қарт рөліне кастинг жариялады. Асанәлі Әшімов, Саят Мерекенов сын­ды мүйізі қарағайдай әртістер тұрғанда режис­сердің мені таңдауы, әрине, алғашында таңғалдырды. Сосын, сірә, елге кино арқылы танылмаған тұлға керек болған-ау деп ойладым. Шыны керек, рөл ойнап «қырып» тастағаным шамалы.  Өзім де кезінде құмда, тура осындай шалдың қолында өсіп едім. Әкем аңшы,  зергер, ұста еді. Енді, міне, бүгінде мен өмірде болмаса да, кинода бір мезет сол марқұм әкемнің кейпінде болып көрдім. Бәріміз де ауылда өстік, сондықтан көкірегімізде ауылға деген мәңгі сағыныш жүрері хақ. Ендеше, аз да болса елдің ауасын жұтып, балалық­тың тәтті шақтарын еске түсіріп, мау­қымызды басып қайттық. Содан соң айтарлығы, әлемдегі ең сүйкімді нәрсе – баланың жүзі, ең жағымды үн – бала­ның күлкісі. Соны табиғи көрсеткен жер­лері бар, фильмдегі кішкентай қал­қанқұлақ Абылай қандай сүйкімді! Ол ойнап жүрген жоқ, өзі сондай.

Фильм философиясы
Бір баланың төңірегінде өрби отырып, жалпы қазақ тілінің мәселесін, қала мен ауыл тұрмысының айырмашылығын көр­сетеді. Баласын ауылға әкеліп тастаған ше­шесі мен әкесінің арасында бір кикілжің байқалады. Әрине, ол жағдай баланың жатса-тұрса ойынан кетпей, сәби көңіліне кірбің ұялатқанын көрмеу мүмкін емес. Міне, сондай мәселелермен қаладан қа­жып келген  Қамбарды ауыл құшақ жая қарсы алып, аз уақытта ол қидың иісін сезі­ніп, өзінің тегін таниды. Табиғатпен, мал­мен етене араласып, ең бастысы, қасқырды ғана емес, өз бойындағы үрейді жеңеді. Міне, фильмнің философиясы да – осын­да. Бұл бір десеңіз, сондай-ақ ең үлкен қуаныш Қамбар мен Самал қасқырды өл­тірмек болып кетіп, ауыл «жоғалтып» ал­ған­да, сол уайым оның әкесін де ойлан­дырса керек. Соңында баласын іздеп әкесінің өзі келеді. Ал енді кіп-кішкентай баланың қасқырды өлтіруі қаншалықты сенімді? Бұл – екінші мәселе. Бұл жөнінде Жүрсін Ерман: «Өзім де жетінші сыныпта оқып жүргенде тура осы секілді қасқыр атып алғанмын. Үйде көкем жоқ еді. Содан мені ауыл боп іздеп, тура осы кинодағы жағдайды мен де бастан кешірген бола­тынмын. Мүмкін, аздап жасандылық бар да шығар», – десе, «Қасқыр шын қасқыр ма, онда неге баланың көзінде үрей жоқ?» деген сұраққа режиссері Ерлан Нұрмұ­хам­бетов: «Киноға үш түрлі қасқырды түсірдік, бірі  – тірі қасқыр, екінші – тұлып, үшінші – компьютерлі графика. Ал баланы шын қасқырмен беттестіргенде оның жүзіндегі қорқыныш күлкі үйіретін болды, сондықтан ол кезде компьютердің көмегіне жүгіндік», – деп жауап берді.
«Аңшы бала» – Голливудта 23 елден 92 фильм қатысқан International Family Film Festival кинофестивалінде «Шетелдік ең үздік драма» номинациясы бойынша бас бәйгені жеңіп алған туынды. Ал енді оның өз елінде өз көрерменінің қандай баға берерін фильм кинотеатрларда жаппай көрсетілімге түскен соң көрерміз.

Ал бірақ...
 Бұл тек осы киноға ғана қатысты туған ой емес. Жалпы, қазақ киносы­ның тарихына үңілсек, сонау «Көксеректе» болсын, «Гауһартас», «Адамдар арасындағы бөлтірік», одан берідегі «Біржан сал», «Жерұйық», күні кеше түсірілген Ермек Тұрсыновтың «Шалы», міне, бүгінгі «Аңшы балада» да қасқырмен алысу, қасқырды өлтіріп, тыныш табу – сол тақырып. Бірінде қойына қырғидай тигені үшін алысса, енді бірінде («Адамдар арасындағы бөлтірік»), керісінше, адамдар бөлтірікті сыйдырмай өлтіріп тынады. Сонда қандай да бір қиындықты, өз бойындағы үрейді өлтіру үшін режиссерлер қазақты міндетті түрде қасқырмен алыстыруы керек пе? Ашинадан тарай­тын Көк бөрі рухты ел екеніміз, әрине, әрдайым есте ұстарлық жайт. Бірақ ендігіде біздің киногерлерімізге басқа да жағынан іздену керек секілді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста